Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (6-бөлім)

Қобыланды · Ә. Диваев нұсқасы · 3 мин оқу

Қобыланды батыр келсе, Қараман батыр Қазанның қаласын, дұшпандардың жай-күйлерін білмек үшін жіберген он сегіз жансызы қайтып келіп отыр екен. Қобыландыны көргеннен кейін амандасып отырып, мынау сөздерді айтады:—Сырлы қаланың олжасы мол екен, атысар адамы жоқ екен. Қазанның өзінің жатқан Қара қаланың бір жағы аққан су, биік жар екен, бір жағы жеті қабат қазған ор екен. Қайрат етіп алған кісіге онда да олжа мол екен. Қазан қаласы бұл жерден қырық күншілік шөл екен.

Жансыздардың бұл сөздерін есіткеннен кейін Қараман батыр:—Кімде-кім батасын оқып, малтасын жеп, ат құйрығын сүзіп, Қазан қаласына ат қойып, қамалды бұзып, осы жақтан адамдарға олжа салса, сол адам осы қосынға бас болады,—деп атына мініп жөнеп кетеді.

Қобыланды батыр сол арада сол күні жатты. Екінші күні жатты, келесі күні (үшінші күн) дұшпанға аттануға көңілі қобалжып, тау басына шығып, Тайбурылдың құйрығын сүзіп, кекілін талдап, көңілін алдап, теңселе басып ырғалып, көп қосынды жөнелтіп жіберіп, Тайбурылмен оңаша қалып атына айтқан сөзі:

—Төрткілдеп соққан төбедей,
Шаншармын найза жебедей,
Ескіден қалған көнедей,
Тойтармаған шегедей
Жаңылдың ба, Тайбурыл,
Мінейін деп тұрғанда,
Анаңыз Құртқа не деді?
Қыдыра жалды жылқыдан
Бурыл қалмас деп еді.
Әуелі Алла анайым,
Хақ жаратқан Құдайым,
Ұжмақта хорлар сымбатты
Үйдегі Құртқа жұбайым.
Жұбайым Құртқа болды деп,
Жемеймін, Бурыл, уайым.
Анаңыз «тұлпар» деуші еді,
Анаңның сөзін сынайын.
Біздің ауыл қалыста,
Есебі жоқ алыста.
Қаса тұлпар ат болсаң,
Тұлпарым, бүгін қарышта!
Қырық күншілік Қазанға
Бір мезгілде жетуге
Сіздей малға алыс па?
Қатын Қобылан қалды деп,
Кешегі кеткен жолдасқа
Қоямысың намысқа?!
Дұшпанның келдім кезіне,
Тұлпарым, саған айтайын
Сал құлағың сөзіме.
Қырық күншілік Қазанды
Намаздігер өткенше,
Намазшамға жеткенше,
Түсірмесең жүзіме,
Көрсетпесең көзіме,
Онда шешең, мұнда мен
Қалады көңілім өзіңе!
Осылай толғап болды да,
Артық туған Қобыланды
Тобылғы сапты қамшыны
Толғап ұрды санына.
Астындағы тұлпардың
Жаман батты жанына.
Жанына батпай не қылсын,
Сауысқан, қарға тойынды
Санынан аққан қанына.
Қобыландының қамшысы
Тайбурылға шын батты,
Шыбын жаны тым тәтті.
Құрбысында адам жоқ
Қобыландыдай сымбатты.
Жанына қамшы батқан соң,
Жоғарғы ерні жыбырлап,
Төмені ерні қыбырлап,
Иегімен сыбырлап,
Тайбурылға тіл бітті
Тәңірі оны сөйлетті.
Тайбурыл сонда сөйледі:
—Назбедеуге бітер жал,
Кімге келмес керімсал,
Алуа менен шекер-бал.
Салып едің қамшыңды
Шығара жаздың кеудемнен
Бір шыбындай жанымды.
Артық туған Қобыланды нар,
Қызылбастың жұртына
Осынша болдың ынтызар.
Басымды түзеп, сал жолға,
Төрт аяғым тең жорға.
Үстімде сен есенде
Қажу бар ма мен сорда!
Айтқаның жерде қалар ма,
Құртқа сынды жұбайға
Жаратқан соң Құдай ат қылып,
Сіз секілді сыбайға.
Қырық күншілік Қазанға
Бір мезгілде жет дейсің,
Ұшқан құсқа оңай ма?
Қиын да болса, Қобыланды,
Қиналамын, қайтейін,
Уәдеңіз солай ма?
Қазанның Сырлы қаласын
Намаздігер өткенше,
Намазшамға жеткенше
Түсірмесем жүзіңе,
Көрсетпесем көзіңе,
Сөйтіп мінген Бурылды
Сол жерде шал Құдайға.
Қобыланды сынды батырдың
Көңілі бітіп Бурылға:
—Әйт, жануар, шу,—деді,
Аршындап Бурыл гуледі.
Тау мен тасты көрмеді,
Табаны жерге тимеді.
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі.
Қараша емес қауыс-ты
Қоңырлатып дауысты,
Берсін кімге намысты.
Күн төбеден аумай-ақ,
Түзеді Бурыл шабысты.
Қос құлағы тігілді
Қайырға біткен қамыстай.
Түс ауған соң бүктелді
Илеуі жеткен қайыстай.
Байлаулы малдай шешілді,
Төрт аяғы көсілді.
Кешегі кеткен қосынға
Бұлаңдаған Бурылмен
Артық туған Қобыланды
Аңғытып жетті бесінде.
Қол соңында барады
Қара Боқан жаурыншы.
Боқанға келді:—Арма!—деп,
Алдыңда кісі бар ма?—деп.
Сонда Боқан сөйлейді:
—Жылқы ішінде ала-ды,
Қылшық жүнді қара-ды
Осынау дөңнің астында
Аққозы кетіп барады.
Тайбурыл атты құтыртып,
Оған да келді сыпыртып:
—Үлкен едің, арма,—деп,
Алдыңда кісің бар ма?—деп.
Аққозы айтты аланы,
Қылшық жүнді қараны.

Тағы оқыңыз