Сүйінбай мен Арыстанбек айтысы (8-бөлім)
Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 166 жол
Айында шауып қоймаған,
Ат жаратып, мама ағашқа байлаған.
Шудың бойын тоздырған,
Атын шауып оздырған.
Жылқысын алып, жаяулатып,
Қырғыздың бәрін тоздырған.
Қырғызды басынан қайдан мәз қылған,
Оң мен солдың баласы,
Құдай сені аз қылған.
Қорыққаннан тауға барып тығылған,
Шалдарың бәрі де,
Тайғанап беттен жығылған.
Ошақтыдан шыққан Тоқберген,
Ошақтының басы еді,
Қырғыз, саған қырсық болған осы еді.
Нүкелідей бұлан шұнақ батырды,
Қызын алып жылатқан.
Он бес қызын жиып ап,
Қазаққа әкеп таратқан.
Одан былай Сіргелі,
Жігітінің бәрі де
Теке жәуміт мінгені.
Көкбар тартып жүргені,
Дүниенің қызық ойнын көргені,
Осылай дәурен сүргені.
Сіргелінің ішінде,
Қыдырлы мен Қызулы,
Толып жатқан батыры,
Күмістен еді қазығы,
Алтыннан еді шатыры,
Жаннан асқан ақылы.
Атаның аузын боқтайсың,
Енді қашан тоқтайсың?
Жұрт жетпейтін қазаққа
Жетемін деп, қырғыз-ау,
Көтіңді қайдан боқтайсың.
Одан былай Ойық пенен Тілігім,
Тіліктің байлығын мен айтсам,
Сырқырар қырғыз жілігің.
Бермеймісің шүйінші, хан Тезек,
Алдыменен келеді,
Бәйгеге қосқан күлігің.
Ойық, Тілік ішінде
Жәкел Шоқай атанған,
Ақсақалдан бата алған,
Қожалардан хат алған.
Қоқанға қырғыз-қазақ жиылған,
Құмтөбеден үйілген,
Ілескер Құсбегі деген Қоқанның ұлығына,
«Шоқай датқа, сен сөйле?» – деп бұйырған.
Сөз бермей сөйлеп ұлыққа,
Кідіріп сонда қалып па?
Ұлықты жеңіп сөз алған,
Кешікпестен тез алған.
Шешен екен тілдері,
Бұлбұлдан ашық үндері,
Қырғыз бен қазақтың
Солай екен бұрынғы өткен күндері.
Аузы өскен төрт ұлы,
Жатыр екен бұл жақта.
Қызылқұрт пен Көкшекөз,
Жатыр екен ол жақта.
Малдыбай мен Таласбай,
Жабағы мен Жарқынбай,
Қас бекініс, хан созылып,
Қатарынан озылып.
Тағдырда Құдай қойыпты,
Атасынан жазылып.
Ерегіссең менімен,
Таңдайың кетер қазылып.
Күшің келмес қазақпен,
Неғып тұрсың күштесіп?
Ісің келмес қазақпен,
Неғып тұрсың істесіп?
Мажыра деген биі бар,
Ақ сарайдай үйі бар.
Бөлтірік деген шешені,
Ел бастаған көсемі.
Жатқанды іледі,
Ақ сұңқар құстай талпынып,
Алыстан тоят тіледі.
Шешендігін айтайын:
Қырғыз бенен қазақта,
Мойны озғанның бірі еді.
Ақылгөйін айтайын:
Адамның ішіндегі сөзін
Айтқызбай-ақ біледі.
Көсемдігін айтайын:
Бөдене алған қырғидай,
Тырнағымен іледі.
Сенің маған қарсы келгеніңе
Ел көтін ашып күледі.
Қасиетін айтайын:
Әдір Қыдыр қасына келіп түнеді.
Батырлығын айтайын:
Қылышын тасқа біледі.
Исі қазақ жиылып,
Киімді сыбай киініп,
Бір Аллаға сиынып,
Хан Абылай бас болып,
Қырғызбенен қас болып,
Аттанған екен қырғызға,
Сарбағыс пенен Мұндызға.
Қасындағы жолдасы,
Еңсегей бойлы ер Есім,
Айтайын өңкей жоласын.
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шақшақұлы Жәнібек,
Қарақалпақ Қылышбек,
Сіргелі Қараүлек,
Қос-қолаңын артынып,
Айыл-жеңін тартынып,
Ақ қалпақты қырғызға
Қатерін тігіп хан келді.
Аз ғана емес кісісі,
Мыңдаған сан келді.
Мөңкенің ақ шиіне
Абылай қосы тігілді,
Арғымақ аттар бүгілді.
Жаздай жайлап жатты да,
Қырғыз жаман шабылды.
Қырғызға тиді қағынды,
Саяқ, Садыр батырды,
Білдің бе сонда не қылды?!
Жаздай жатып жайлады,
Ақ қалпақты қырғызды.
Қарабура, Шанаштан
Қырғызды қуып асырды.
Асыра қуып айдады,
Саяқ, Садыр батырды,
Үсен, Теле ұлымен
Екі қолын байлады.
Ақырына келгенде,
Үсен, Теле ұлымен
Төртеуін бірдей жайлады.
Ботпай Қарпық палуан
Садырменен дос екен,
Өлер жері осы екен.
Абылай тінту салғанда,
«Жоқ!» деп оны жасырды.
Жаман киім кигізіп,
Төртеуін бірдей қашырды.
Абылай оны таныды,
«Шабамын!» деп төртеуін
Қылышын қынға жаныды.
Саяқ, Садыр өлген соң,
Етегі басқа түріліп,
Қырғыздың аты сүрінді.
Әділдің ұлы Нұралы,
Үш атаның ұлы қазақты
Хан Тезек келіп сұрады.
Аяғына келгенде,
«Айтқын» деп тұрады.
Бәйдібектің ұлы еді,
Үшеуінің бірі еді.
Ана жатқан Сары Үйсін,
Қарайғанның бәрі Үйсін.
Сары үйсінде Сары бар,
Көп жасаған кәрі бар.
Мен сенімен айтысқанда
Ұлы жүздің бәрі бар.
Меніменен айтысып,
Маңдайыңның соры бар.
Қай арада менімен
Таласатын жолың бар?!