Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сүйінбай мен Арыстанбек айтысы (4-бөлім)

Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 173 жол

Қырғыз ішінде дәмген тағайсың,
Сен маған ішкен шайдан оңайсың.
Қырғыз келіп мұңайсын,
Қазақ келіп шоңайсын.
Теріске кеткен сөзіңді
Енді қайтып оңайсың?

Теріске кетті сөзіңіз,
Қанша бар екі көзіңіз?
Құры бекер мақтанып,
Қазаққа жатқан бір теңіз.

Құрыған қырғыз сен едің,
Жер, өңірге симаған,

Айдап малын жинаған,
Бай қазағың мен едім.
Ерлік, көптік айтайын,
Асуы жоқ бел едім.
Сан қара келіп жабылса,
Су алмайтын көл едім.
Қырғыз деген берекесіз ел едің,
Егіншінің қойындай,
Қу кедейдің тойындай,
Не бар сенің ойыңда-ай?!
Қасиетті іс бар ма,
Қырғыз, сенің бойыңда-ай?

Жармақ көже ішкенің,
Боза болды ішкенің.
Танаға мініп үйіңе,
Болдырып барып түскенің.

Үріккен қойдай қырғызды
Қалың қазаққа,
Қай жерінен теңедің?
Бай қазағың мен едім,
Бек қазағың мен едім,
Көп қазағың мен едім!
Қайда малы симаған,
Айдап малын жинаған,
Жер-дүниеге симаған,
Ол қазағың мен едім!

Ерлік десең менде бар,
Байлық десең менде бар,
Көптік десең менде бар.
Мен бұл жерге тұрмаймын,
Іледен ары өтейін.
Он екі атаның ұлы
Жалайыр, Тарақты деген елім бар,
Соған таман жетейін.

Он екі атаның ұлы Тарақтан,
Құдай сүйіп жаратқан,
Жанды аузына қаратқан.
Қарабейбіт Балпықтан
Сөйлескен кісісін
Туған айдай балқытқан,
Қоғалы көлдей шалқытқан.
Жалайырдан шыққан ер Орақ
Ақкөбік, Қаракөбікті өлтірген,
Кемеліне келтірген.

Онан өрге шу дейін,
Ескен желдей гулейін.
Алты атаның ұлы Албаным.
Албанның бегін мен айтсам,
Тірі қалмас бір жаның.
Үріккен қойдай қырғызды
Мақұл ма сенің,
Қазаққа теңеп тұрғаның?

Әлі білмей жүрмісің,
Ырысыңның құрығанын?!

Танаға мініп құлтылдап,
Сыбамқұлың жылтылдап.
Көшсең көлігің сол,
Өмірің өткен құлдырап.
Онан ары қаршығадай қайқайып,
Ителгідей сойқайып,
Арғы еліме кетейін.
«Қоңырбөрік, Суан» деген елім бар,
Соған таман жетейін.

Өсер саумал жерлеген,
Малы жерді кернеген,
Ырысы судай өрлеген,
Аты кетпеген кермеден,
Елдің шетін бермеген,
Алтыннан қылыш сермеген,
Кеудесін кек кернеген.
Ол елімнен қозғасам,
Құр жаның тұрар өлмеген.

Қоңырбөрік, Суаным,
Маңдайдағы жуаным.
Абайлап ашқын көзіңді,
Оңай емес, батырым,
Құдайға сенің мақұл ма

Ат төбеліндей қырғызды
Енді қазақтан асырып,
Маған тосқау қылғаның?

Оған тақау Найманым,
Көпшілік менің айғағым.
Қысы-жазы той қылып,
Қой сойып, мейман күткен Найманым!
Найманымнан қозғасам,
Ойыңда қалмас иманың.

Ол Найманың ішінде
Бегімбетім, Қызайым,
Айтқан сайын ұзайын.
Төбеңнен әкеп өлеңді,
Қос уыстап құяйын.
Төбеңнен өлең сауласа,
Сонда болар уайым.

Садыр менен Матайым,
Матайымды атайын.
Матайдың төрт ұлын айтқанда,
Түбіңе жетіп тастайын.

Қырғыз, сенен қашпайын,
Ауызды бекер ашпайын.
Ақыр қисық баспаймын,
Сені іске алғысыз етіп тастайын.

Қаптағай деген ер жұртым,
Байлығында қисап жоқ,
Есебі жоқ көп жұртым.
Жауды көрсе ақырған,
Қылышын жанға байлаған.
Ерегіскен дұшпанды
Алдына салып айдаған.
Қыс болса қазы шайнаған,
Көп жылқыны айдаған,
Сазға бие байлаған.
Сол сықылды бектермен,
Не қылған қырғыз ойнаған?!

Ойнағанды шайнаған,
Екі қолын байлаған,
Алдына салып айдаған,
Таза соры қайнаған.
Астына мінген тұлпары
Ортекедей ойнаған.
Бір адамын қарасаң,
Жүз кісіге парлаған.

Көлдей менен Жұбайым,
Жұбайымды айтқанда,
Қырғыз, сені
Бұл мекеннен қуайын.
Ен Найманның ішінде
Қыдырәлі, Құлшат бар.

Адам ұлы жетпейді,
Одан бектік өтпейді.
Естемес, Шәншар,
Айдаһардай бегі бар,
Мейірман деген ері бар,
Ордабай деген ұлы бар.

Найман деген елімде,
Қалың Қаракерейім,
Керейімнен терейін.
Қырғыз, сенен келген пәлені,
Тәуекел қып көрейін.
Жоғарғы айтқан бегімнің,
Бектігі мен ерлігіне қарасаң,
Суаннан шыққан Қожбанбет,
Түріне ене қарасаң,
Патысайының гүліндей,
Дүниеден өтті сүрінбей.
Әділдігіне қарасаң,
Төрт шәрінің еріндей.

Бұзық сөзді айтпаған,
Әділ сөзден қайтпаған.
Бір Құдайды «Ақ» білген,
Пайғамбарды нақ білген.
Әділетіне қарасаң,
Қара қылды қақ тілген.

Ақыретті ойлаған,
Бұлбұлдай тілі сайраған.
Басы үлкен, ақылы көп,
Айтқан сөзді «мақұл» деп,
Дұшпанның жанын қоймаған.

Бүркіттей тақымдап,
Шежіредей тақылдап.
Өзі шешен кісі еді,
Дегелектей сақылдап.

Сүйінбай Аронұлы өлеңдері

Барлық 40 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері