Сүйінбай мен Тезек төре (1-бөлім)
Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 149 жол
Арғы атам Әділ төре, Тезек атым,
Асып тұр Ұлы жүзден салтанатым.
Біріңнің басың жарық, қолың сынық,
Ұялмай не деп келдің, екі қатын?!
Апырмай, ай да көкте, күн де көкте,
Тақалдық құдай қосса біз де бекке.
Біріңнің басың жарық, қолың сынық,
Ұялмай не деп келдің хан Тезекке?!
Шымшықтың жүрегіндей жүрегің бар,
Қоянның сүйегіндей сүйегің бар.
Сендерді шешелерің ұл деп тауып,
Қалжа қой екеуіңе жеген шығар.
Біріңнің басың жарық, қолың сынық,
Қаштың ба қорқақтықтан, өңшең мұндар.
Мен іздеп екеуіңді бармас па едім,
Басына заман ақыр салмас па едім?!
Қолына аждаһаның түссең-дағы,
Айыпсыз ажыратып алмас па едім?!
Бірталай Албан, Дулат ел емес пе,
Ақылы хан Тезектің кең емес пе?
Жалпы қазақ баласын тегіс жисаң,
Төренің отыз үйлі жемі емес пе?!
Сақтасын патша-құдай кесірінен,
Аяққа құйған аспен тең емес пе?!
Қара қазақ былшылдап көп сөйлейді
Тезектің бір дегені ем емес пе?!
Ұрды деп жылқышылар келгеніңше,
Өлгенің тірі жүрмей жөн емес пе?!
Сендерді бүйтіп неден қара басты,
Кім сенің бақытыңды ала қашты.
Абыройың сендердің жаман емес,
Нәпақаң меніменен араласты.
Есіртіп қазақтарды қоя берсең,
Төрені қылғалы жүр аяқ асты.
Қашпастан қолға түссең бәрің бірдей,
Қай қазақ ұстар еді қоя бермей?
Қор болды, әттегене, төре басым,
Еркіме бірі көнсе, бірі көнбей.
Осы кезде: «Ассалаумағаләйкүм, алдияр», – деп,
Сүйінбай хан ордасына кіріп келеді. Жұмсақ құс мамықтың
үстінде төңкеріліп жатқан Тезек төре, екі ұрысын тастай
беріп, Сүйінбайға былай дейді:
Мен едім Абылайдың хан Тезегі,
Жылқының ұстатпайды сұр көжегі.
Ордаға құл мен құтан басып кірген,
Құдайдың бұ да болса бір кезегі.
Арғы атам Әділ төре Абылайдан,
Үш жүздің баласына даңқын жайған.
Тінтушідей ордаға кіріп келдің,
Сұраймын аты-жөнің, келдің қайдан?!
Қараша хан Әділге бұрын барған,
Бергін деп бір балаңды қолға салған.
Баламды аяқ асты қыласың деп,
Хан әділ Қарашаға бермей қалған.
Қараша хан Әділге келген екен,
Атаммен сертке тамақ жеген екен.
Кімде-кім рұқсатсыз басып кірсе,
«Ат-шапан айып» болсын деген екен.
Жылкелді, бұған кісен салмаймысың,
Бапау, сен киімін тонап алмаймысың.
Мұндардың аяғына кісен салып,
Зынданға жаяу айдап бармаймысың.
Төрт қазық аяғына қақпаймысың,
Киімін отқа өртеп жақпаймысың.
Абылай жазалыны қайтушы еді,
Жазасын жазалының таппаймысың?
Сүйінбай:
Келіп едім, хан Тезек, көрейін деп,
Сәлемін пайғамбардың берейін деп.
Аттандырған екі ұрың қолға түсіп,
Хан тақсыр, отырмысың өлейін деп?!
Ассалаумағалайкүм, Тезек төре,
Елден жылқы қоймаған кезеп төре.
Телі менен тентекті тыят десе,
Өзің ұрлық қыласың, әттегене!
