Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сүйінбай мен Қатаған (1-бөлім)

Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 198 жол

Ассалаумағалайкүм, сәлем бердік,
Мүбәрәк жүздеріңді жаңа көрдік.
Атақты ас-жиынды құттықтауға,
Бауырлас, қырғыз елі, саған келдік.

Жүйріктер қосылмаған қою шаңға,
Қосылар қыран бүркіт қашқан аңға.
Хан Жантай, Қара Бәйтік, Әтекеңе,
Келіп ем амандаса Орман ханға.

Арғы атаң ер Әтіке, батыр Жантай,
Басыңа кидің бөрік қызыл алтай.
Қанаттас қырғыз елін көрмек үшін,

Боларын осы астың күттік алты ай.
Бас қосқан екі халық ұлы жиын,
Келген соң сөйлеу керек сөзден қайтпай.
Қол жайып, құран оқып өткендерге,
Аруағын атам қырғыз келдім жоқтай.

Алдына қалың қырғыз келгеннен соң,
Жарай ма қайтып кету көңіл айтпай?!
Қырағы аспандағы ақиықпын,
Құмарым басылмайды борандатпай!

Сүйінбай осылай деп тоқтағанда, Бәйтіктің тасасында
отырған қағылез, қайыстай қара жігіт қарғып тұрып,
қолына домбырасын ала айғайды салып, Сүйінбайға
тиіседі.

Қатаған:
Сүйінбай, тоқтат сөзіңді,
Ояйын ба көзіңді!
Ақынмын деп ойлайсың,
Мен тұрғанда өзіңді.
Қисық ағаш кездесті,
Бір құрайын тезімді.
Сыртыңнан іздеп жүруші ем,
Келтірді құдай кезіңді.
Барың болса қарышта,
Барар жерің сезілді.
Қатағанды байқамай,
Түстің бе, бәлем, қолыма,

Үрлейін мес қып теріңді.
Тырнағыма іліндің,
Күтірлетіп шайнайын
Қыбырлаған жеріңді.
Көрмеймісің, Сүйінбай,
Қазып қойған көріңді?!
Ажал айдап келген соң,
Саған өлім тегін-ді.
Келіп қапсың байқамай,
Өлетұғын жеріңді.
Шалғың келіп отыр ма,
Қаражалым, қызғышым,
Хан Орман, Бәйтік бегімді?!
Тентіреп жүріп қаңғырып,
Былғама шалқар көлімді.

Аяғыңды тарта бас,
Қырсықты жерің таяған.
Қатағанға, Сүйінбай,
Ұрындың келіп қатадан.
Қырғыздан шыққан жүйрікпін
Құс мойынды, қоян жон,
Тұлпардан туған жатаған.
Өз мініңді айтқызып,
Бай-мырзаңды құса ғып,
Өлтірерсің қападан.
Құрығымды ұсынсам,
Құтылған емес қашаған.

Е, Сүйінбай, Сүйінбай,
Сүйінбай, сені жеңемін,
Құдайға да сыйынбай!
Тас төбеңнен ұрайын,
Тал түсте соққан құйындай.
Жағыңды жаппай келгеннен,
Қоздырдың менің жынымды-ай!
Боз жапалақ сен едің,
Қияқты сұңқар мен едім.
Тырнағым саған ілінсе,
Қалмайды желкең қиылмай.
Еліңе сонда қайтарсың,
Көзіңнен жасың тыйылмай.
Осы жер жеңіп жіберсем,
Келмессің қайтып жиынға-ай!
Шоң Нарын – туған мекенім,
Ақын деп сені нетемін.
Алмас болат қылышпын,
Сүйегіңнен өтемін.
Меніменен айтыссаң,
Тақ түбіңе жетемін.
Сүйінбай, сені ақын деп,
Бекер-ақ келген екенмін!
Жар басында жантақсың,
Жарап жүрген бурамын,
Бір-ақ асап кетемін.

