Сүйінбай мен Арыстанбек айтысы (25-бөлім)
Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 184 жол
Еліңе бүлік салдырма,
Қарап тұрып болдырма,
Сөз таба алмай қаңғырма?
Қырғыз деген халық ең,
Тобаңыздан жаңылма,
Жаңылғаның тәуір ме?!
Исі қазақ қаптаса,
Найзасына ту байлап кеп әуелі,
Қазақ болмай қайтсын ол,
Сені келіп шаппаса!
Елге салар бүлікті,
Астына мінер күлікті.
Найза салар өзіңе,
Қан құйылар көзіңе.
Бұл саған пайда емес,
Пайда да болмас өзіңе.
Айласыз жерден іс қылып,
Келтірер Құдай кезіне.
Бәйгеме менің зорлық қып,
Не болды, қырғыз, өзіңе?!
Бәйгемді шашпаң жиып бер,
Тентегіңді тиып бер?
Бекер жылқыңды алмаймын,
Алдағаныңа нанбаймын.
Етегіңнен ұстадым,
Сүйресең де болмаймын!
Пәтуалы сөзің жоқ,
Уәдеңнен кешетін,
Бұл жолыңда сенің кезің жоқ.
Жаның бар да, есің жоқ,
Боза ішкен қарның тоқ.
Қулығың бар да, қайрат жоқ,
Қылып жүрген ойрат жоқ.
Мініп жүрген көлігің,
Оңған батпан болмады.
Сенің салған бүлігің,
Озғанымды: «Қалды! – деп, –
Көңілім менің талды» – деп,
Зорлық қылдың бәйгеме.
Ісім менің әйгілі,
Түбі саған пайда емес,
Тартарсың ақыры қайғыны.
Бекер қарап жатпассың,
Мен ақ болат қылышпын,
Шапсам тасты бөлемін.
Мықтылығың осы ма,
Мықтылығыңды көремін?!
Айғай салып ақырсам,
Қырға шығып шақырсам,
Үш жүздің баласы келеді,
Ортаңнан шауып бөледі.
Не салғанын Алланың
Тәуекел қып көреді.
Зорлық қылма бәйгеме,
Бұл бәйгем менің әйгілі,
Бұл бәйгемді бермесең,
Көкірегім қайғылы.
Қарабекұлы хан Жантай,
Бітірмеймісің мұнымды?!
Солтыдан шыққан Жанқараш,
Тілеуберлі, Қанайдан,
Байсейіт, Босқай, ер Бәйтік
Бәйгемді бермей тұрсың қалайдан?!
Қырға шығып қиқырсам,
Исі қазақ қаптайды,
Күлдей қылып таптайды.
Сенің қылған бұл ісің,
Тірі жанға жақпайды.
Ата жолдас ерлерсің,
Әділеттен таймаған.
Әділетті бектерсің,
Әділетіңе салыңыз,
Әділетіңе салмасаңыз,
Айтқан тілді алмасаңыз,
Алыста деме еліміз.
Айқай салып ақырсам,
Солқылдайды беліңіз.
Егерде болмасаңыз,
Шыртылдаған ақ найзамен,
Қалың қара қазақты
Аулыңызда көріңіз.
Мұсылманшылыққа кіріңіз!
Үмбетәлі шәріміз,
Мына жиын сенікі,
Қызметің менікі,
Ат шаптырғалы жатырсың,
Ол атыңнан озған бәйгені,
Озған, я, қалған атың ала ма?
Озып шыққан Сүйінбай,
Құр далаға қала ма?
Оныңызға болмаспын,
Бекер жайға қалмаспын.
Қырғыз-қазақ жақсыларының алдында,
Қалай бұл бәйгені алмаспын?!
Қырғыздан шыққан Қашабек,
Сіз ішінде болыңыз.
Алакүшік Тоқтабай,
Сіз ішіне кіріңіз.
Бітірермін ісімді,
Кетірермін күшіңді,
Қағармын сенің тісіңді!
Қырғыз болып жиылды,
«Бір-бір жылқы берелік» деп,
Ақылменен ұйыды.
Бермек болды аттарын,
Үш күнде жиылсын атыңыз,
Егер жиып бермесек,
Ізі шу болар артымыз.
Қайшыбек берді алдымен,
Жеті жылқы, тағы берді бір атты.
Оны Тезек алмады,
Соңынан әсте қалмады.
Тасаға қойған жерінен
Қарагер атты алдырды,
Шаппай тұрып болдырды.
Тезек төре жүгендеп,
Мінді дейді астына.
Жиып берді аттарын,
Қазақ айтты даттарын.
Атты алып кеп үлесті,
Кісінің енді басына.
Бәйгеден келген Сүйінбай,
Тезек төре, Атамқұл,
Отырды оның қасына.
Дегені қолға тиген соң,
Исі жатқан қазақтың
Көңілі енді шат болды,
Шер-құмары тарқады.
«Дін мұсылман ішінде,
Мұнан жүйрік болмас», – деп,
Естіген халық айтады.
Жүз жылқы салды алдына,
Алмаған кісі қалды ма?
Бет алғаны әкетті,
Қарны ашқаны жеп кетті.
Елдің бәрі жиылып:
«Жер жетпесе, кім жетер
Сүйінбайға!» – деп кетті.
Аузынан шықса лебізі,
Шекер исі аңқиды.
Сүйінбайды көрген жан,
Туған айдай балқиды.
Дүзетіп алды бар ісін,
Оңдаған Құдай әр ісін.
Қырғыз-қазақ, білдің бе,
Сүйінбайдың мәнісін?!
Қызыр назар қылған тіліне,
Сөйлесе енді шаршамас,
Құдайдың күн мен түніне.
Сөйлесе, елді күлдірген,
Ашуланса, елді бүлдірген.
Қарсы келген адамға
Шешендігін білдірген.
Өзі адамның бұлбұлы,
Бой бермейтін дүлдүлі.
Елдің қамын ойлаған,
Қазақтың шын ұлы.
Ақыл деген онда бар,
Шешендігі мұнда бар,
Қызыл тіл бұлбұлдай сайраған.
Батырлығы және бар,
Найзаның ұшын қайраған.
Он бесін жисаң шешеннің,
Бәрін де сөйлетпестен байлаған.
Шашылған сөзді жинаған,
Тұсындағы жақсының бәрі де:
«Сүйеке» деп сыйлаған.
Сөзін тыңдаған кісілер
Екі езуін жимаған.
Қай сөзі бар Сүйінбайдың
Бұл халыққа симаған?
Бітім болып жетпіс төрт атты жинаған.
Сонда қырғыз Қайшыбек,
Қарагер атты қимаған.
Сегіз жылқы тартса да,
Оны Тезек алмаған.
«Сүйінбай жеңді» атанып,
Қырғыз-қазақ аузынан,
Содан былай қалмаған.
Сүйінбай тірі күнінде,
Алдына қара салмаған.
Жетпіс беске келгенше,
Ақылынан танбаған.
Сүйінбай қартайғанша,