Қобыланды батыр (7-бөлім)
Қобыланды · Ә. Диваев нұсқасы · 2 мин оқу
—Осы таудың астында
Қосдәулет кетіп барады.
Тайбурылды құтыртып,
Оған да жетті сыпыртып:
—Үлкен едің, арма,—деп,
Алдыңда кісі бар ма?—деп.
Қосдәулет сонда сөйледі:
—Алыстан айқын көрінген
Қылшаң жүнді қара-ды.
Адасты деп ойлап ек
Қобыланды сынды баланы.
Оңдаса Құдай сапарды,
Бәнденің болмас шарасы,
Қызыл тілді сөйлеткен
Қаусырма жақтың арасы.
Жеткен-ді деп ойлаймын
Өз көңіліме шамасы.
Кешегі қонған мезгілден
Шапқаннан бері, шырағым,
Көрінген жоқ көзіме
Құрдасыңның қарасы.
—Әйт, жануар, шу,—деді,
Бурыл тұлпар гуледі.
Емен найза қолынан,
Жұлдызы туды оңынан.
Бір сағаттай болмай-ақ,
Екпінді тұлпар Бурылмен
Қобыланды сынды батырың
Қараманға жетті соңынан.
Қобыланды жетіп сөйлейді:
—Болғаның ба, досым-ай,
Мақтаған атың осыма-ай?!
Он екі күнде келерсің,
Менің жауға тіккен қосыма-ай!
Тауға біткен татыр-ай,
Жарасар құрған шатыр-ай.
Анау күні «қатын» деп,
Қарамай кеткен батыр-ай!
Қатын да болса білдің бе,
Құртқамның асыл затын-ай!
Қатынның баққан атын-ай,
Қалсаң өлім жақын-ай!
Жүрмейсің бе, Қараман,
Үш күн кейін соң қалып,
Мен де озып барамын.
Жүре берді бұларға
Жалғыз сағат қарамай.
Қала берді көп қият
Бірі еруге жарамай.
Бұл жерде Бурыл гуледі.
—Әйт, жануар, шу—деді.
Көлденең жатқан көк тасты
Тегістеп тілген тұяғы
Саз балшықтай иледі.
Қарсы келген қабақтан
Бурыл қарғып жөнеді.
Аманбайдың «Ақ тікен»
Асып Бурыл жөнеді.
Байалышты құмайттан,
Бүлдіргенді шүңейттен,
Асу-асу шөлдерден,
Қасқалдақты көлдерден,
Асқар-асқар белдерден,
Ылай-батпақ көлдерден,
Қан сасыған жерлерден.
Үмітін үзіп жол шекті
Қараспанды жайлаған
Қалың қыпшақ елдерден.
Хан жайлаған Қаратау,
Би жайлаған Алатау
Одан да өтіп жол шекті.
Сол төбе мен бұл төбе,
Бауыры шұбар кең төбе,
Күдердің қара дөңінен
Бесінде өтті шенінен.
Астындағы Тайбурыл
Арандай аузын ашады,
Аяғын топ-топ басады.
Бір төбенің тозаңын
Бір төбеге қосады.
Жаңбырдай тері сіркіреп,
Жауған күндей күркіреп,
Қар суындай тасады.
Құлан менен құлжаның
Ұзатпай алдын тосады.
Көл жағалай отырған
Көкқұтан менен қарабай
Көтеріліп ұшқанда,
Белінен кесе басады.
Өлген құстар көп қалды,
Ақсары менен лашын
Өлген құсты жеп қалды.
Қоғалының Қулы көл,
Жекендінің Желді көл,
Қызғыштының Қызыл көл,
Сеңгір-сеңгір таулардан
Секіріп Бурыл жөнеді.
Астындағы Тайбурыл
Құбылып, ойнап жер басты.
Алдыңғыдан артқысын
Сынық сүйем кем басты.
Шалқайып ұшқан қоңыр қаз
Тозаңынан адасты.
Бірде шауып желеді
Құбылып ойнап жер басып,
Дөңгеленіп келеді.
Намаздігер өткенде,
Намаз-ақшам жеткенде
Қазанның Сырлы қаласын
Қобыланды батыр көреді.
Қазандының көп жылқы
Жатыр екен далада,
Қаланың сыртқы баурында.
Бұлаңдаған Бурылмен
Қобыланды жетіп келеді.
Артық туған Қобыланды
Қуалап жылқы алады,
Айдап жөнге салады.
Бір уақытта көңіл қылады,
Бұзайын деп ойлайды
Қазанның Сырлы қаласын.
Қобыланды жалғыз ат қойып,
Қаланың аузын қандатты,
Көшенің аузын шаңдатты.
Қақпадан атын қарғытты,
Қандектен оғын ырғытты.