Менің атым – Қатаған,
Қоңырбөрі асында

Бес жүз жылқы матаған!
Қазақ, қырғыз таңырқап,
Қатаған шайыр атаған!
Сендей нашар ақындар,
Аяғыма бас ұрып,
Алдыма келіп бата алған.
Жүйрікпін жалын тараған,
Күнде шауып жараған.
Қара Бәйтік бегім бар,
Патшадан барып шен алған.
Қай жақсың бар қазақта
Хан Орманға балаған.
Батыр Жантай әне отыр,
Аузына қырғыз қараған.

Алыстан орап келейін,
Сазайыңды берейін.
Сүйінбай, сенен жеңілсем,
Ордадан шықпай өлейін.
Ойламаймын сөз ғой деп,
Сүйінбайдың өлеңін.
Қазаққа тәуір ақынсың,
Біздерге жоқ керегің.

Сүйінбай, сенен жеңілсем,
Қатаған болмай қатайын,
Көк шешектен жатайын,
Қазаққа ғана ақынсың,
Қырғызға келдің бәсең боп,

Бес тиынға сатайын.
Арманда қалма, Сүйінбай,
Ақын болсаң байқайын.
Есіңді сенің аударып,
Миыңды біраз шайқайын.
Айтыспаймын сенімен,
Сес көрсетіп қайтайын.

Сүйінбай, бәлем, сені ме,
Келе алмайсың теңіме!
Аузыңды ашып сөйлеме
Орман хан, Жантай бегіме.
Түсіндің бе, Сүйінбай,
Сөзімнің шындық жеріне.
Басың олжа өзіңе,
Ертеңмен қайтқын еліңе! –

деп, демін алғанда, Қатағанның екпінінен жасқанған Тезек
төре Сүйінбайға жалтақ-жалтақ қарай береді. А дегенде
Сүйінбай булығып қалады. Сол кезде шешен Бөлтірік
батыр Тезек төреге: «Ей, төрем, көтер басыңды, қаныңды
қашырма, Сүйінбай өлең таппай, сөз таппай отыр дейсің
бе?! Булығып отыр. Сүйінжан, шығар даусыңды», –
дегенде, Тезек төреден бастап сөйлеп кетеді.

Сүйінбай:
Қашырма, төре, қаныңды,
Кіргізейін жаныңды.
Қатағаннан жеңілсем,
Талап алғын малымды.

Іздегенім табылды!
Өз-өзінен қағынып,
Қатаған сөзден жаңылды.
Қызып тұрған темірге
Өзі келіп қарылды.
Алмас құрыш қылышпын,
Алтыннан соққан сабымды.
Наркескенге жолықтың,
Шашармын судай қаныңды.
Қабағын шытса Сүйінбай,
Тарту қылып тартарсың
Қойныңдағы жарыңды.
Айдап келіп берерсің,
Алдыңдағы малыңды,
Малың түгіл барыңды!
Ұяты жоқ, Қатаған,
Жүрегің не ғып қабынды.

Беделіңді түсіріп,
Төгейін сенің әріңді.
Қазір тартып аламын
Кеудеңдегі жаныңды.
Алжыған тазы секілді,
Аңламай шаптың аңыңды!
Бәйге атындай жосылсам,
Көре алмассың шаңымды.
Көп ішінде қағынып,
Қатаған сөзден жаңылды.
Еліме неге келдің деп,

Далбасалап тарынды.
Тұра тұрғын, Қатаған,
Шығарармын жаныңды.
Мен қазақтың атынан
Бір қағайын дабылды!

Анық ақын аңғарып,
Асылық сөз айтпайды.
Тел өскен қазақ, қырғызбыз,
Аруақты шатпайды!
Ұрыншақ ақын аңғармай,
Өзін-өзі мақтайды.
Шайырмын деп Қатаған,
Ұялмай топқа келгенше,
Үйіңде неге жатпайды?!
Домбыраның орнына
Таяқ алып қолына,
Бақташы боп тегінде,
Бұзауын неге бақпайды?!
Ну бәйгіге қосылса,
Жүйріктен басқа шаппайды.
Айдары алтын барысты
Сендей төбет қаппайды.
Сүйінбай айтар шындығын,
Қатағанша шатпайды.

Сүйінбай Аронұлы өлеңдері

Барлық 42 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері