Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сүйінбай мен Арыстанбек айтысы (22-бөлім)

Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 170 жол

Төрт асылдың біреуі:
Көп қатынның көп ұлы.

Үш ағасы сүйеуі,
Күмістен болған күрегі,
Асылдан болған жүрегі.
Үш ағасына сүйеніп,
Жаннан қорықпай жүреді.
Баласы оның көп еді,
Қанша дұспан келсе де,
«Мен Тоқтамын» деп еді.
Ерегіскен дұспанды
Орын қуып жебеді.
Он сегіз ұлы тұрғанда
«Кім батады?» деп еді.

Ат байлаған ақырға,
Кісі келсе шатырға.
Қол қайыры көп еді,
Ғарып пенен бақырға.
Үш ағасы тұрғанда,
Осалсынып отыр ма!

Құлмырза мен Байкөбек,
О да Дәулет ұлы еді.
Мұны бұқара біледі,
Ерегіскен дұспанды
Қаршығадай іледі.
Шұршытпай, Шалкөз батыр боп,
Төрт беренге жақын боп,
Қылған ісі мақұл боп.

Шешендігін айтайын:
Таңдайы тұрған тақылдап.
Бөтен бұзық ісі жоқ,
Туысқаны тұр мақұлдап.

Сөз бастаған нұсқадан,
Тірі жаннан қорықпаған.
Ақ сауытын жамылған,
Сыпыра түйме тағынған.
Бір көрген кісісі,
Көргенше қайтып сағынған.
Жаман жерге барғанда,
Етек-жеңін қағынған,
Ақ сауытын жамылған.

Айтқан сөзі балдай боп,
Қылған ісі тамдай боп,
Екі көзден от шығады
Түнде жаққан шамдай боп.

Батырлығын айтайын:
Дұспанды шауып бұлданған.
Жауды шауып, кісі алып,
Жесір-жебірді қолдаған.
Кербездігін айтайын:
Патсайы, баршаны
Аяғына шұлғанған.

Мырзалық одан өтпейді,
Оның айтқан бір сөзін
Ешкім бұзып кетпейді.
Тамам халық жиылса,
Төртеуінен өтпейді.
Біреуменен керіссе,
Кегін әсте бір алмай,
Ойынан кегі кетпейді.

Кенже құлы сүтпен жетілген,
Ұлы жүз боп жиылса,
Алдына кеп өтінген,
Дұспанын шауып кетілткен.
Құлмырза мен Байкөбек,
Дәулеттің еді кенжесі,
Бір Алланың пендесі.

Туын ешкім жықпаған,
Ақырып келсе дұспанға,
Үнінен ешкім шықпаған.
Оны көрген дұшпандар
Тасалап тауды ықтаған,
Дұспаны бар ма жықпаған,
Найзасы бар ма сұқпаған,
Қылышы бар ма шаппаған?!
Оның айтқан ақылын
Ешбір пенде таппаған.

Қарағай найза қолға алып,
Оны алып сарнаған,
Сөз бастаған арнадан!
Сан дұспан келіп жабылса,
Ақылынан танбаған.
Айғайласып келгенде,
Дұспаны бар ма алмаған?
«Бәленше қайда?» деп,
Жанның бәрі сағынған.
Дұспанды жерді көргенде,
Айдаһардай шабынған.
Ерегіскен дұспанның,
Басына қылыш шабылған.
Болысатын кісіге
Ақыл-кеңес табылған.

Аққарабас қой қаптаған,
Жылап келген кісіге,
Жылқы сойып, қой берген.
Қарны ашып келген кісіге,
Ет қосып, шай берген.
Дәулетін көлден мол қылып,
Таусылмайтын жай берген.

Жылқыны бөлек баққызған,
Жорға, дөнен, саяғын.
Қолы жеткен уақытта,

Кім құшақтап жыламаған,
Алтыннан болған аяғын.

Жылқара деген о дағы,
Бір қатынның баласы,
О да аналардың панасы.
Едіге шықты батыр боп,
Таныбек шықты жақын боп,
Таңдайы сөзге тақылдап.
Төрт атаның баласы
Сөзін кетті мақұлдап.

Қыдырлы болды шайырлы,
Айтқан сөзі зайырлы.
Ғарып пенен кәсірге
Өзі және қайырлы.
Аш-арыққа қарасқан,
Не қылғаны жарасқан.
Мырзалыққа келгенде,
Қатарына таласқан.

Жылқы мен қойды айдаған,
Дүниесін сайлаған.
Дұспанына оқ атқан,
Егескен жауларын
Бет қаратпай құлатқан,
Ағайын-туған жөнінен,
Ынтымағын ойлаған.

Мен бұл жерде тұрмайын,
Шақпақ тасты қырлайын,
Түбіңе жетпей тынбайын!
Мен бір емен ағаштай,
Білемесе сынбаймын.

Сөз бастаған бұлбұлмын,
Топ бастаған дұлдұлмын.
Судан шыққан сүйрікпін,
Жаннан озған жүйрікпін.

Шапсаңда менен озбайсың,
Шатпақтап әрнемені қозғайсың.
Мен бұл жерде тұрмаймын,
Алатаудан асайын.
Кер тобылғы Кенбейді,
Қызыл тілмен басайын.
Ерегіссең менімен,
Қаныңды судай шашайын.
Ойыңдағыны ойда айтып,
Қырдағыңды қырда айтып,
Жердегіңді жерде айтып,
Таудағыңды тауда айтып,
Тастағыңды таста айтып,
Екі көзіңді қасқайтып!

Мен көрмеген ел бар ма,
Мен көрмеген жер бар ма?

Барып едім сол жаққа,
Сәру менен саяққа.
Құсшы деген еліңнің
Бардым да қондым біріне.
Таң атқанша дірілдеп,
Жата алмадым үйінде.
Жырық қара үйі бар,
Пұшық қара биі бар,
Бәрекелді қырғызға,
Пұшық қара би қойып,
Келген екен күйіне,
Көрпесі жоқ үйінде.

Билігі жоқ басында,
Текемет жоқ астында,
Құрыған қырғыз сол екен,
Қоңсысы жоқ қасында.
Қатынына қарасаң,
Жаулығы жоқ басында.

Басқа ақындардың өлеңдері