Хан Тезек, төремін деп гүрілдейсің,
Қожаны сәлде киген пірім дейсің.
Үйіңе Жылкелді мен Бапау келсе,
Болғандай әжің қабыл, күлімдейсің.
Хан Тезек, қарамысың, төремісің,
Жемесең ұрлық етін өлемісің?!
Жетім менен жесірдің ақысын жеп,
Барғанда ақыретке, беремісің?!
Не басыңа күн туды ұрлық қылып,
Жарлының малын жейсің торып тұрып.
Белдеудегі байлаулы қос қаракер,
Мекеге барып па еді зорықтырып.
Ұрың түгіл, өз басың қолға түсіп,
Қазақтар өлтірмепті тобыққа ұрып.
Дүниеден бұзық та өтер, түзік те өтер,
Халайық бүйте берсең, күдер үзер.
Қоймасаң тауба қылып, бұл кесірді,
Бұл кесір бір жеріңді бұзып кетер.
Абылайдың қазанына арам салып,
Тұқымың бүйте берсең құрып кетер.
Қазаққа тауба қылып, бас ұрмасаң,
Бағыңды басыңдағы жұлып кетер.
Жетімді қылыш алып қорқытасың,
Бола ма қарамайтын обалға адам?
Дүниеде еш уақытта болған емес,
Қонаққа қылыш алып қодаңдаған.
Атағын Абылайдың былғағанша,
Құдайым жас күніңде неге алмаған?!
Ей, төре, аш көзіңді, мен Сүйінбай,
Бөркіңді ұшырамын жел-құйындай.
Қаптаған жердің жүзін қалың қазақ,
Көзіңе көрінбейді бір тиындай.
Жанымды құдай берген, құдай алар,
Құдайдың алшаңдама кенже ұлындай.
Кесіп алсаң бас міне, төре Тезек,
Өлмейтұғын адам жоқ темір өзек.
Сәлемге келген жанды қыра берсең,
Ұры төре, саған да келер кезек.
Ұрыларың басымды кесіп алар,
Өткізіп қанжығаға тесіп алар.
Сұраншы мен Саурығым қаптап келсе,
Отыз үйлі төренің несі қалар?!
Албан, Дулат, Шапырашты ел емес пе,
Ел деген шалқып жатқан көл емес пе?!
Көл толқыса, көбігін кетер басып,
Бетіндегі көбігі төре емес пе?!
Төре сайтан болғанда, көп періште,
Бір сайтанды қаққан да пері емес пе?!
Сүйінбайдың өткір сөзіне әрең шыдап отырған Тезек
төре, орнынан қарғып тұрып, ақынның қасына барып: –
Кескін-келбетіңе қарасам, кедей көрінесің, қырсығыңды
кесейін, мына жібек шапанымды шешіп ал, – дейді.
Сүйінбай:
Тұрмысың шапанымды шешіп ал деп,
Мен тұрмын шешіп алса несі бар деп.
Бір сөзді айтып едің түсі жылы,
Сүйінбай қырсығыңды кесіп ал деп.
Үйіңді жұрдай қылып үптеп алсам,
Айтарсың мұның қандай өші бар деп.
Егер де сен хан болсаң, мен құрқылтай,
Ойлама Сүйінбайдан не шығар деп?!
Мен сенен қорыққанымнан жасқанбаймын,
Қарашы, қай ісіңнен қашқандаймын?!
Егер де көтеріліп, сен желіксең,
Кеудеңді, көңіліңді басқандаймын!
Тезек төре:
Тұсында Абылайдың Бұқар жырау,
Хан Әділдің кезінде Түбек тұр-ау!
«Әр заманның бар дейді сұрқылтайы»,
Сұрқылтайым менің де екен мынау!
Атадан емес еді жолым өзге,
Болмады тоқтамасқа мына сөзге.
Үні өткір, өзі де бір зар жақ екен,
Жасырмай барлық шынды айтты көзге.