Қобыланды батыр (12-бөлім)
Қобыланды · Ә. Диваев нұсқасы · 3 мин оқу
Ақырында жанындағы Қараманға:—Жылқыға барып Тайбурылды алып кел, «ердің жаны атыменен тең» деп кәпірлер айтушы еді, атына қыл бұрау салып шыңғыртсақ, батырдың өзі де шыдап жата алмас,—деді Қарлыға.
Қараман Тайбурылды алып келгеннен кейін, Қарлыға айтқанындай қылып еді, Тайбурыл шыңғырды. Атының даусын есіткеннен кейін Қобыланды батыр шыдап жата алмай:— Не қылсаң да, кәпір, өзіме қыл!—деп ақыра түрегеліп еді, есікті мойнына іле шықты. Қарлыға қыз:—Кел, батыр, үйде жатып жаудан кек ала алмайсыз, атқа мініп майданға шығыңыз!— деді де, өзі жаяу Қобыландылардан қалмай жылқысын айдасып жүре берді. Бұл соныменен доғарыла тұрсын. Енді Қобыланды батырдың әруағына мініп, Тайбурылдың үстінде жарқылдап, олжа жылқыны айдап бара жатқандағы түрін сымбаттап жазылған өлеңді қалдырмайық. Ол өлең мынау:
Артық туған Қобыланды
Тайбурылға мінеді.
Бадана көзді ақ сауыт
Денесіне киеді.
Беліне байлап болатты,
Қарына найза іледі.
Қараман мен екеуі
Арманда қалған қос батыр
Көбікті ханның жылқысын
Және де айдап жөнеді.
Артық туған Қарлыға
Боз жорға аттай ырғалып,
Асқар-асқар бел қалып,
Ата-ана, қарындас,
Қалың шәһар ел қалып,
Туып-өскен жер қалып,
Қобыланды еске түскенде
Қыздың шері қозғалып.
«Бір жасаған Құдайым,
Һәр іс салса көнем,—деп,
Арманым жоқ дүниеден
Қобыландымен бас қосып,
Бірге жүріп өлсем»,—деп,
Өзі жаяу Қарлыға
Қос батырға қосылып,
Әкесінің жылқысын
Бірге айдасып жөнеді.
Құба дөңнен өткенде,
Сарыөзенге жеткенде,
Көбіктінің Тарлан ат
Әуеге қарап есінеп,
Ием бе деп кісінеп,
Жау екенін білген соң,
Жылқы ішінде ала-ды,
Қайта айналып шаһарға
Тарлан ат қашып барады.
Жалғасып қуған екеуі
Қарасын көрмей қалады.
Өзі жаяу Қарлыға
Тарлан аттың артынан
Бұ да салды қалаға.
Ат та енеді қалаға,
Қыз да кірді қалаға.
(Өтірік емес, жан аға,)
Қыздың көңілі көп ғашық
Қобыланды сынды балаға.
Тарлан аты қашып келіпті,
Есітті дүбірін Көбікті.
Ат барған соң Көбікті,
—Ат ертте,—деп желікті.
Сол дыбыспен Қарлыға
Әкесіне келіпті.
Қарлыға келіп сөйлейді:
—Көзге түсер биік там,
Таң болар мені көрген жан.
Ұйқымды бұзба, атажан,
Сорлы атам, неге желіктің?
Өзім жаңа байладым—
Өзіңе серік тұлпарың
Жем жейін деп келіпті.
Осы сөзбен Қарлыға
Көбіктіні жатқызды,
Әбілетке батқызды.
Тарлан атқа Қарлыға
Алтын тұрман ер салды,
Аз ғана азық жем салды.
Қобыланды еске түскенде
Қыздың шері қозғалды.
Ақмоншақ атқа мінеді,
Ноғай бөркін киеді,
Төбе шашын түйеді.
Ақ сүңгісін қолға алып,
Оқ жыландай толғанып,
Қобыландыға қосылып,
Әкесінің жылқысын
Бірге айдасып жөнеді.
Сарыөзеннен өткенде,
Күн сәскеге жеткенде
Құнан да аттың тынысы
Оттамайды, жусайды,
Бүгжеңдеп жүрмей келеді
Жамандатқыр көк бесті.
Қашаған көктің інісі
Жылқы ішінде ала-ды,
Қылшаң жүнді қара-ды.
Әуеге қарап есінеп,
Ием бе деп кісінеп,
Жау екенін білген соң,
Құйрығын құстай тарады,
Желкесінен қарады,
Бауырынан жарады.
Қайта айналып көк бесті
Шәһаріне қашып барады.
Жалғаса қуған үшеуі
Қарасын көрмей қалады.
Қашып барып көк бесті
Шәріне барып еніпті.
Есітіп дүбір Көбікті,
Ат барған соң желікті.
Кеткенін біліп қызының
Қаһарланып Көбікті,
Көк бесті атқа ер салды.
Азғана азық жем салды
Ат басындай тас шоқпар
Көбікті батыр қолға алды
Көбікті мініп атына,
Бұрынғы тартып салтына
Жылқысын алған ерлердің
Көбікті түсті артына.