Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сүйінбай мен Арыстанбек айтысы (5-бөлім)

Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 172 жол

Қоңырбөрікте Шормағым,
Қырғызға түскен қармағым.
Қырғыз, сен, қайдан оң ел едің?
Саған батқан бармағым.
Үш Алаш боп жиылсам,
Саған түсер салмағым.
Исі қазақ жиылса,
Сені оңай алмағым.

Күннің шыққан астында,
Ойсаз деген жерім бар.
Ойсазды ел жерлеген,
«Ойбикенің он ұлы» деген елім бар.
Саған сақтап қойған белім бар,
Неше түрлі бөрім бар.
Байлық, көптік, ерлікке таласып,
Маңдайда сенің сорың бар!

Айта берсем осыны,
Он екі күнде орындар
Оған қашан жетемін?
Төтесінен өтемін.
Алыста жатқан ол елді,
Айта беріп нетемін.

Олай-бұлай желейін,
Найманға таман келейін,
Ел арасын бөлейін.
Аспан жерге түседі,
Тәуекел қып көрейін.
Төбеңнен түскендей
Көп қазақты санап берейін.

Жерлеген жерін айтайын,
Қарабақыр, Шобалай,
Келтірейін жобалай.
Үріккен қойдай қырғызды,
Қазаққа теңеп обал-ай.

Мұрын менен Сыбаным,
О да менің туғаным.
Мұрын, Сыбаннан қозғасам,
Ойыңда қалмас иманың.
Сол сықылды бектерді айтқанда,
Жаныңның шықпай тұрғанын?

Біздің атты Сыбанды,
Абайлап қара, батыр-ау!
О да біздің туған-ды.
Сыбанның байлығын айтқанда,
Қырғыздың аш-арығы қуанды,
Жылағаны жұбанды.

Бірінің аты Мұрын-ды,
Батырлығын айтайын,
Қырғыз Термешік батыр келіп,
Өзінен-өзі қырылды.

Елінің бұл жақтағы шетін айтайын,
Күннің шыққан жерінде.
Бұл жақтағы шетін айтайын,
Қызарып батқан жерінде.

Сенің көптік айтқаның еп емес,
Мен бір көптік айтайын.
Жерде жатқан Қызылқұм,
Аузыңды ашпай отыр жым.
Құм құйылды көзіңе,
Жауап қайыр сөзіме.
Байлау түсті тіліңе,
Қамыт түсті өзіңе.
Берекесіз жеріңе,
Кім тұрады
Ырыссыз еліңе.

Сенің үшін қырғызым,
Байлайын белбеу беліме.
Исі қазақ жиылса,
Жоламайсың шеніме.

Байлығына қарасаң,
Бес жүз қызметкер құлы бар.
Алтын-күміс жинаған,
Есебі жоқ пұлы бар.
Бөрібай еді ұраны,
Ежелгі батыр сыралғы.
Атының басын тартпаған,
Атқан оқтан қайтпаған,
Естемес, шәншар, Ордабай.
Дұшпан үшін тудырған
Бастан еді бар Құдай!

Қазақпенен ойнама,
Ойнасаң, «өлмеймін», – деп ойлама?
Қазақтың жайы осылай.
Мұны естіп қырғыздар,
Жүректері не қылсын шошынбай,
Кетесің бір-біріңе қосылмай.

Найманнан шыққан Танеке,
Жүрген жері мереке.
Танекеден сөйлесем,
Боларсың, қырғыз, келеке.

Қырғыз, сендей кісі жоқ,
Бозасын ішіп шоқшиған.
«Манабым!» деп қақшиған.
Бұқарасының күні жоқ,
Сөйлейтұғын тілі жоқ,
Жалғыз атын саттырған,
Тірідей азап тарттырған.

Өзі жаяу жылаған,
Өзі жарлы бұқара
Көшкенде көлік сұраған.
Шоқай шарық кигені,
Жармақ көже тигені.
Күні-түні жүгіріп,
Дамылсыз байқұс жүргені.

Кісі десең қазақта,
Аш-арыққа қараған,
Нәсілі нұрдан жараған.
Үш арыстың баласы,
Он арыс болып тараған,
Жат аузына қараған.
Қырғызды шауып олжа алып,
Қос-қосына тараған.

Ат шапқан жерін шаң қылған,
Әлемдерге таң қылған.
Қырғызды шауып олжа алып,

Мінгестіріп қыздарын
Қызартып ап беттерін,
Құйысқанның қоспасын
Қып-қызыл қан қылған.

Кім жетеді қазаққа,
Қарап жүріп жолықтың
Келеке мен мазаққа.
Аз ғана еліңді көп қылып,
Түстің өзің азапқа.

Қазақ деген қандай жұрт?
Жер жүзіне батпаған,
Бір сөзін жалған айтпаған.
Жердің жүзін кернеген,
Түйесін тізіп ел көшіп,
Өзен шауып өрлеген.

Асулы жерді күзеткен,
Найзаның үшін безеткен.
Сабыр қылғын, қырғызым,
«Сабыр түбі – сары алтын»,
Сөйлеселік кезекпен.

Бұл қазаққа қарасаң,
Қора толған қой болад,
Кеудесі толған ой болад,
Таразыдай бой болад.

Кәріп пен қасірге қой беріп,
Аузы-басы май болад.

Аш-арыққа
Аттың майын береді,
Жылағанын көреді.
Жылағанын жұбатад,
Күйінгенін қуантад.
Қазақтың байын айтайын,
Ел көшкенде түйесін,
Қоңыраулап тіркеген.
Батырлығын айтайын,
Дұшпанға қылыш сілтеген.
Дұшпанды жерді көргенде,
Көк берендей түтеген.
Ақылгөйін айтайын,
Құдай нұры
Көкірегінен бітпеген.

Таудың басын жайлаған,
Жағалай бие байлаған.
Кәріп пенен Қасырдың
Оның жайын ойлаған.
Қожа мен пір келгенде,
Нар бастап тоғыз байлаған.
Кәріп пен қасыр келгенде,
Оның жайын ойлаған.
Шешендікке келгенде,

Бұлбұл құстай сайраған.
Дұшпанды жерді көргенде,
Қылышын тасқа қайраған.

Бұлбұлдан артық үн берген,
Аяннан артық күн көрген.
Қырғыздың жайын айтайын,
Қазаққа астығын сатып күн көрген.

Сүйінбай Аронұлы өлеңдері

Барлық 40 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері