Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сүйінбай мен Арыстанбек айтысы (14-бөлім)

Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 170 жол

Өркештенген тасы бар,
Қымызы бар арақтай,
Ішкен кісі мас еді.
Кәпір түсер қасыңа,
Қайран жерім, қош енді!

Бектер үшін жаралған,
Ойқарағаш, Тәшкент
Ортаңнан Келес ағады,
Орысың үйді салдырар.
Мұсылманның көңілі
Отырып болдырар.
Не қыларын біле алмай,
Басы сонда қаңғырар.
Тілімді жұртым алмады,
Амандықта ауып кетсең не қылар?
Өтіп кеткен бұл істі,
Ойлай-ойлай сағынар.
Шымкент пен Сайранбай
Әулиенің кені еді.
Самарқанда сансыз бап,
Сайрамдағы сансыз бап,
Түркістандағы түмен бап,
Тілімді алсаң, ел-жұртым,
Ден сау күнде орын тап!
Әулиеата, Бектеуата, Бекәзім,
Бектеуата қара жол жүрер қасыңнан,
Қасиет қашар басыңнан.

Аспара мен Меркім-ай,
Жатушы едім еркін-ай.
Асы, Иорбас, аршалы,
Саудагер киер баршаны.
Елім тілімді алмады,
Айтып-айтып шаршады.

Шудың басы Ақбатау,
Кәпір қаптап, келер жау.
Көктем уағы болғанда,
Қазақ-қырғыз жағалай қонғанда,
Сақ ауыл жарысушы ең,
Он бес күнде жалсыз тұғыр жалдатушы ең,
Аттың майын бергендей қарасушы ең.
Қайран жер, күштілігің арпа мен бидайдай боп,
Мал семіртуге келгенде таласушы ең.

Шу басы аман бол, Қошқарата,
Жанның бәрі сол күнде болар қапа.
Мал-жаныңның билігі жоқ,
Сонда боларсың сүлей-сапа.

Күн болар алдыңда естен танған,
Біреудің дүниесін біреу алған.
Мал-басыңда билік жоқ заман болар,
Дүние сөйтіп жүріп тамам болар.
Дүние сөйтіп аяқтаған,
Адам саны азайып саяқтаған.

Мен көрмеспін,
Кейінгілер көрерсің,
Қайран жер-суым, болғын аман!

Мына жатқан Жетісу,
Бұл жеріңді орыс алады-ау!
Беліңді жұртым бекем бу,
Кәпір алар жер екен,
Тау сағасы дер екен,
Ұзын жатқан кер екен,
Сонда кетер берекең.
Үйің менен басыңнан
Жан сақтары қиын боп,
«Малай болсақ» дер екен.

Қалың жатқан келмегей,
Сонда кетер берекең.
Қора толған қой болмас,
Ойлап тұрған ой болмас,
Жиын менен той болмас.

Қолыңнан кетер тізгінің,
Табылмас сонда ызбының.
Шешендер тіл тістейді,
Жылдан-жылға күштейді.
Мизамға халық жетіліп,
Әрбір істі істейді.
Асықпай тұрғын, ел-жұртым,

Бір әбжылан келген соң,
Тақымыңнан тістейді.

Бала тілді алмайды,
Қатын шайпау, ұл тентек,
Айтқаныңа болмайды.
Қанша айтсаң да ақылың
Көкейіне қонбайды.
Жуан мойын күркілдек,
Өз айтқаны болмаса,
Тірі адамның айтқанына болмайды,
Сонда қылған іс оңбайды.
Уақытымен көндірген,
Алланың ісі қандай-ды.
Сенімсіз болар тұқымы,
Жаныңды берсең нанбайды.
Ел баққанның тұқымы,
Жанның көбін аулайды.
Дау баққанның тұқымы,
Болмас істі даулайды.
Туысқанды жат көріп,
Жаудан жаман қармайды.

Жамандардың тұқымы,
Әр сөзді айтып шатады.
Мейірімсіздің тұқымы,
Жақынын жатқа сатады.

«Құдай салды басқа» деп,
Туысқаны үйде жатады.

Батырлықтың белгісі,
Оққа қарсы шабады.
Ақылгөйдің белгісі,
Ойласа ақыл табады.
Жаман болса туысқан,
Жаудан жаман шабады.
Қадіріңді білмесе,
Иттен жаман қабады.

Жақсы болса ағайын,
Қабағыңа қарайды.
Жылап тұрған күн болса,
Жұбатуға жарайды.

Жақсы болса ағайын,
Сырттан келіп бағады,
Әр пәледен қағады.
Жаман болса ағайын,
Дұспанымен бірігіп,
Жілігіңді шағады.

Төрт шәрінің біреуі
Әзіреті ер Шері
Пайғамбардың қызын алған күйеуі,
Дін мұсылманның тіреуі.

Қасен менен Құсайын,
Қызынан туған жиені.
Жақсы көріп Пайғамбар,
Пайғамбардың сүйеуі,
Ақтан болған сүйегі.
Сүйегі таза қожа зат,
Төрт шәріден өнеді.

Алла деген ұраны,
Қолында бар Құраны.
Сайрам деген жерінде
Мінгендері тобышақ,
Сәлделері бір құшақ.
Аллаға зікір салғаны,
Мұның жоқ-ты жалғаны.
Тақсыр, қожа, пірім бар,
Айым менен күнім бар.
Шапырашты ішінен Айқымнан,
Көншіп жүрген жойқымнан.
Тоқтаболат шыққан басынан,
Қайратын халықтан асырған.
Қалқаманат деген елінен,
Барменбек шықты жасынан,
Жұлынып шықты жасынан.
Жылап келген кісілер,
Күліп қайтты қасынан.
Қылышын қыннан суырған,
Ерегіскен дұспанның

Заманын жаман қуырған.
Шапқан жауының
Күлін жаман суырған.
Төрекелді, Жылкелді, Барманбек,
Үшеуі басын қосқанда,
Аққалпақты қырғыздың
Ауылын шауып шулатқан,
Адамын байлап улатқан.

Жаннан қорықпас ер еді,
Оқтан қайтпас бек еді.
Барменбек батырың
Тор шолақ атты мінгенде,
Торқалы киім кигенде,
Айқайлап жауға тигенде
Жер жарады дауысы,
Таудан асқан дабысы,
Жанға кетпес намысы!

Басқа ақындардың өлеңдері