Сүйінбай мен Арыстанбек айтысы (6-бөлім)
Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 168 жол
Қырғыздың көрген күні жоқ,
Сөйлейтұғын тілі жоқ,
Жылаудан басқа күні жоқ,
Бұқарадан басқа міні жоқ.
Әр сөзінде жүйе жоқ,
Өз малында ие жоқ.
Матайға күнде шабылған,
Өзін-өзі шауып,
Не қылған жұрт қағынған?!
Сарыарқаға барайын,
Байлар менен бектерін
Алдыңа әкеп салайын,
Көтерілсін талайым,
Құрыр сенің маңдайың,
Суырылар сенің таңдайың!
Арқаны барып жайлаған,
Мамаға атын байлаған.
Мамаға байлаған аттары,
Құлын-тайдай ойнаған.
Ерегіскен дұшпанды,
Бір шыбықпен айдаған.
Шешендігі ұстаса,
Бұлбұл құстай сайраған.
Қасарысқан дұшпанды
Қасқартып жүріп байлаған.
Ерегіскен дұшпанның
Құйқасын тістеп шайанған.
Ақылгөйін қарасаң,
Елдің қамын ойлаған.
Батырлығы ұстаса,
Ішсе қанға тоймаған.
Арғымақ атын бүкшитіп,
Тымағын киген тікшитіп.
Арқа деген жерімде,
Арғын деген елімде,
Нелер бектер онда бар,
Нелер шорлар бар,
Нелер ерлер онда бар,
Нелер байлар онда бар!
Жүз түйеге қос артқан,
Жүз түйеге шайнек пен мосы артқан.
Жүз түйеге ділдә артқан,
Биыл емес жылда артқан.
Арғын деген елімде,
Қаракесек шорым бар.
Менімен айтысып, қу Қатаған,
Маңдайыңда сорың бар.
Тобықты деген бір елім,
Тобықтыдан шыққан Құнанбай,
Жасында орысқа айланған.
Патшаменен бір жүріп,
Дін мұсылман үстіне,
Шешім топқа сайланған.
Қырық жасқа келгенде,
Ақырет қамын ойлаған.
Жүз мың теңге жиып ап,
Меке барған асығып.
Кебежеге теңделіп,
Түйеге мінген асығып.
Мекеге тәкие салдырып,
Жүз мың теңге шашылып,
Мекеге тәкие салдырған.
«Ол теңгем жетпес», – деп,
Артынан теңге алдырған.
Құнанбайдың тәкиесі,
Қазақтың салған белгісі,
Қазақтың артық үлгісі.
Қырғызда жоқ екен,
Орын тапқан іргесі.
Қырғыз бен қазақтан,
Асып туған Құнанбай,
Құлпырып шыққан арандай,
Көктемде шыққан сыраңдай.
Мұның несін «жыршы» деп,
Алып келдің ұялмай?
Екі езуді күлкіден
Отырарсың жия алмай.
Ақырында қаларсың,
Орныңнан тұра алмай.
Қызылжар, Семей,
Орынбор, Қарқаралы,
Ат шапқан соң
Ел кетер тарқағалы.
Мылтығыңды түтетіп отырсаң да,
Сүйінбай сөйлестен
Сөзінен қайта ма әлі.
Қуандықтың ішінде,
Мұсабай, Көпесбай, Қарынбай,
Ерге дәулет қона ма, бақ дарымай.
Көзге басар қырғызда бір байың жоқ,
Жүр ме едің, қырғыз, жарымай?
Бір анасының баласы,
Атығай мен Қарауыл,
Әр қайсысы әр ауыл.
Арқаның малтақ басы мінгені,
Жүз-жүзден боталайды,
Түйесі мен інгені.
Талай қырғыз малын бағып,
Көптен оған сіңгені.
Қосетек қой кигені,
Сұлу қыз ғой сүйгені.
Әйелінің бәрі де аттарына
Алтыннан кілем жаптырған.
Кебісінің өкшесіне
Алтыннан қоңырау тақтырған.
Малдарына қарасаң,
Малайларға бақтырған.
Сый-сияпатына қарасаң,
Қонақ қонса кешіне,
Он екі кісі нақ тұрған.
Онан төмен келейін,
Сыр бойына желейін.
Сыр бойында екі ананың баласы,
Баласын айтып берейін.
Орта жүздің баласы,
Келді сөздің сарасы.
Қоңырат деген көп елім,
О да жатқан бек елім.
Сырдың бойын жайлаған,
Сазға бие байлаған.
«Алтай Тоқа» ұраны
Жаудан қайтар ел ме екен?
Сырдың бойын жағалап,
Аттарын мінген тағалап,
Бір өзін жүз кісіге бағалап.
Одан байлық өтпеген,
Қыз-келіншек шөгеріп,
Түйе деген малының
Есебіне жетпеген.
Бақ пен Қыдыр қасынан,
Тепкілесе кетпеген.
Қоңыраттың бір байын айтып берейін,
Асылбай деген байы бар.
Он мың жылқы есеп жоқ,
Жеті мыңын желіге байлаған,
Саналмаған құлын мен тайы бар.
Бұл қырғыздың неменеден ойы бар?
Жақсылар айтып қозғаған,
Асылбайдың өзінен,
Жеті мың түйе боталап,
Ботақаны боздаған.
Бір-бір атқа мініп ап,
Қошамет қой қылғаны.
Қарсаң-Керней елім бар,
Үйрек ұшып, қаз қонған,
Орта түспес көлім бар.
Қарсаң-Керней көп елім,
Қояныш, Тағай бел елім.
Көңілің қалар, жарқыным,
О да менің өз елім.
Одан былай Керейім,
Керейімді терейін.
Сенен келген пәлені,
Етегім түріп көрейін.
Одан былай «Жетіата» деген елім бар,
Жанқұтты деген бегім бар.
Жанқұттының нақылы,
Қырғыз бенен қазаққа,
Үлгілі болған ақылы.
Қырғыз, сенің ісіңнің,
Сірә, бар ма мақұлы?
Аузың асқа жарымай,
Тақымың атқа жарымай,
Өтің жылап жарылмай.
Тай шұбар, Құнан шұбар, Дөнен шұбар,
Алтай Тоқа Арғынның деген жері.
Мылтыққа салып қойған мен бір пестон,
Асқынсаң ажалыңның келген жері.