Сүйінбай мен Қатаған (4-бөлім)
Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 182 жол
Қайсы бірін айтайын,
Көбі қалды елімнің.
Кезең жерді күзеткен,
Найзаның ұшын безеткен,
Мен Қарасай ұлымын,
Айтулы ердің бірімін!
Алатауды бөктерлеп,
Ел қонысын беткейлеп,
Өрде жатқан Шапырашты
Батыр туған ел едім,
Талайға тиген көмегім.
Менменсіген мықтының
Бәрін жеңген ер едім.
Сұраншы, Саурық кезінде
Қайсың бетке кеп едің?!
Құдияр хан мен Орманды
Алдыға салып қуғанда,
Табылмай кеткен дерегің.
Қаршыға тиген шілдей ғып,
Сондағы қуған мен едім.
Қазақ, қырғыз елдесіп,
Тыныштықта тұрғанда,
Анау-мынау демегін!
Оған жалғас қасында,
Бақ қызыры басында,
Былай барсаң Дулатты,
Батырлары көп шығып,
Талай жерді шулатты.
Бетіне қарсы келместен,
Сыртынан естіп дабысын,
Талай дұшпан қурапты.
Сыпатай, Андас, Байсейіт
Ерегіскен дұшпанын
Садақ тартып, найзамен,
Қылышпен кесіп турапты.
Ер Байсейіт кешегі
Қырық жігітті сақтаған.
Шапқан жауды ұстап ап,
Бауырын отқа қақтаған.
Дұшпанды бері бастырмай,
Ат жаратып баптаған.
Барлық батыр жігіттер
Байсейітті жақтаған!
Пиназар батыр, Дәуітәлі
Атын естіп алыстан,
Жау жүрегі сулапты.
Алтынның буы секілді
Талайларды мас қылып,
Сөзімен көңлін булапты.
Бағын Қызыр асырды,
Дулаттан туған төрт бала
Жердің жүзін жасырды.
Ерегіскен дұшпаны
Алдына келіп бас ұрды.
Дулаттан туған Сиқымым,
Сиқымымды қозғасам,
Басыңа салар қиқуын.
Былай қашсаң Ботбайым,
Күйдіремін шоқтайын.
Қос бүйіріңнен қадалып,
Садаққа құйған оқтайын.
Әуре болма, Қатаған,
Сүйінбаймен айтысып,
Мазасы кетер ұйқыңның!
Мұнымен жалғас Жанысым,
Жанысымды қозғасам,
Жанып кетер қамысың!
Ерегіскен дұшпанға,
Бермеген ешбір намысын.
Аңлап қара, Қатаған,
Қалай болды шабысым!
Ерегіскен дұшпанға
Кеткен емес намысым.
Сүйінбай деген даңқым бар,
Манаптарың танысын.
Алты алашқа белгілі
Сүйінбай деген дабысым!
Есің болса байқап көр,
Сөзімнің қайда барысын.
Батыр деген бізде көп,
Жібермес жауға намысын.
Төрт Дулаттың біреуі –
Қалың қара Ботпайым.
Ботпайымды қозғасам,
Күйдіремін шоқтайын,
Кетерсің жанып оттайын!
Қос өкпеңнен қадалдым,
Садаққа салған оқтайын.
Етім қызып келгенде,
Сабыр ғып неге тоқтайын!
Меніменен егессең,
Ұрармын жерге доптайын.
Тұра тұрғын, Қатаған,
Шымырымды жоқтайын!
Былай барсаң Шымырым,
Шымырымды қозғасам,
Шығып кетер шыбының!
Кең жаратқан елімді
Кесегінен кертейін.
Аспанға шығып шарықтап,
Қанатымды серпейін.
Жанып тұрған жалынмын,
Сүйегіңді өртейін!
Таусылмайды айтқанмен,
Жалпақ жатқан Ұлы жүз,
Басқа жүзге кетейін!
Тағы, тағы айтайын,
Алыстан орап қайтайын.
Бұдан да ары барайын,
Алды-артыма қарайын.
Осындай жиын-тойларда
Көтерілген талайым!
Тұяғы қызған тұлпардың
Көре алмассың маңайын.
Орта жүздің бір елі –
Былай барсаң Найманым,
Құлашты кең жайғаным.
Риза қылмай жібермес,
Үйіне келген мейманын.
Найманымнан қозғасам,
Пана болмас жиғаның.
Ол Найманның ішінде –
Бегімбетім, Қызайым,
Айтқан сайын ұзайын!
Төбеңнен әкеп өлеңді,
Қос уыстап құяйын.
Төбеңнен өлең сауласа,
Сонда болар уайым.
Одан былай Керейім,
Керейімнен терейін.
Ерлік пенен ептікке,
Жомарттық пен елдікке,
Тәуекел қып көрейін!
Аш көзіңді тайсалмай,
Ажалы жеткен қарғасың.
Бүркітпенен ойнадың,
Түлкілікті қоймадың.
Сүйінбай сынды ақынды
Жеңемін деп ойладың!
Онан өрге шу дейін,
Ескен желдей гулейін.
Сарыарқаны жайлаған,
Желіге бие байлаған.
Мамадағы аттары
Құлын-тайдай ойнаған.
Ерегіскен дұшпанын
Алдына салып айдаған,
Анау жатқан – Арғыным,
Арғыным атқа қонғанда,
Басыңнан аттап қарғыдым.
Арғын деген сансыз ел,
Мекен еткен қоныс қып,
Дүниенің жарымын.
Ешкім басып көрген жоқ
Бұлардың қарқын, арынын!
Жерге кіріп кетерсің,
Олардың бассаң тамырын.
Сүйінбай пірің мен болам,
Енді, батыр, танығын!
Сүйінбаймен теңдесіп,
Қаламын деп үміт қып,
Келген екен қалыбың.
Қатаған деген ақын ба,
Айтқанда сөздің анығын?!
Тағы біраз айтайын
Арқа деген жерімді.
Қаракесек елім бар,
Қалың жатқан қазақта
Неше түрлі порым бар.
Одан былай орайын,
Тобықтыға барайын.
Байлық десең сол елде,
Барыңды әкеп салсаң да,
Көре алмайсың маңайын.
Тағы қалды бір жұртым –
Атығай мен Қарауыл,
Әрқайсысы әр ауыл.
Желіге мыңдап байлаған
Құлын менен тайы бар.
Ондайлардан озбаққа
Кімнің қандай жайы бар?!
Бұдан да ары кетейін,