Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сүйінбай мен Қатаған (3-бөлім)

Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 188 жол

Кетпен төпе жерлеген,
Талай тауды өрлеген.
Манап, бегім сондай көп,
Жүрмеген басып жерменен.
Нарын, Кемин сыртында

Құнан, атан қалады,
Көшіп кеткен жерінде.
Дүниесінің көптігі:
Жүгі сыймай қалады.
Қонып кеткен белінде.
Қалың жатқан манаптар
Жегені ылғи жая-жал,
Қаратабан Екейсің,
Сен манапқа жетпей қал!

Менің атым – Арыстан,
«Мен» дегенді кескілеп,
Талай жанмен алысқан.
Мені жеңер ақын жоқ,
Менен өтер ақын жоқ,
Көпіред өңкей ақылы жоқ!
Е, Сүйінбай, Сүйінбай!
Азын-аулақ кеп айтқын,
Қисық емес, дөп айтқын.
Өзіңді өзің мақтамай,
Құдайыңа қарасаң,
Кемітіп айтпай, тең айтқан!

Сүйінбай:
А, Қатаған, Қатаған,
Қатаған тәуір ақын деп,
Мұның несін атаған!
Көптігіңді білемін,
Екі атаның ұлысың,

Жаралған жанның бірісің.
Мен шынымен сөйлесем,
Жұртта қалған иттей боп,
Қу далада ұлырсың!

Әліңді білмей, Қатаған,
Менімен қалай ойнайсың?
Сүйінбай сынды ақынды
Жеңемін деп ойлайсың.
Қырғименен ойнаған
Ажалы жеткен торғайсың!
Аққу құстай ұшайын,
Аяғыңды тұсайын.
Көппін деп айттың, Қатаған,
Сөзіңнен осы ұстайын.
Тас тұяқты тұлпармын,
Қырқалап тауға асқанда,
Жолыңды кесіп қырқармын!
Былай барсаң Албаным,
Албанымды қозғасам,
Саған түсер салмағым.
Албанның жайын мен айтсам,
Тасырқаған тор аттай,
Сабырлаған сар аттай,
Бойыңда қалмас иманың.
Жалған сөзді көп айтып,
Бәле қуған, Қатаған,
Әркімге тиді салдарың.

Онан былай Суаным,
Аз да болса жуаным.
Аз ғана ауыл манапсың
Ешкісіндей кедейдің,
Алдыма салып қуамын.
Халықтың атын былғама,
Бүтін дүние жүзінде
Шөгіп жатқан мұнармын!
Одан қалай өтесің,
Батырлық пен ерлікке
Маған қайтіп жетесің?!

Онан бері келейін,
Күшіңді сенің көрейін,
Жауабыңды берейін.
Қатағанша жабыспай,
Алыстан орап төгейін.
Аяңдамай желейін,
Қатаған, сенің мініңді
Бастан-аяқ терейін.
Осындай үлкен жиында
Үстем болған мерейім!
Мен бұл жерде тұрмайын,
Іледен әрі өтейін,
Қызыл тілмен жетейін.
Таңбалы тасты бетке ұстап,
Желкеңді қиып кетейін.
Он екі ата ол жақта

Тарақ деген жұртым бар.
Ақкөбікті өлтірген
Орақ батыр мықтым бар.
Арғы атасын айтайын,
Толған айдай толқыған,
Қоғалы көлдей шалқыған,
Шешен тілді Балпықтан
Сыпа туған бұл жұртым
Іле өзенін жерлеген,
Сыр суындай өрлеген,
Дұшпанға намыс бермеген,
Бақ-дәулеті кернеген,
Он екі ата Жалайыр
Аршынға қолын сермеген!
Батырлық, ерлік сонда бар,
Маңына дұшпан келмеген.
Тұлпар аттар сол елде
Ақ ордада бағылып,
Дорбадан торғын жем жеген.
Алтынды шашақ найзалы,
Батыр десең сол елде,
Найзамен шаншып ет жеген.
Ажалдан бұрын өледі,
Ыңғайына көнбеген.
Сұлу десең сол елде,
Өмірде адам көрмеген!
Ерлерін сыйлап әдеппен,

Ашпаған бетін пердеден.
Батырлары жасанып,
Шаш ал десе, бас алып,
Аттары кетпес крмеден!

Онан бері Ыстым бар,
Алатаудай күштім бар.
Мен олардан қозғасам,
Қатаған, артың мұштыңдар!
Бұл Ыстымнан тараған
Ойық пенен Тілігім.
Ол елімді қозғасам,
Сырқырар сенің жілігің.
Жақпады маған қылығың.
Тыныштыққа бетің жоқ,
Тілейсің бе халықтың
Жаугершілік бүлігін.
Елді сақтау міндеті
Ақынның білсең, Қатаған,
Құрысын мұндай ырымың!

Одан былай орайын,
Жауға қардай борайын.
Көсегесі көктеген,
Батырлық пен ерлікке,
Ешбір пенде жетпеген,
Қалың жатқан Ошақты,
Атамыз қойған осы атты!
Ошақтыны айтайын

Елімнің бірі атақты.
Бұл елден де не ерлер
Болат сауыт жасатты.
Шапыраштының туысы,
Жау десе дайын жасақты.
Батыр десең онда көп,
Жасаған жауға қос атты.
Шапқыншы жауды олжалап,
Талай жерін босатты.
Қатаған жолы болмайды,
Тіл тигізіп халыққа,
Аруақты елге тас атты.
Оған тақау Сіргелі,
О да көп жұрт іргелі.
Жігітінің бәрі де
Текежәуміт мінгені.
Дүниенің қызығы,
Тамаша дәурен сүргені!
Онымен жалғас, қатарлас,
Шапырашты елім бар,
Асқар таудай белім бар.
Шапырашты еліме
Байтақ жұрттан сенім бар!
Жауын жеңген қаратып,
Тұлпар мінген жаратып,
Қай жерде менің теңім бар?!
Сұраншы, Саурық аттанса,
Сыртқы жауға өлім бар.
Қарасайлап аттансам,

Дұшпанға қазған көрім бар.
Шапырашты – қалың ел,
Жауды көрсе қашпаған,
Сабыр қылып саспаған.
Қарасай үлкен ер еді,
Ерлік пенен септікке,
Есімі елге белгілі,
Асыл заттың бірі еді.
Аруағы дүрілдеп,
Басылмай әлі келеді.
Жауды көрсе қалмаған,
Аты шапса талмаған.
Бір атаның ұлында
Онан асқан болмаған.
Серпіні кеткен алысқа,
Шыдамаған намысқа,
Шымырқанар ер еді,
Исі қазақ жиылса,
Қарасай білсін дер еді!

Сүйінбай Аронұлы өлеңдері

Барлық 42 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері