Сүйінбай мен Қатаған (5-бөлім)
Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 151 жол
Көбі қалды елімнің,
Көбі қалса нетейін!
Орал тауға бір қонып,
Қиғаштап төмен өтейін.
Бүркіттей түсі түксиіп,
Бақ орнап, қызыр жайлаған,
Мың-мыңдап бие байлаған,
Мың-мыңдап түйе айдаған,
Қарсы келген дұшпанын
Қоралы қойдай жайпаған,
Кіші жүзге жетейін!
Елімнің қандай екенін
Түсінген шығар көкейің?!
Өлерің ақыр өлген соң,
Құлақты салып тыңдап тұр,
Төбеңнен тесіп өтейін!
Төніп тұрған көк тұман –
Кіші жүздің баласы.
Айналасы көк теңіз,
Соған барып қосылған,
Еділ, Жайық – екі су,
Сырдарияның саласы.
Арасында сол жердің
Кіші жүздің баласы.
Сұлтансиық, Бақсиық,
Хан қызы екен анасы.
Бәрі батыр баласы,
Қаннан кеуіп көрген жоқ
Найзасының сағасы!
Он екі ата Байұлы,
Жеті аталы – Жеті ру,
Әлім менен Шөмекей,
Халқымның еді жағасы!
Одан арман шу дейін,
Соққан желдей гулейін.
Кіші жүздің ішінде –
Алшын менен Жаппасым,
Жаңа бұрдым ат басын.
Сүйінбай сөйлеп болғанша,
Тұра тұрғын, саппасым.
Былай барсаң Қаңлым бар.
Қаңлым келсе өзіңе,
Бет-аузыңды қан қылар,
Кең дүниеңді тар қылар!
Қойныңдағы жарыңды
Тартып алып, зар қылар.
Мықтымын деді Қатаған,
Бұған кімді пар қылар?!
Онан да ары барғанда,
Қазақты жинап алғанда,
Тоқсан екі ұлы бар,
Қыпшағымды айтайын.
Тоқсан баулы Қоңыратты
Әңгіме ғып қозғасам,
Жүре алмассың жалғанда!
Күнің қандай болады
Ноғайлыға барғанда?!
Ноғайлыға қосымша
Тағы бар жалғас Тамасы.
Батыр болсаң, кәнеки,
Бетіме тура қарашы!
«Көппін» дейді Қатаған,
Көңілінде жоқ қой санасы.
Толып жатқан көп қазақ
Көк пенен жердің арасы!
Айтысуға менімен
Енді қылшы талапты.
Шала сөйлеп шаңқылдап,
Қараттың жерге манапты.
Бағын бастан ұшырып,
Хандарың отыр қысылып.
Көппін деп маған айтпай-ақ,
Баймын десең жетпей ме?!
Ерегіссе ереулер,
Егескен адам ептей ме?!
Қылышындай Әлінің
Наркескенге жолықтың,
Сүйегіңнен өтпей ме?!
Көтер бері басыңды –
Сүйінбайға қарашы,
Қаныңды судай төкпей ме?!
Ішің – жалын, сыртың – шоқ,
Меніменен айтысып,
Қатаған, сенің қадамың,
Әуел бастан оңған жоқ!
Ұрыншақ аттай, Қатаған,
Басылған шығар қарқының.
Енді, қане, қозғалма,
Нар бурадай тарпыдым!
Мына отырған Қатаған,
Жеңемін деп ойлайды.
Ажалы жеткен қарғадай,
Бүркітпенен ойнайды!
Қайта-қайта мақтанып,
Бәйтіктің шенін қоймайды.
Несін мақтан қыласың,
Аңға шыққан тазыға
Оған да қарғы байлайды!
Орай сайға қондырып,
Келтірді құдай кезіңді.
Қозғалма енді, Қатаған,
Оярмын екі көзіңді!
Мен бір емен ағашпын,
Білесе де сынбаймын!
Алдаспанға жолықтың
Түбіңе жетпей тынбаймын!
Сөз бастаған бұлбұлмын,
Топ бастаған дүлдүлмін.
Судан шыққан сүйрікпін,
Бәйгеде озған жүйрікпін!
Шығарма, Қатаған, үніңді
Есіңде сақта құлаған,
Қанатың сынған күніңді.
Қырғыз, қазақ жиылып,
Жалпылдатпа мұныңды! –
деп тоқтайды Сүйінбай.
– Ботам Сүйінбай! Сен жеңдің, Қатаған жеңілді.
Қатаған көппін деп мақтанды, аттың түгіндей қазақтан
қырғыз қашан көп болып еді?! Бірақ, қазақ ала ауыз ел,
әттең, сен соны айтпадың, Қатаған! – деп ашуланады
батыр Жантай.
Өзіңдей қазақтың жүйрік, алғыр ақынынан қалың
қырғыз ешбір сыйын аямайды. Бір еркелігіңді көтерерміз.
Жеңген жүлдеңе не таңдайсың? Соны өлеңмен айтшы,
Сүйінжан!– дейді екі елдің айтысын басқарып отырған,
төрағасы Қара Бәйтік.
Сүйінбай:
Ер-тоқымы алтыннан
Бір ат бергін астыма,
Әсемдетіп мінерге.
Керегесі күмістен,
Босағасы асыл тас,
Бір ақ отау үй бергін,
Еңкейіп оған кірерге!
Алтын қынап, қылыш бер,
Білегіме ілерге.
Он жеті жасар бір қыз бер,
Онымен ойнап-күлерге.
Он бес атан түйе бер,
Жүгімді артып жүрерге.
Тоғыз жүз жылқы берерсің,
Еліме айдап барарға!
Тоғыз жүз жамбы берерсің,
Сандығыма саларға!
Іздеп келген Сүйінбай –
Кем берсең мұнан алар ма?!
Келістіріп сөйлесе,
Жақсыдан сөз қалар ма?!
Өз ойына сенбесе,
Суырылған жүйірік болмаса,
Жақсылар алдына келер ме?! –