Сүйінбай мен Арыстанбек айтысы (16-бөлім)
Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 171 жол
Шешен туды ұзырлы,
Шешендігіне қарасаң:
Дұшпанға сөз бермеген,
Кеудесін кеңес кернеген,
Жауға қылыш сермеген,
Елдің шетін бермеген,
Ат кетпеген кермеден.
Ақымбек пен Станбек,
Қылышын тасқа білеген.
Жақын жерге қарамай,
Алыстан тоят тілеген.
Жасынан шықты жұлқынып,
Асау тайдай бұлқынып,
Қырғыз-қазақ жиылса,
Станбек сөйлесе сөзді,
Желдей еседі.
Жауды көрсе екі көзі,
Ақымбектей теседі.
Қылышын сермесе,
Дұшпанның басын кеседі.
Сырт ағайын жиылып,
Осы екеуінің ерлігін
«Манастан кем емес қой» деседі.
Мырзабектен алты ұл туды,
Ең үлкені Сат еді,
Көкірегі хат еді.
Бір ұлының аты – Қатек-ті,
О да осал кісі емес,
Ежелгі батыр атақты.
Бірінің аты – Сәрке еді,
Таптан шыққан ерке еді.
Бірінің аты – Әлібек,
Олардың толып жатқан саны көп.
Бір ұлының аты – Әліке шешен,
Қырғыз-қазақ таныған,
Тілімен жағын жаныған.
Саурық атқа мінген соң,
Дұспанның басын кеседі.
Аш-арықты тойғызған,
Жуандығын содан біл,
«Ал, Саурық!» дегенде,
Қырғыздың жылаған баласы жұбанған.
Қырғыздағы Орманды
Айламенен алдырған.
Амалына жете алмай,
Қаражақ Қауғыл қасында,
Орман батыр болдырған.
Сегіз бек түгел шабылып,
Үмбетәлі, Шарғынды
Саурық әкеп байлаған.
Аш күзендей бүгілген,
Ержаннан түңілген,
Қаражақ Қауғыл қасында,
Төрт жүз өгізді,
Сегіз жүз қап астығымен
Ерулік беріп аяғына жығылған.
Қайда қазақ қырғыздан жеңілген?
Сөйлеген сайын әр жыртығың кеңіген.
Алғаның қайдан бізден артық,
Алам едің аларша.
Тілеуқабыл, батыр Қалпақ шабылған.
Қырғыз, менен артық не қылған?
Шүлдірлеген тілің бар,
Шығып жатқан мінің бар.
Қым етсе «Қазақ» деп,
Қазақта сенің жының бар.
Болмас істі істеген,
Өзіңді-өзің көтеріп,
«Сырнайшымын» деп мақтайсың,
Қамыс ауыз тістеген.
Тілегің қатқан бір елсің,
Болмас істі істеген.
Құрыған қырғыз сен едің,
өзіңнен басқа жанға көнбеген.
Үкі тауға тығылып,
Тайғаққа атың жығылып,
Бозаңды ішіп дуылдап,
Бір үйге жиылып шуылдап,
«Ал, Саурық!» дегенде,
Ет жүрегің суылдап.
«Ал, Саурық келер!» деп,
Жылаған балаң уанған.
Ақымектің баласы Сұраншы,
Он алтыға келгенде,
Сұраншы мінді аттың беліне,
Айбатты болды еліне.
Тізесі өтті қырғыздың жатқан бегіне!
Ата-ананың ұлынан
Қырғыз шабылмай қалады.
Айдаһардай ысқырды,
Шұрқырап жүрген қырғызды,
Үн шығармай жым қылды.
Ақ қалпақты қырғызды,
Сұраншы тыныш қылған,
Жүрген жерін кеніш қылған,
Жегендерін құстырған.
Қырғыз Қарабәйтікті,
Сұраншы батыр қуалап,
Шалбарына тыштырған.
Қара қыстақ, Шөңгірден
Қалшасын шауып айдады.
Бетке қарар пенде жоқ,
Қарсы келер өңге жоқ,
Жанның бәрі сендел-соқ.
Ақ үйді беріп қырғыздар,
Сұраншыға қарады.
Кісі өлтірсе Сұраншы,
Жатқа теңдік бермеді.
Қырғыз-қазақ жиылса,
Кісі орнына көрмеді.
Елдің шетін бақтырды,
Атына мама қақтырды.
Егескен дұспанның
Жілігін тасқа шақтырды.
Қырғыз Төрекелдінің сақалын аларда,
Жүз жігіт алдынан нақ тұрды.
Қазақ Тойшыбек батыр
Қасқарау Есім батырмен қас екен.
«Керімді шауып кеткін!» деп,
Тойшыбек бұшты хат берген,
Жанқараш, Жантай
Керіммен дос екен,
Шын жері сөздің осы екен.
«Ертең шапқыншы барад» деп,
Жанқараша, Жантай кісі шаптырды.
Түніменен үркінде,
Керім кетті төмендеп.
Үш күн, үш түн үркінде,
Ақтоғайдан барып шықты,
Қарт бурадай шүмеңдеп.
Керім қашып құтылды,
Сарт пен қырғыз келді де,
Жайыла тауға қаптады,
Керімді жұрттан таппады.
Тілеуқабыл мен Маймыр,
Сарыкемерде шабылды.
Сауырынан аққан тер
Пұшпағына сабылды.
Сұраншыдан басқасы,
Сол жауыңа нағылды?!
Үш бөлінді бұл Дулат,
Бір бөлігі Іленің аржағын,
Айсаның қарын өрледі.
Шапырашты Қарасай,
Жаудан қашар ер ме еді.
Жетім менен жесірді
Іленің түбегіне қамады.
Ұстап алды баршасын,
Суға лақтырды қаншасын?
Жетім менен жесірді,
Екі-екіден түйеге мінгестіріп,
Қырғыз бен сарт жөнеді,
Олжа қолы кенелді.
Жағалана Күртіге,
Ақ шатыр мен көк шатыр тігілді.
Бие дағы сойылды,
Түйе дағы сойылды,
Сарттың ұлығы
Сырлы найза қолға ұстап,
Сойыс сойып ет жеді.
Қырық мың әскер келді де,
Жуық маңда кетпеді.
Дулатта айырар кісі болмады,
Батыр деген Сыпатай,
Түнде үркіп жөнелді.
Дихамбай, Күреңкей, Шалабай,
Тоғай батыр қасында,
Ала туы жығылған.
Сарыбұлақтың басында,
Ыңырақайдың тасында,
Көшіп барып тығылған.