Қобыланды батыр (11-бөлім)
Қобыланды · Ә. Диваев нұсқасы · 2 мин оқу
Қарлыға екі батырды жауып отырып ойлады: «Мен бұрыннан да мұсылман болуға құмарланып жүрген адам едім, егер бұл екі жігіттің ішінен ер болғандайы табыларлық болса, сонысымен қашып кетейін, болмаса екеуі де лабақта жатып шірісін»,—деді де, қос батырға мынау сөзді айтады.
—Тауда бітер айтатыр,
Ол татырда мал жатыр.
Байлауда жатқан қос батыр,
Мейіз берсем жеймісің?
Далада жатқан жылқымды
Айдап қашқан ермісің?
Қолыңды шешіп, қашырсам,
Қарлыға қыз қашырмай,
Өзім қаштым дермісің?
Қараман сонда сөйледі:
—Менім өзім нашармын,
Түтікпенен аузым ашармын.
Бұл бейнеттен құтқарсаң,
Болайын сізден тасадтық.
Қарлыға, босат қолымды,
Бұл шаһардан қашамын.
Қобыланды сонда сөйледі:
—Хош-аман бол, Қараман,
Сен қашсаң да, мен қашпан,
Ат жолынан адасқан,
Ердің жолын Тәңірі ашқан.
Алты жаста ат мініп,
Он үш жасқа келгенде,
Аман қалған жоқ еді
Қызылбасқа бір жастан.
Қаш, Қарлыға, қасымнан,
Езе берме бұл жақта
Дәулет құсы ұшты деп,
Бір сағат болмай басымнан.
Өшті болған атаңнан
Өшімді алмай, мен қашпан!
Кекті болған атаңнан
Кегімді алмай, мен қашпан!
Кәпірге деп жаратқан
Дұшпан қылып Құдайым
Қобыландыны ол бастан.
Қалам салдым қалтама,
Алты жаста ат мініп,
Он үш жасқа келгенде
Таулар күйіп, тас жанды
Қобыланды деген зарпыма!
Қорған болып туғанмын
Туғаннан-ақ халқыма.
Асықпай тұр Қарлыға,
Бір мінерсің Бурылдың
Жайдақ сауыр артына.
Әуелі Құдай ағындым,
Ата-анамды сағындым.
Жауға бәнде болғаным
Қара басып өзімді,
Ұйқы басып көзімді,
Кәміл пірді жаңылдым.
Омар менен Оспандай,
Ішім толды пұшманға-ай!
Кәміл пірді жад етпей,
Бәнде болдым дұшпанға-ай!
Егер пірді жад етсем,
Дұшпан батар болар ма,
Мендей арыстан қошқарға-ай!
Қараман, барсаң сәлем де
Азулы деген көлдерге,
Асқар-асқар белдерге.
Қараспанды жайлаған
Қалың қыпшақ елдерге.
Жана сәлем дегейсің
Ат жүгіртіп, құс салған,
Найза ұстаған ерлерге.
Жана сәлем дегейсің
Тұлпар мініп, ту алған
Бұрынғы жолдас, бектерге.
«Кәпірге бәнде болды» деп,
Үлкен аға, кіші іні,
Көз салмасын біздерге,
Ей, дариға, дүние-ай!
Асқар-асқар белдерім,
Азулы деген көлдерім,
Қараспанды жайлаған
Қалың қыпшақ елдерім!
Ол елімде көп еді
Тұлпар мініп, ту алған,
Қатар өскен жасымнан
Найза ұстаған бектерім.
Жазым болып, көз жұмсам,
Аға, інім жоқ еді
Кім іздейді көлдерім?
Еске түсіп жылаймын
Неше алуан жерлерім.
Қараман жана сәлем айт,
Мені іздемей жатпасын
Қатар туып, тең өскен
Құрбы туған бозбала.
Бәнде болып жатырмын,
Қазам жетіп, көз жұмсам,
Кәпірлердің айтқаны
Келмеді ме басыма.
Осы емес пе деген сөз—
«Опасыз дүние» ақырда!
Қобыланды сөзін айтып болғаннан кейін, Қарлыға Қобыландыға:—Мен сіз екеуіңіздің аяқ-қолдарыңызды шешіп босатайын. Өзім де мұсылман болып сізбен бірге болайын,—деді де, екеуінің де аяқ-қолын босатып, Қобыландыға «тұр» деп еді, Қобыланды батыр тұрмады. Қарлыға қыз көтеріп тұрғызуға қолайланып көтеріп қарап еді, бір аяғын да қозғалта алмады. Қарлыға қыз кеше бір қолыменен көтерген Қобыландының бүгін бір аяғын қозғалта алмағандығына ашуланды.