Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сүйінбай мен Арыстанбек айтысы (1-бөлім)

Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 168 жол

Ассалаумағалайкум,
Солтыдан шыққан көп манап,

Бәрің бірдей бек манап.
Сендер тұрсың анталап,
Мен қылып келдім нан талап.

Сәлем бердім халқыңа,
Бірің түгіл жалпыңа.
«Қырғыз бек жұрт» деуші еді,
Келісіп кеттің салтыңа.

Жаулы жерді көргенде,
Найзаның ұшын қандаған.
Ерлік пенен бектікке
Алдыңа кісі салмаған.
Дауың бар ма жықпаған,
Жауың бар ма алмаған?
Ерегіскен дұшпанға,
Оқ атып арттан қалмаған.

Бала Қараш, Шоң Қараш,
Аман-есен жүрмісің,
Жасынан шыққан Жанқараш?
Сәлем бердім бәріңе,
Жасың менен кәріңе.
Арғы атаңды айтайын,
Тілеуберлі, Қанайдан,
Найзаң озған талайдан.
Қанайдың ұлы хан Бәйтік,
Үндемей тұрсын қалайдан?!

Бәйбішенің ұлы едің,
Бәйсейіт, Бошқай, қайдасың?
Жаулы жерді көргенде,
Безеп шапқан найзасын,
Сен де біздің ойдасың.
Былайғы жатқан Сарыбағыс,
Қасқарауда жатқан Шоңбағыс.
Әндіжанда жатқан Үшбағыс,
Алдыңа келдім мен байқұс,
Сарыбағыстың ішінде,
Сен Көшке мен Түлкі едің,
Көшкенің үш ұлы,
Үш ұлының ішінде
Сұлу алар айнасын,
Қолына алар найзасын.
Қырық жігітің қасыңда,
Бақ-дәулетің басыңда,
Қырық жігіт Бектен, қайдасың?
Төрекелді, батырсың,
Айдаһардай білеп тартып,
Алыс жерде жатырсың.
Есенқұлдың Есенбек,
Есенқұлұлы Ниязбек,
Ниязбектен Сегізбек,
Телегейлі Теңізбек,
Бәрің бірдей қаракөк.
Анардан туған алты бек,
Ең кішісі Орман бек.

Ормандай пенде жоқ,
Сендер - бұлдыраған
Бәйтеректің басысың,
Қолым жетер дәрмен жоқ.
Арттағы інісі
Жұпар шөптей балқиды,
Күншілік жерден сыбысы,
Бердіқожа, Бердібек,
Бәрің бірдей қаракөк.
Әжі менен Суанбек
Шынжыр қатар алты тек.
Бәйбішенің кенжесі,
Ана тұрған Рысқұлбек.

Рысқұлбек, Қайжұбек
Аталы бектің бірі еді.
Байарыстан, Жақыпбай,
Мәндеш бар,
Шоң манаптың бірі еді.
Сөйлеп тұрған Сүйінбай
Жігіттің қызыл гүлі еді.
Кешегі ат шауып жатқан
Хан Орманның асында,
Алпыс батпан жүк салса да,
Белі қайыспас қара бел еді.
Сен бір туған ақсұңқар,
Мен бір тұрған жапалақ,
Қай жерден барып ілмеді.

Қарабекұлы хан Жантай,
Ат құйрығын бұлаған.
Қырық қақпалы шәрідей,
Қол жеткен жерін сұраған.
Қырғыз-қазақ жиылса,
Ақылың ұнаған.

Шоң келді енді демегін,
Жауырының енді қомпайып,
Үстіңгі ернің томпайып,
Еңбегімді жемегін.
Еңбегімді жегенмен,
Менің атым Сүйінбай,
Тақымд ыңды үш қыспай,
Бекерге кетер демегін!

Сусар енем баласы,
Су тілесе, шай берген.
Шай тілесе, май берген,
Қой тілесе, тай берген,
Тай тілесе, ат берген,
Құдайысын көп берген,
Құдияр, Тұрақ, қайдасың?!

Бұғыдан шыққан шоң Тома,
Отыз ұлдың атасы,
Қабыл болған батасы,
Жапа мен Жалдай боп,

Кіндігінен Жарлықап,
Мәуелеген талдай боп!

Қырғыздың бек, манаптары қазақтың осы асқа келген
би, төре, ақын, шешен, батырларын үш күн тоқтатады.
Үш күн, үш түн дегенде Бала Тұрпан деген жерден
қырғыздың атақты ақыны Арыстанбекті шақыртып ал
дыртады (Арыстанбек Қатаған руынан). Қырғыз-қазақтың
асқа жиналған тобына Сүйінбай амандасып отырғанда,
Арыстанбек келіп сөзін бітірместен, айтысты бастайды:

Арыстанбек:
Бұл айтуың кеп емес,
Ештемеге сеп емес.
Белгілі кептен қозғалық,
Құры бекер қиқырып,
Ауыздан тозбалық.

Сен қазақтан шыққан темір жақ,
Мен қырғыздан шыққан самбыр жақ.
Ары-бері сөйлессек,
Кімге ауар екен тіл мен бақ?

Белгілі кепті алалық,
Белгісіз кепті қайтелік.
Үлгілі кептен алалық,
Үлгісіз кепті қайтелік.
Атақты кептен алалық,

Атақсыз кепті қайтелік.
Орынды кептен айтайық,
Орынсыз кепті қайтелік.
Жер мен көктің арасы,
Сегіз пернелі
Қанша түрлі періште,
Әр қайсысы әр істе,
Соны санап айталық?

«Ақырзаман болды», – деп,
Елдің сұрын аласың.
«Қиямет қайым болды», – деп,
Жұрттың сұрын аласың.

Заманақыр болған жоқ,
Әлі сана толған жоқ.
Тау жайлаудан қалған жоқ,
Би кеңестен қалған жоқ.
Қара тұмсық қазақтың, қарашы,
Құдайға қылған жазасын!
Заманақыр болған жоқ,
Әлі сана толған жоқ,
Әуеден Иса түскен жоқ,
Жерден Мәді шыққан жоқ.
Өтіріктен басқаға
Құдайға дұспан жоқ.

Ой, Сүйінбай, Сүйінбай,
Сүйінбай маған бұйымдай!

Тіліңді сенің байлайын,
Бұлбұл құстай сайрайын.
Сені көптің ішіне қоймаймын,
Алдыма салып айдайын,
Аузыма салып шайнайын.
Беті қатқан ей, қазақ,
Үлкенді үлкен деп білмейсің,
Кішіні кіші деп білмейсің,
Елдегі жүйрік мен дейсің,
Сен мені қайтып,
Жын-сайтандай емдейсің?

Сүйінбай Аронұлы өлеңдері

Барлық 40 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері