Сүйінбай мен Арыстанбек айтысы (17-бөлім)
Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 176 жол
Дулаттан шыққан төрт кісі,
Сұраншыға жылап барады.
«Сенен қайрат болмаса,
Бізден қайрат кетті, – деп,
Мал мен қыз-келіншек, жарларын
Қырғыз алып кетті», – деп.
Ақбоз атын тарады,
Төртеуі бірдей алдында,
Қол қусырып зарлады.
Сұраншы сонда ақырды,
Жолдастарын шақырды:
«Андас келсін мұнда! – деп,
Нарбота келсін мұнда! – деп,
Екеуі де келсін! – деп,
Тамашаны көрсін!» – деп,
Өңкей батыр бірікті,
Үстіне жиылды,
Жаратқан хаққа сиынды.
Сұраншыдай батырдың
Ақтанау ат астында,
Өңшең кезептің қасында,
Күртіні төмен жағалап,
Жау қолтығын сағалап,
Күртіні төмен қыдырып,
Шырғанақ, тікен
Етектерін сыдырып,
Қопадан өтіп барады.
Шомбалғанға келгенде,
Жау қарасын көреді.
Ақ шатыр мен көк шатыр,
Тасқотаннан бер қарай,
Қатарынан тігіліп.
Сарттар мінген арғымақ,
Бауырынан жарап бүгіліп.
Малды сойып, от жағып,
Сұраншы тұр оны бағып.
Жау қарасын көргенде,
Андастан зәре қалмады.
Қасындағы Нарбота:
«Қайталық?» – деп болмады.
«Үш жүз кісі бұл жерде,
Әліміз кімге жетеді?
Қырық мың кісі ол екен,
Көкбар қып бізді кетеді.
Ат, лаудың аманында
Үйге қайтсақ қайтеді?»
Сұраншы сонда қылышын суырды:
– Түнде жатсам түсімде,
Шырт ұйқының ішінде,
Осы қолды қашырдым,
Сарт пен қырғызды қырыппын.
Қордайдың кезеңінен
Мен шығып тұрыппын.
Мен қашырармын қырғызды,
Оңғарды Құдай жұлдызды.
Түріңді тұрсың қашырып.
Құдайым енді бақ берсе,
Қашырармын таудан асырып.
Андас айтты уайым,
Нарбота салып қайғыны.
«Кетші, қане, көрейін?!»
Суырып алды қылышын.
«Кеш, түнге кіргенде,
Қарасайлап тиелік.
Мұнан келген бәлені,
Құдай салса көрелік?
Жейдеге найза байлалық,
Үш жүз жігітті
Үш бөлек қып айдалық.
Амалмен баралық,
Айламенен алалық.
Қашырармын жауыңды,
Қопарармын тауыңды.
Өнерді енді жұмсалық,
Сарттан шыққан маңғазға,
Құлақ салар бұл сөзге:
Сұраншы қолы келді, – деп,
Ебедейсіз мол-ды, – деп,
Қазақ-орыс салдат, – деп,
Қасына кеп толды, – деп,
Мың салдат бәрі де
Қордайдың асуын алды, – деп.
Бес жүз қазақ-орыс
Қылыш, мылтық, зеңбірекпен,
Сұраншының қасында қалды, – деп, –
Сүт пісірім уақытта,
Солар келер қасыңа,
Кімнің пәле жауар басына?
«Маған бұрын барып айтқын!» – деп, –
Жіберіп еді осында.
Естіді ме құлағың?
Сұраншының сізге айттым,
Арнап жіберген хабарын.
«Ол қазақты түсір!» – деп,
Айтқан сөзге нанбады.
Ашуланып сарттың ұлығы
Қылышымен бауыздап,
Апарып туын қандады.
Қыбыланың қызыл желі,
Соққан екен самалы.
Андастай батырдың
Қырғызға тапқан амалы.
Екі жүз жерден от қойды,
Андас бұл амалмен жарады.
Жер-дүниені мештей өртеп барады.
«Әлгінің айтқаны рас болды ма?» деп,
Сарт ұлығы жан-жағына қарады.
Жыбырлаған от шықты,
Отпен бірге оқ шықты.
От артынан оқ шықты,
Бұрқыраған шаң шықты,
«Қарасайлаған» даң шықты.
Тау жаңғыртып, жер жарып,
Құлақты тесіп барады,
Шатырдан шыға қарады.
Союлы мал союлы,
Асулы ет асулы,
Бәрі де от орнында қалады.
Қос-қолаңы шашылып,
Абиыры ашылып,
Қырғыз бен сарт қаша бастады,
Ауырын жұртқа тастады.
Ақтанау ат астында,
Сұраншы шықты бүйірінен қосылып,
Қашты жаман шошынып.
Қос-қолаңын тастады,
Быт-шыт болып қашқаны,
Ту ұстаған кісісін
Найзалап құлатты,
Қырғыздың талайын жылатты.
Үш бөлек болып қол қашты,
Өтегеннің аузында
Қолдың төменші шетін Сұраншы
Өрге қарай қайырды.
Жетім менен жесірді
Сұраншы батыр айдады,
Айырғаны зайыр-ды.
Дулаттан кісі қасына
Серік болып келмеді.
Өтегенді қыдырына
Сұраншы салды қырғынды.
Қиямет қылды бір күнде,
Басын баудай кеседі,
Қанын судай шашады,
Шөлде сарттар қырылды.
Қырық мың қолды тоздырды,
Елу сарттың басын
Бір жерде кеседі,
Ішін жарып еседі.
Адамын жиып топ қылды,
Қырық мыңдай кісі екен,
Үш-ақ күнде жоқ қылды.
Сұраншының мінезін айтайын:
Бір тасы, бір балшық
Бір қырғыздың басы,
Бір сарттың басынан
Төртеуінен, келді де мұра соқтырды.
Өтегенді қыдырына
Қырғанында қисап жоқ,
Қайратты ерде нысап жоқ.
Өтегеннің басында,
Ауыз судың қасында,
Ақтұяқ ат сонда терледі,
Жауға намыс бермеді.
Қырғанында қисап жоқ,
Шапқанында нысап жоқ,
Жау құтылмас күн болды.
Атпайтын түн болды!
Қырылған жауды атына бастырып,
Қанын судай шаштырып,
Ұрыс кегі асқынып,
Назасын жаудың бас қылып,
Аттың тұяғы қан болды,
Қырық мың кісі қырылып,
Тау-тастың бәрі де
Қимылдаған жан болды.