Қобыланды батыр (3-бөлім)
Қобыланды · Ә. Диваев нұсқасы · 4 мин оқу
Сонда Қобылан сөйледі:
—Қызыл тілім шешен-ді,
Қатардан басым көсем-ді.
Артықша туған қыз Құртқа,
Атасы әйел демесе,
Басқа әйел болғанда,
Қауіпсіз болып тұрғанда,
Кеудеден басың кетеді.
Ердің құнын өз басың
Жүктесең де, Құртқажан,
Неге мұнша қамықтың?
Алдыңдағы мендей бір
Арыстаның есенде?!
Құстың жүні мамық-ты,
Арпа-бидай қабық-ты.
Асыл туған қыз Құртқа,
Мені көріп қамықпа.
Қараңғы түнек ішінен
Шығарамын жарыққа.
Осы кеткен сапардан
Есен барып, сау келсем,
Әйел де болсаң басыңды
Хан қылармын халыққа.
Сонда Құртқа сөйлейді:
—Айдын көлден қу аттым,
Дертке дәрі өтіне.
Жазғы балық ойнайды
Айдын көлдің шетіне.
Кисең киім жарасар
Ақ қағаздай етіңе.
Талап етіп, ойға алсаң,
Жеткізсін Тәңірі ниетіңе.
Сіздер сұңқар, біз қарға,
Сіз алыстан келгенде,
Ажырайып қарауға
Қарамаймын бетіңе.
Қобыланды сонда сөйлейді:
—Жылқы ішінде аламын
Қылшаң жүнді қарамын.
Алды-артымда ешкім жоқ,
Жеке туған дарамын.
Тоқтарбай мен Аналық
Дүние кезіп малынан,
Тірі безіп жанынан,
Тілеп алған баламын.
Өкпелеме, Құртқажан,
Ұзақ жолға жүрмеуші ем,
Жатпады деп бір күнше.
Кемпір-шалдың қойнына
Жатайын деп барамын.
Қамшы салды Қобыланды
Тобығы меңді жорғаға.
Дөңгеленіп жөнелді
Тоқтарбай тіккен ордаға.
«Көше біткен шекер деп,
Бүршігі жоқ тікен» деп,
Үйде отырған кемпір-шал
«Қобыланды қозым екен» деп,
Жүгіре шықты далаға,
Көзі түсті балаға.
Бірден жылап екеуі,
Баладан болды садаға.
Бірден келіп екеуі
Шылауына шырмалды.
Шылбырына оралды,
Оң тізгінін қолға алды.
Қобыландыны жетелеп,
Әкеліп үйге түсірді.
Өлгенде көрген жалғызға
Шәрбаттың суын ішірді.
Жалғызға жаны айланып,
Екеуі де толғанып,
Кезек-кезек қолға алып,
Қобыландыны күн батпай,
Алып жатты кемпір-шал.
Жатқызды көрпе-төсекке,
Кезек-кезек сөз қатты.
Үндемей Қобылан тек жатты—
Тілеп алған жалғыз ұл
Кемпір-шалға тым тәтті.
—Өзіме қара, қозым,—деп,
От жақтан кемпір бұл тартты.
—Маған келші, қалқам,—деп,
Ірге жақтан шал тартты.
Ол уақытта бәнде жоқ
Қобыландай сымбатты.
Екеуінің ортасында
Алма кезек домалап,
Шал-кемпірдің қойнында
Артық туған Қобыланды
Кірпік қақпай таң атты.
Таң сарғайып атқанда,
Таң шолпаны батқанда
Шал-кемпірдің қойнында
Арда Қобылан жатқанда,
Тайбурыл атқа ер салып,
Аз ғана азық, жем салып,
Бәйгеден келген көк дөнен
Түнімен ұйқы көрмеген,
Ұйқы көрмей ақ үйдің
Алдынан сонда өткізді
Құртқа сұлу көлденең.
Құртқа сұлу Қобыланды батырдың атын есік алдында көлденең ұстап тұрып:—Жолдасыңыз жолға шықсын деп жатыр,—деді. Қобыландыны тоқсандағы атасы Тоқтарбай, алпыстағы анасы Аналық, қарындасы Қарлығаш және жар қосағы қыз Құртқа аттандырып, көздері қимай, еріп кетудің де, қалудың да жөнін таба алмай артынан шулап ілесе берді.
Қобыланды сынды батырың
Тайбурыл атты мінеді,
Ақ сауытын киеді.
Қараспан тауды бөктерлеп,
Көп қосынның соңынан
Батыр Қобылан жөнеді.
