Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (2-бөлім)

Қобыланды · Ә. Диваев нұсқасы · 3 мин оқу

Хақ бұйырған сапардан,
Арыстаным, қалмаймын.
Асыл достым, сөкпесең,
Бұл сапарға бармаймын,
Бұл олжадан алмаймын.
Асқар таулы бел деген,
Ақ бармақпен жемдеген,
Ауырса жеммен емдеген,
Өзінен басқа көрмеген,
Өзінен басқа білмеген.
Бағып тұрған баласы,
Күтіп тұрған анасы—
Өзі әйелдің данасы
Тұлпар туған Бурылдың
Қырық үш күні кем деген.
Қараман сонда сөйледі:
—Бұл барғаннан барсақ біз,
Ер Қазанды өлтіріп,
Қаласын бұзып алсақ біз.
Еркек болып не етеміз,
Әр сапарға шығарда
Қатынға ақыл салсақ біз.
Есіктің алды ебене,
Ерлер киер кебене.
Наздар киер кебе ме,
Кеткен кісі келе ме,
Алған Тәңірім бере ме?!
Әр тарапқа шығарда
Қатынға ақыл салған соң,
Асыл туған Қобыланды,
Қатынның тілін алған соң,
Неше батыр болса да,
Басында билік жоқ адам,
Асыл туған Қобыланды,
Ол қатын емей немене?

Әлқисса, сонда құрдасы Қараманның аузынан мынадай сөз шыққаннан кейін, Қобыланды батыр қатыны Құртқаға ашуланып, басын кесіп келуге атына мініп, жөнелген жері.

Сонда Қобыланды батырдың
Тері тамып иектен,
Үш ай тоқсан болғанда,
Құтылар қошқар күйектен.
Ордалы құлан орғыттым
Миялы қия үйектен.
Неше батыр болса да,
Қараман айтқан бұл сөзі
Өтіп кетті сүйектен.
Тобыршақ атқа зор салды,
Қамшы басты сауырға.
Екпіні ұқсап дауылға,
Тобығы меңді тор атпен
Қобыланды шапты ауылға.
Қатуланып, қаттанып,
Буырқанып, бұрсанып,
Мұздай темір құрсанып,
Қабағынан қар жауып,
Кірпігінен мұз тамып,
Ар жақ пенен бер жаққа
Найзасын ұстап бармаққа.
Аттанбаққа қалмаққа,
Құдай жолын алмаққа.
Еш кінәсі жоқ еді,
Сөзге сынық қылды деп,
Егер шықса алдынан,
Батыр кейіп келеді
Бұлаңдаған Құртқаның
Басын кесіп алмаққа.
Дарбазалы есікті,
Пайғамбардай несіпті
Үйде отырған қыз Құртқа
Дүбірін аттың есітті.
«Ағыны қатты кім болсын,
Сұлтаным дағы» десіпті.
Түрегеліп бұлаңдап,
Қарады да қамықты.
Құстың жүні мамық-ты,
Арпа-бидай қабық-ты.
Көтере алмас кедейлер
Жылында бір қой салықты.
Тастай беріп қыз Құртқа
Және ашады жабықты.
Жабықтан көзін салыпты,
Қараса ерді таныпты.
Түсі суық көрінді,
Ерге болған секілді
Бір сөзбенен жазықты.
Құртқадайын сұлуың
Өксіп жылап қамықты.
Енді Құртқа сасады,
Бетінен қаны қашады,
Оң етегін басады.
Сасқаны емей немене,
Аш күзендей бүгілді.
Шыдай алмай қорыққаннан,
Есік пенен төріне
Неше қайта жүгірді.
Сасып жүріп, жөн тауып,
Ақылменен ой тауып,
Түтікпенен су ішкен,
Түндікпенен күн көрген,
Төрде тұрған Бурылдың
Басын шешіп алады.
Тайбурыл атты жетектеп,
Қобыландыдай бөрінің
Бұлаңдаған қыз Құртқа
Алдынан кетіп барады.
Бурыл емес, көк дөнен
Туғаннан жеміс, жеді өлең.
Туғалы торды көрмеген
Түнектен шыққан Тайбурыл
Ай далаға шыққан соң,
Түлкідей көзі жайнады,
Қазандай болып қайнады,
Көлденең жатқан көк тасты
Сулығы деп шайнады.
Он екі құлаш арқанмен
Атылып Бурыл ойнады.
Қыз Құртқаны көтеріп,
Бурыл көкке екі ұшты.
Салмағыменен қыз Құртқа
Алып жерге бұл түсті.
Анасы әйел демесең,
Сол Құртқадан кім күшті?!
Қамығып Құртқа сөйлейді:
—Асқар таудың белдігі,
Аздың бар ма теңдігі.
Құрдастың жоқ-ты елдігі,
Жалғыздарға жар болған
Алланың көп-дүр кеңдігі.
Үш ұшар ең аспанға,
Бір ұшуың кем болды.
Мен қайтейін, Тайбурыл,
Қырық үш күннің кемдігі.
Кентті жерді жайласа,
Үзілмейді базары.
Қайда қалмас жігіттер,
Өлген сордың мазары.
Қобыландыдай бөрінің
Тайбурылды көрген соң,
Құртқадан қайтып қаһары,
Бурылға түсті назары.
Қобыланды сонда сөйледі:
—Көлден ұшқан қаздаймын,
Қаз жайлайтын саздаймын.
Наурыздан соңғы жаздаймын,
Ақылы жоқ мен байғұс
Бүйтіп жүрген Құртқаны
Шауып тастай жаздаймын.
Сарайда, сарай, сарай бар,
Сарайға қолын жеткізген
Қос өркешті қызыл нар.
Әр бәндеге ылайық
Өзіне Тәңірім қосқан жар.
Малы кемнің зары бар,
Әр адамның өзінің
Ылайықты жары бар.
Атымды бағып баптауға,
Текшедегі найзамды
Қарағайға саптауға,
Құртқадайын майысар
Жар тапқанымша талай бар.
Сонда Құртқа жабықты,
Құс төсекті мамық-ты,
Арпа-бидай қабық-ты.
Батыр Қобылан келгенде,
Наз етсе де, қорықса да,
Құртқадайын сұлуың
Өксіп жылап қамықты.

Тағы оқыңыз