Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сүйінбай мен Арыстанбек айтысы (13-бөлім)

Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 172 жол

Бұл жолдың жайын айтайын,
Айдаһар да бұл жолда,
Әбжылан да бұл жолда,
Жезтырнақ та бұл жолда,
Адам құтылмас жаулар бар,
Тап осы жолыңда.

Аман-есен боларсың,
Сау-саламат боларсың.
Үйіңе күндіз барма, түнде бар,
Ашуың келсе, өзіңнің
Қолыңды қолыңмен ұстағын.

Өтеген батыр сен едің,
Қырық шілтеннің
Қос бақыты мен едім.
Жолың болсын, жолдасым,
Батамды бердім жөнегін.

Онан ары жөнеді,
Мезгілсіз уақыт болғанда,
Бір ағашқа түнеді.
Жиылысып отырып,
Келе жатқан екі келіншекті көреді.

Омырауы сылдырлаған түймелі,
Үстіне зер тон кигені.
Өзі адамның сұлуы
Жақындап келмеді.

Анадай жерде отырды,
Өтеген батыр ет жеді.
Екі келіншек отырып,
Сылық-сылық күледі.
Оның да жезтырнақ екенін
Өтеген батыр біледі.
Екеуіне лақытырып жіберіп,
Екі жұдырықтай ет берді,
Етін жеп екі келіншек жөнеді.

«Жезтырнақ енді келед», – деп,
Шықты ағаштың басына,
Кешке келер қасына.
Құдай берсе, алармын,
Бұл жауыңнан шошынба?
Кешке келіп ағашқа,
Басына батыр шығады.

Екі томар жатқызып,
Үстіне шекпен жапқызып,
Басына ерді жастатып,
Осылай амал даярлап.

Адам ұйықтар уақытта
Екі келіншек келеді,
Томарға таман жетеді.
Томарды қысып жіберсе,
Қолы күтір-күтір етеді.
Бармағын қарауыл қып,
Мылтықты атып жіберді.
Жетті ажалы, жетеді.
Екеуін де атады,
Сеспестен барып жатады.
Керектерін алады,
Онан ары жөнеді,
Жол кірісіне кіреді.
Қоңыржота деген жерге кеп,
Шыққан бір дауысқа
Аң-таң қалып тұрады.
Үйдей айдаһардан
Әбжылан өтіп бара жатқанын
Бұлар тұрып көреді.
Егерде айдаһарды атса,
«Өзім өлтіретін едім», – деп,
Адамнан өтпек екен,

Айтқан сертіне жетпек екен.
Егерде жыланды атса,
Адам айдаһарға жақсылық етпек екен.

Мылтығын оқтап тұрады,
Талмаусыраған жыланды
Мылтықпен беріп қалады.
Мойнынан үзіліп,
Жығылып жерге құлады.

Сонда айдаһар мойнын бұрады,
Ұзынды күн Өтегенге қарап тұрады.
Өтеген батыр қайтады,
Не қызықтың болғанын
Жолдасына кеп айтады.

Ер-тоқымын алады,
Астына киіз салады.
Үстіне киім жабады,
Томардың басына ерді жастады,
Бөркін ердің басына тастады.
Өздері бір жыраға барып жатады,
Ертең қайтып келсе еріне,
Тастап кеткен жеріне,
Әбжыланның басымен,
Кеседей алтыны
Ер оқпанында қалады.
Үйіне келді, елі тілін алмады,

«Жылқысы жоқ жеріңе
Бармаймыз», – деп зарлады.

Ерсары мен Байсары,
Жәнтел бас болып,
Қанша айтса да болмады.
Бозіріктің басында
Өтеген батыр зарлады.
Әулиенің қасына
Елдің бәрі жиылды,
Төбедей боп үйілді.
Өтеген сонда сөйлейді:
– Жетпіс бес жыл болғанда,
Кәпір келер қасыңа.
Бисмилассыз ас ішіп,
Береке болмас асыңда,
Билік болмас басыңда.
Былдырлап келіп сөйлесе,
Тұра алмассың қасында.
Орыс келсе бұл жерге,
Түймелі шекпен кигізер,
Түрегелтіп сигізер.
Аралда жатқан еліңнің
Дінін жаман бүлдірер.

Дін мұсылман баласы,
Кең шалбарды кие алмас.
Өзіңнен туған өз балаң,

Үйде жатып тіл алмас.
Пиғылы жаман заман боп,
Сүйгенімен қыз кетер,
Білгенімен ұл кетер.
Кәпір келсе бұл жерге,
Ақтабан қып қуғызар,
Түрегелтіп сигізер.
Білмегенді білгізер,
Демегенді дегізер.
Тіл алмайтын батырды,
Зорлықпенен келгізер.
Біреуіңді жақсы қып,
Біреуіңді жаман қып,
Өз етіңді өзіңе
Бұтыңды жұлғызып жегізер.

Кәпір келсе бұл жерге,
Малыңа жұқпас деп еді,
Қаратаудың шалғыны.
Тыңдайтұғын ерлерге
Сөздің тиер салқыны.
Ойға бітер балдырған,
Ел көсемі шығады.
Өтірікті шындай жандырған,
Сөйлесе естен тандырған,
Би болып сонда шығады.
Қара тазы болар деп алдым,
Мойнына салған қарғыны,

Айналайын, Бозірік,
Ойың балық, қырың киік,
Айтқан жерге бармады,
Ел тілімді алмады,
Айтқаныма болмады.

Онда барсаң бар еді,
Қырық күншілік көлі бар,
Қырық күншілік шөлі бар.
Жесір қатын мың қой айдайтын,
Таусылмайтын жері бар.
Көлденең қарап біткен,
Жайқалып жатқан шеңгел бар,
Шабатұғын шеңгелді
Бозбаланың тері бар.
Айналайын Бозырың,
Дәретсіз ешкім бармаған.
Құс қонбаған басыңа,
Барабан қағып, жыр соғып,
Орыс келер қасыңа.
Қайран жерім, қош енді!
Шеті шәрдің пірі едің,
Оқудың еді тиегі,
Әулиенің бар сүйегі,
Үстіңе кәпір келеді.
Үкімің сонда болмайды,
Әжібектің жайлауы
Балдыберек басы еді.

Басқа ақындардың өлеңдері