Сүйінбай мен Арыстанбек айтысы (20-бөлім)
Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 164 жол
Таудан қырғыз аспады,
Сұраншы батыр саспады.
Қырғыз-қазақ жиылса,
Онан батыр аспады.
Мың кісі келіп иірлісе,
Сабырлық қылып саспады.
Батырсынып қарсы кеп,
Қанайдың ұлы Бәйтік кеп,
Шалбарына тыштырып,
Қуып оны тастады.
Қатуланып қаттанды,
Келер жылы болғанда,
Көп Солтыға аттанды.
Көп Солтының ішінде,
Бөлекбай, Талқан деген еліне,
Қарақыстақ, Шөгір деген жеріне,
Мың бес жүз кісімен аттанды,
Бәрі бірдей шаттанды.
Таңға жуық болғанда,
Қарасайлап ат қойды,
Келіп елдің басына,
Сол кезде біреу келмейді қасына.
Төмен қарай төгілді,
Қояндай жоны бүгілді.
Қолына туын алдырып,
Тілеуберлі, Қанайдың
Қорасына ту тігілді.
Ауылында еркек қалмады,
Жарайтұғын еркекті,
Артына қолын байлады.
Жарайтұғын жылқы, сиырды
Алдына салып айдады.
Қыз-келіншек сұлуын,
Таңдағанын әкетті.
Жаудан кегі алынды!
Мінген аты астында,
Тұяғы жерді суырды,
Адымы жерді қуырды.
Сұраншыдай батырдың
Ел шапқан олжасы
Шапқан жерін шаң қылды,
Жүрген жерін таң қылды.
Мінгестіріп қыздарын,
Жылтыратып жүздерін,
Жайдақ аттың астына,
Құйысқанның қоспасын,
Жөнделместей ем қылды.
Бұл сықылды кеңесті
Қырғыз-қазақ қылмаған.
Бір айтқан сөзінен,
Өлсе-дағы таймаған.
Көңіліне келген сөздерін
Орындатпай тынбаған.
Түтікті Құрттың төрт ұлы:
Қаумен батыр біреуі,
Ақ найзасын тіреген.
Кербездігін сұрасаң,
Жорға мініп шіренген.
Шешендігін сұрасаң,
Ауыздыға жол бермей,
Сөйлеушіге сөз бермей,
Алдын ала шабады.
Батырлығына қарасаң,
Атқан оққа шабады.
Екі көзін қан басып,
Атқан оқты көз көрмей,
Хан Абылай ашық боп,
Арқа жері қашық боп,
Көрмекке көңілі асық боп,
Үш жылдай шақыртып,
Оған бір қолы тимеді.
Тимегеннің мәнісі –
Сөзге жазған дүр еді.
Айтулының бірі еді!.
Абақ пен Тарақты,
Үш жүз кісіге бас болып,
Қырғыз бен қазақтың
Шекарасын бағып жүр еді.
Шәнішқылы Бердіқожа батыр,
Үш жүз кісінің о да бірі еді
Малғары Тияқ батыр о да бір жүреді.
Жатушы еді Іленің аржағында,
Бас қосқан өңшең батыр,
Кеукел бұлақ қасында.
Іледен бері қазақ жоқ,
Исі қазақ жатушы еді,
Қаратал мен Көксуда.
Қазақ пен қырғыздың,
Екі ортасы бағылған.
Ерегіскен дұспанның,
Көңілі жаман шағылған.
Сөз майдасы сонда бар,
Сөйлеген сөзін
Бір көргенше сағынған.
Сұлулығына қарасаң:
Қызыл сары кісі екен,
Екі беттен қан тамған.
Шешендігіне қарасаң:
Таңдайынан бал тамған.
Ақылгөйіне қарасаң:
Айтқалы келген сөзіңді,
Өзі тұрып қозғаған.
Бет алдына сөз айтып,
Таңдайынан тозбаған.
Қырғыз-қазақ жиылса,
Қатары онан озбаған.
Жылқы, түйе біткен көп,
Қой деген малда есеп жоқ,
Қойшысына бақтырған.
Жақсылығы сонша бар,
Дұспанынан ақ тұрған.
Әділдігі сонша бар,
Екі даугер келгенде
Әділіне нақ тұрған.
Алатын жауы келгенде,
Қиғаштап барып шаптырған.
Ерегіскен дұспанға
Жоқ нәрсесін таптырған.
Жарым айда жиылып,
Кеп пен кеңес таптырған.
Ақыл, кеңес одан озбаған,
Жүдеп елі тозбаған.
Ақсақалын жинаған,
Қой сойып, шапан жауып,
Жақсыларын сыйлаған.
Жаман сөз елге батпаған,
Түн болғанда үйінде,
Ақ кіреуке жамылып,
Ақ найзасын қолға алып,
Үйінде ұйықтап жатпаған.
Білімділігі сонша бар,
Туғанын жатқа сатпаған.
Қатын менен балаға,
Үйде болса далаға,
Әдепті сөзді үйреткен,
Әдепсіз сөзді айтпайды.
Айтар кісі келгенде,
Айтар сөзден қайтпайды,
Сырттан дұшпан батпайды.
Ерегіскен дұспанға
Қылышын қынға саптайды.
Ерегіскен дұспанның
Бауыр етін отқа салып қақтайды.
Қырғыз-қазақ жиылса,
Онан көркем таппайды.
Реті келмей далаға
Бет алдына шаппайды.
Қарағай найза бунайды,
Көрмесе жұмасында ел-жұрты,
Сағынғаннан шулайды.
Сөйлесе кеткен кісісі,
Сөз таба алмай улайды.
Төрт ұлының біреуі –
«Батыр Жәпең» атанды.
Үйінде қарап жатпаған,
Жалған сөзді айтпаған,
Атты мінген жаратып,
Жанды аузына қаратып,
Айында жау шауып,
Олжасын алып таратқан.
Қайратына қақ тұрған,
Дұспан үшін туылған,
Қызыл қанмен беті жуылған.
Семсерін жанға байланған,