Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (1-бөлім)

Қобыланды · Ә. Диваев нұсқасы · 2 мин оқу

Қият рулық Қараманның жауға аттанып бара жатып, құрдасы қара қыпшақ Қобыланды батырға айтқаны:

Қараман айтты:—Құрдасжан,
Мен—Сейілдің ұлы Қараман
Қазанға кетіп барамын,
Жүрмейсің бе, құрдасжан,
Көп қолқалық қыламын
Замандасым, мұңдасым,
Заманы бірге сырласым.
Жасы бірге құрдасым,
Қазан деген шәріге
Сапар тартып, жол шектім,
Жүрмейсің бе, жолбарысым?
Жасыңнан артық талайың,
Қобыланды сынды батыр ең
Жұлдызы туған жоғары,
Жүрмейсің бе, құрдасым?
Дұға тиген ер едің,
Кезіне келген дұшпанның
Білемін, Қобылан, оңбасын.
Қазандағы кәпірге
Сапар қылып жол шектім,
Жүрмейсің бе, жолбарысым?!
Қобыланды сонда сөйледі:
—Бағымды бастан алмасын,
Алды-артымнан шалмасын,
Ақыреттік жолдасым—
Ителгі құстай іледі,
Сүйкімді назбен күледі.
Менің барар-бармасым
Хабар салып алайын,
Үйдегі Құртқам біледі.
Мұны естіп Естеміс,
Сұрағалы Құртқадан
Сол арада жөнелді.
Құртқадан хабар алмаққа
Қобыландының жанынан
Естемес шықты ел жата.
Базарда бар ақ мата,
Бұл сөзімде жоқ қата.
Ойнақтайды жас бота,
Тоқтарбайдың қасында
Құртқа тіккен отауға,
Қыз Құртқаның жанынан
Естеміс тыстан сөз қата,
Күн шыққан соң, таң ата.
Естемес келіп сөйлейді:
—Үйдемісің, қыз Құртқа,
[Түздемісің, қыз Құртқа]
Әйел болдың амал жоқ,
Егерде еркек болғанда,
Болар ең тұтқа бір жұртқа.
Мінген аты қызыл-ды,
Іс тағдырға сызылды.
Жолда жатқан дұшпанға
Арыстанның көңілі бұзылды.
Мінбекке керек қазанат,
Белге керек шар болат.
Денеге керек жалаң қат,
Жан—Жаббарға аманат.
Жалғыз емес Қобылекем,
Қияттан шықты қолқанат.
Батырың мініп шабуға,
Асыл туған қыз Құртқа,
Жазымен баққан бурыл ат
Жарамай ма, жарай ма?
Құртқаның сонда шыққаны:
Қылаң етіп, қылт етіп,
Сылаң етіп, сылт етіп,
Саулы інгендей ыңқылдап,
Күшігендей сыңқылдап,
Сөйлеген сөзі сымпылдап.
Алтын иек ақ Құртқа
Көтеріп жаулық сөйлейді,
Естеміс құлға былқылдап:
—Дүниеде көп адамзат,
Бенде тоймас іңкәрға
Екі тоқты, бір саулық
Берер едім қырқарға.
Жұмсады ма сізді
Үйдегі бурыл тұлпарға?
Дұғай сәлем дегейсің
Тұлпарыңа жұмсаған
Жұрт иесі сұңқарға.
Жана да сәлем дегейсің
Құрбы менен құрдасқа—
Заманы бірге сырласқа,
Жылы бірге жолдасқа,
Жасы бірге мұңдасқа.
Мінем көшке көк қасқа,
Саламын қамшы жамбасқа.
Бірі қастық қылмайды
Жанына ерген жолдасқа.
Мереке менен той басқа,
Ешкі менен қой басқа.
Шайтан менен жын басқа,
Бәйбіше менен күң басқа.
Туған ұл мен құл басқа,
Жұмсады ма сіздерді
Біздей нашар жолдасқа?!
Жолдасына жұмсаған
Көп құлдық бас дегейсің,
Қараспан тауын жайлаған
Жұрт иесі жолбарысқа.
Әуелі Құдай алмасын,
Алды-артымнан шалмасын.
Тілімді алса, сұлтаным,
Бұл сапарға бармасын,
Бұл олжадан алмасын.
Көп жылайды дегейсің
Үйдегі нашар жолдасың.
Асқар тауда белдік бар,
Жасағанда кеңдік бар,
Азда қанша теңдік бар,
Құрдаста қанша елдік бар,
Тілімді алып, бармасын.
Сұлтаныма сәлем де,
Біз байлаған Бурылда
Қырық үш күндік кемдік бар.
Мұны естіп Естеміс,
Қобыландыға келеді.
«Құртқа солай айтад» деп,
Естеміс барды Қобыланға.
Қобыланды келді құрдасқа,
Жүремін деген жолдасқа.
Сонда Қобылан сөйледі:
—Көлден ұшқан қалбаймын,
Жаманның тілін алмаймын.

Тағы оқыңыз