Тоқсандағы Тоқтарбай,
Алпыстағы Аналық,
Қарындасы Қарлығаш,
Жар қосағы қыз Құртқа—
Төртеуі қалмай соңынан,
«Кесіп кет» деп қолыңнан,
Қобыландының ізінен
Бұлар да еріп келеді.
Түстік жерге келгенде,
Сол уақытта сөйлейді
Қарындасы Қарлығаш:
—Халық ұйғарса, бармасын,
Көңілің сүйсе, қалмасын
Жұрт ойлаған талапқа.
Сыбанып білек бір алдық
Балдағы алтын болатқа.
Ақсұңқар сеніп ұшады
Құйрығы менен қанатқа.
Жалғыз ағам, жан көкем
Сапарланды талапқа.
Сайға біткен қоқтымын,
Бөрік ішінде шоқтымын.
Осы кеткен сапардан
Жан көкем есен келгенше,
Елі-жұртын көргенше,
Айтып кеткен Құдайға
Қоңыр шұнақ тоқтымын.
Мен ұқсаймын айалға,
Нешік айла болады
Көзінің жасын қоярға?!
Көкежан, өзің келгенше,
Елі-жұртың көргенше,
Артыңда қалған мен нашар
Етіңіз енді ниязға.
Көк есекке тас артып,
Аумасын деп баса арттық.
Жан көкем есен келгенше,
Елі-жұртын көргенше
Артыңда қалған мен нашар
Болайын сізге тасадтық.
Басымда бар-ды алтын шоқ,
Жан көкем барда көңілім тоқ.
Көкежан, сені көрмесем,
Басымнан кетер дүние боқ.
Сізге деген Құдайдың
Маған тисін ажал оқ.
Ақ маңдайда тұлымым,
Бірге туған құлыным.
Керекке біткен тірегім,
Бірге туған бауырым.
Қос қанатым құйрығым,
Сізге деген Құдайдың
Қабыл еттім бұйрығын.
Қозыдай Қобылан егіздім,
Қобыланды менің бастасым,
Бірге туып, бірге өскен,
Кіндігімді бір кескен
Қарғаның жүні—қаттасым,
Үйректің жүні—оттасым,
Бірге туған теңдесім,
Қысылған жерде түптесім,
Желі толған түйең нар,
Оны кімге тапсырдың?!
Тоғай толы жылқың бар,
Мұны кімге тапсырдың?!
Тоқсанда атаң Тоқтарбай,
Жан көке, кімге тапсырдың?!
Алпыста анаң Аналық
Ал, көке, кімге тапсырдың?!
Өзіңмен бірге туысқан,
Бірге туып, бірге өскен,
Кіндігімді бір кескен,
«Көкежан» деп жылаған
Мен сорды кімге тапсырдың?!
Бұл дүниеде мұңдасың,
Төсекте жатқан сырласың.
Ақыреттік жолдасың
Жұбайың қыз Құртқаны—
Құдай қосқан жолдасың
Мұны кімге тапсырдың?!
Қобыланды сонда торықты,
Ақ найзаға сүйеніп,
Өксіп жылап қамықты.
Сонда Қобылан сөйлейді:
—Қаз айналып қонады
Ұя салған жеріне.
Әркім ойнап күледі
Өз қатары теңіне.
Көзден аққан қанды жас—
Қаны, жасы аралас.
Қарлығашқа көрсетпей,
Қобыланды сүртті жеңіне.
Жана Қобылан сөйледі:
—Тауда болар тарғыл тас,
Тарықса шығар көзден жас.
Тар қолтықтан оқ тисе,
Шығады сүйеп қарындас.
Қарындасың болмаса,
Жауда қалар жалғыз бас.
Арқаңды жапқан қолаң шаш,
Шырағым, сөзге құлақ ас,
Мен кешігіп келмесем,
Сіздер де бол тілеулес.
Қараспан тауын жайлаған
Қалың қыпшақ—қарындас.
Қарлыжан, мен айналсам,
Ағызба, қалқам, көзден жас.
Жас шығарма көзіңнен,
Сай сүйегім сырқырар,
Жан көке деген сөзіңнен.
Атадан тақ баламын,
Жауға кетіп барамын.
Жасым үлкен ағамын,
Әлдеқандай боламын.
Армансыз болып кетейін,
Әйел де болсаң, бір тудың
Нашар деп сені не етейін.
Қарлығаш, бұршы мойныңды,
Бетіңнен сүйіп кетейін.