Сүйінбай мен Қатаған (2-бөлім)
Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 189 жол
Манаптардың әкелген
Мынау болса ақыны,
Жоқ-ақ екен ақылы.
Қайтіп ақын боп жүрген,
Маған қарсы келетін
Сөзінің бар ма тақылы?!
Албырттаған, Қатаған,
Ақ сөз өлмес жалаға.
Сүйінбай сөйлер шындығын,
Шеніме жақын жолама!
Жиылған халық алдында
Келтірем сені тобаға!
Айтпайтұғын сөзіңді
Өзің айттың асығып,
Шындық істі мен айтсам,
Айтпаймын жалған, жасырып!
Әліңді білмей, Қатаған,
Елдің бәрін даттайсың.
Алжығаның белгісі –
Жайыңа неге жатпайсың?!
Қатаған:
А, Сүйінбай, Сүйінбай!
Бұл айтқаның көп емес,
Ештемеге сеп емес,
Белгілі кептен қозғалық,
Құр бекерге қиқулап,
Аузымыздан тозбалық.
Сен қазақтан шыққан темір жақ,
Мен қырғыздан шыққан самбыр жақ!
Әрі-бері сөйлесек,
Кімге ауар екен тіл мен бақ?!
Белгілі кептен алалық,
Белгісіз кепті қайтелік?
Үлгілі кептен алалық,
Үлгісіз кепті қайтелік?
Атақты кептен айталық,
Атақсыз кепті қайтелік?
Орынды кептен айталық,
Орынсыз кепті қайтелік?
А, Сүйінбай, Сүйінбай!
Ердің бағы ашылмас,
Аруаққа сыйынбай.
Төбеңнен сені соғайын,
Төпей жыққан құйындай.
Тіліңді сенің байлайын,
Бұлбұл құстай сайрайын.
Алдыма салып айдайын,
Ауызға салып шайнайын,
Аяғыңды байлайын!
Хандарға соққан қылышпын,
Тастан неге қайтайын.
Айтыспаймын сенімен,
Сес көрсетіп байқайын!
Үлкенді – үлкен білмейсің,
Кішіні – кіші білмейсің,
Елдегі жүйрік мен дейсің,
Төрт аяғы тең дейсің.
Мен де азулының бірімін,
Ширегіме келмейсің!
Зорлығыма қарасаң,
Адам үні жетпейді.
Бегілігіме қарасаң,
Адам ұлы өтпейді,
Кеңдігіме қарасаң,
Аспан менен Таластай,
Күшің келмес, ақыным,
Жайыңа жүр таласпай!
Шоңдық кімде, Сүйінжан,
Байлық кімде, Сүйінжан?!
Көптік кімде, Сүйінжан,
Беглік кімде, Сүйінжан?!
Зорлығымды айтайын,
Байлығымды айтайын,
Көптігімді айтайын,
Беглігімді айтайын!
Ор ауыз қара бурадай,
Шала сөйлеп жатпайын.
Былай барсаң Тынайым,
Қиырға көңіл бұрайын.
Тауға ұя сап, тасқа ұшқан,
Қанаты күміс құмайым.
Айтыспаймын сенімен,
Сес көрсетіп сынайын!
Бұғы мен Саяқты
Артық қылып нәсілін,
Жаратқан жоқ па құдайым?!
Сүйінбай, сені ақын деп,
Қылмаймын, сірә, уайым.
Алатаудан төте алып,
Тау ешкідей тік басып,
Саяғыма шығайын!
Былай барсаң Саяғым,
Тұлпар аттай жаялым.
Сүйінбайдың үстінен,
Саяғым аман тұрғанда,
Алар ма еді таяғын!
Талай ақын қаңғырып,
Қолға түскен құл болып,
Құшақтаған аяғын.
Тексіз бір жүрген пендесің,
Бұрынғы мен соңғыда
Оңалып еді қаяғың!
Бектігің жоқ бойыңда,
Затың жаман кедейсің
Түтелеген байпағың.
Қалай келді шабысым,
Сүйінбай батыр, аңлағын.
Қыр желкеңнен шабайын.
Саңлақпын деп айтып ең,
Қимылдашы, қарайын!
Ұмтылсаңшы, Сүйінбай,
Өзіңнің қатар теңіңе.
Тілімді алсаң қазір кет
Өсіп-өнген жеріңе!
Шаңлағың да қосылмас,
Мен секілді серіге.
Елімнің жоғары шетін айтайын,
Маралды мен Сантаста!
Төменгі шетін айтайын,
Бетегелі Қойтаста!
Көптігім менің сонша бар,
Ақылменен байқаста.
Жедіге деген елім бар,
Жетіліп туған бегім бар.
Қылышын қанға батырған,
Ерегіскен дұшпанға
Жолбарыстай ақырған.
Оған қайтсең жетесің,
Қатағандай ақынды
Тұйықтап қайдан өтесің?!
Сарбағыс пен Мұңдызым
Жағамдағы құндызым,
Маңдайдағы жұлдызым!
Бұғы деген көп жұртым,
Байлық десең мұнда бар,
Көкше қоян құмда бар,
Мендей жыршы кімде бар!
Бұғыдан шыққан Боранбай
Манаптан шыққан дүр еді,
Қарағай найза қақтаған,
Ат жаратып баптаған,
Ерегіссе қудырған,
Қанмен бетін жудырған!
Былай жатқан Саруым,
Саруымды қозғасам,
Күні-түні айтсам да,
Бұған келмес қаруың.
Одан ары Алақшым,
Алақшымнан сөйлесем,
Қаратабан Екейім,
Жығылад тіккен қарақшың!
Былай жатқан Оңбағыс,
Қашқарда жатқан Шоңбағыс.
Шоңбағыстан қозғасам,
Нар түйедей боздасам,
Арыстанбек деп неге айтад,
Жарысқаннан озбасам!
Шешен демей не дейді,
Аузымнан тозбасам?!
Оған қатар көп Солты,
Найзасын тасқа жаныған,
Атын мініп жаратқан,
Жанды аузына қаратқан!
Ол Солтының ішінде
Қалың қара Қанайым,
Қанайымды ап келіп,
Сүйінбай, саған салайын!
Қаптаған қара борандай
Алды-артыңнан борайын,
Арғымақ аттай орайын!
Орман батыр – көсемім
Қырғыз бенен қазаққа,
Сөз бермеген шешенім.
Қарабекұлы хан Жантай
Тапты сөздің есебін!
Шоңдығына қарасаң,
Қарағай найза оқтады,
Басына темір саптады,
Күніне олжа тапқаны,
Елін қойдай баққаны!
Бектерімді айтайын:
Жаман тамақ ішпеген,
Жаман киім кимеген,
Жаман атты мінбеген,
Жамандықты білмеген.
Қара Бәйтік, хан Жантай,
Төрде отырған хан Орман
Алдынан қисық кетпеген,
Әділдігі ешкімнің жетпеген!