Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сүйінбай мен Тезек төре (2-бөлім)

Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 146 жол

Сүйінбай тегін емес, қызыр көрген,
Қол жайып, жаман болмас бата берген,
Жылкелді, бір қой әкеп, бата сұра,
Ырысын ап қалалық осыменен.

Айтқанындай, Тезек төренің есік құлдары мойнына
кескек байлаған, құрттаған қотыр қойды әкеледі.

Сүйінбай:
Мынауың құнан қой ма, дөнен қой ма,
Мойнында мылтығы бар мерген қой ма?
Артына жалтақ-жалтақ қарай берді,
Бір қорлық қасекеңнен көрген қой ма?!

Бердеңкесін мойнына салғызып кеп,
Атқызғалы келдің бе Сүйінбайға.
Ашаршылық болғанда елді асырар,
Тышқақ лақ сойсаң да, мұны сойма!

Тақсыр-ау, бұл заманның күйін ойла,
Елдің шетін күзетсіз босқа қойма.
Жаугершілік болғанда сені асырар,
Мерген қойды қонаққа өлсең сойма.
Демесең Сүйінбайды ұшықтайын,
Қоя бер, мына қойдың көзін жойма.

– Сүйінбай тым құрыса «мал басына береке» деп,
батасын да дұрыс бермеді-ау, – деп, Тезек төренің әйелі
Дәнекер сөзге араласып, қитарланған қылық көрсетеді.

Мен төреге құдайдан мал басын сұрап әперейін деп
жүргенім жоқ. Төреге мал сұрап беретін, құдай менің
құдам дейсің бе? – деп Сүйінбай қырсықты сөзді қағып
тастапты.

Тезек төре:
Жамандап келдің-дағы, даттап болдың,
Жақсылығын кейінге сақтап қойдың.
Қатыным мынау менің, қарақтарым,
Аз ғана қыздарымды мақтап қойғын.

Сүйінбай:
Тақсыр-ау, сіздің қызда жаман бар ма,
Жаманды жаман дейтін заман бар ма?!
Бағасы бес тиындық біреуі жоқ,
Болған соң төре қызы амал бар ма?!

Хан Тезек, кейкі сары ханымыңыз,
Сүйінбай екенімді таныдыңыз.

Долданып тап бермегін қылышыңа,
Жасырмай айтып берсек анығын біз.

Ері еді Дәнекердің Жарылқамыс,
Қазаққа солай деген кетті дабыс.
Бақайын өз қойшыңның өзің талап,
Мақта деп, тірі отырсың, өтпей намыс.

Ол күнде жақын еді біздің ауыл,
Қиянат момындарға салдың дауыл.
Мақтайтын Дәнекердің қай жері бар,
Жайдақтап әркім мінген бұл бір жауыр.

Хан Тезек, осы күнде асуыңды-ай,
Суындай Сусамырдың тасуыңды-ай!
Қатының басы жалпақ, мұрны кейкі,
Жатуға мен де бірге шошырмын-ай!

Тезек төре:
Жақсы ақын үйге келсе, қыдыр-ырыс,
Айтқаны Сүйінбайдың бәрі дұрыс.
Көргенді не де болса, бетке айтатын,
Адамнан сирек туар мұндай туыс.

Сүйінбай, маған сенің өзің керек,
Баршадан ақын болып тудың ерек.
Жарамды жол жүріске ат берейін,
Соны мініп, еліңе қайт ертерек!

Жылкелді мен осында Бапау бар ма,
Мен мінетін әлгі бір сары ат қайда?
Ескі малдың көзіндей бір құт еді,
Соны тауып мінгізгін Сүйінбайға!

Сүйінбай:
Тақсыр-ау, бұл бергенің сары ат па еді,
Аузында бір тісі жоқ кәрі ат па еді?
Кірпігіне қарасам қурап қапты,
Тұсында Абылайдың бар ат па еді?!

О, тақсыр, Сүйінбайды деме бекер,
Мұны мініп заман жоқ елге жетер.
Ілесіп Абылайдың бақ-дәулеті
Мұны берсең менімен бірге кетер.

Сары ат:
Тұсында Абылайдың мен бір сары ат,
Жас күнімде болып ем ерге қанат.
Талай құда келгенде, талай досы,
Бермеп еді хан Тезек мені қалап.

Мойнымнан жал, бойымнан әлім кетті,
Әл кеткен соң, өзіме кәрілік жетті.
Ала жаздай бойыма шыр бітпейді,
Өкпе тұстан қыс болса суық өтті.

– Үні өшкірдің үні өшсін! Әлгі қаракер атты әкеліңдер!
– деп Тезек ұрыларына айқай салды.

Сүйінбай:
Ассалаумағалейкүм, қаракер ат,
Айтқалы кеп тұрмысың төреңе дат.
Түргеннен тай күніңде ұрлап келген
Тірі ме әлі күнге сол азамат.
Тезектің алатұяқ аты деген
Артыңнан ілесіп жүр бір жаманат.

Көзің жоқ, аяғың жоқ, арқаң жауыр,
Айырып жал-құйрықтан жұрдай қылған.
Бар еді не жазығың хан Тезекке,
Өшігіп сені неге мұндай қылған?!
Ақыры сені әкеліп маған берді,
Еңбегің зая болды-ау тынбай қылған.

Адам деп мені Тезек есептесе,
Бір құр ат бермес пе еді ер тимеген.
«Қорғасын – қотыр қыздың сырғасы» деп,
Кесірлі залым екен кекеңдеген.
Өзінен басқа адамды пенде демей,
Ешкімді көзге іліп менсінбеген.
Ниеті саған деген көрініп тұр,
Бара сап, Сүйінбайға өлсін деген.
Құдай ғой екеумізді бұған кез қып,
Төренің бұл қорлығын көрсін деген.

Арқадан ұрлап келген қаракер тай,
Қараға, төременен берді құдай,
Қырсықтан өзім қашып жүргенімде,

Қырсығын бұл атыңның қылма жұбай.
Бір жерге екі қырсық біріккен соң,
Қалар ма артымыздан ұбай-жұбай.

Қаракерат:
Мен жөнімді айтайын, ей, Сүйінбай,
Түргендегі мұжықтың аты едім-ай!
Арқандап қойған жерден, Тезек төре
Ұрлатып ұрысына әкеп еді-ай.
Ұрысына мінгізіп жауыр болдым,
Мал болар, болмасымды білмедім-ай?!

Сүйінбай:
Ұйытқыған әрбір сөзім жел-құйындай,
Хан-қараға сөйлеген мен Сүйінбай!
Арыз айтып алдыңда жылап тұрған,
Көрдің бе жануарды қаракер тай?
Ұрлығыңа мінгізіп күндіз-түні,
Малдықтан кетіріпсің оны былай.
Алты жерден арқаға, пышақ салған,
Төре, құдай болсаң да тартсаңшы, ойбай!

Тезек төре:
Қарасам басың менен аяғыңа,
Жерің жоқ түте-түте жұлынбаған.
Жаңадан киім-кешек бергізейін,
Жүргейсің келіп-кетіп ұрын маған.

Сүйінбай:
Хан Тезек, байлығыңа бас ұрмаймын,
Мен бірақ көргенімді жасырмаймын!
Шын дертім ұстап кетсе айнымалы,
Басымнан ұшңан құсты асырмаймын!

Төресің жөр мен көктей елмен араң,
Ел жаңа елу жылда, жүз жыл қазан.
Атың да, шапаның да бәрі өзіңе,
Келгенше екі айналып тұрғын аман!.

Сүйінбай Аронұлы өлеңдері

Барлық 42 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері