Қобыланды батыр (8-бөлім)
Қобыланды · Ә. Диваев нұсқасы · 4 мин оқу
Туырлығын тоқым қып,
Керегесін отын қып,
Үрерге итін қоймады,
Сығарға битін қоймады.
Баспақты сиыр танаға.
Жан шығармай далаға,
Мал шығармай салаға,
Өтірік емес, жан аға,
Он екі күн сәскеде
Жалғыз адам құтқармай,
Сырлы қала бәндесін
Артық туған Қобыланды
Айдап шықты далаға.
Жалғыз бұзып Қобыланды,
Бұл қаланы алады,
Артық бақыт татады.
Қарауыл қарап қайтпаққа
Бұлаңдаған Бурылмен
Асқар тауға барады.
Таудың шығып басына,
Ақ найзаға сүйеніп,
Жан-жаққа көзін салады.
Қараса көзі көріпті
Қалың қият көк қосын.
Олар да келіп қамайды
Қазанның Қара қаласын.
Көп қияттың басы Қараман батыр қырық мың қолменен Қара қаланы қамаса да, ордан өте алмай, күші жете алмай жатыр екен. Өздерінен һеш нәрсенің өнбейтінін біліп, Қараман батыр жолдастарына айтты:—Мен Қобыланды батырға барайын, сол келіп алып бермесе, біздің қаланы алатын түріміз көрінбейді.
Қараман Қобыландыға келіп тұрып айтқан сөзі:
Қобыланды сынды-ай батырға
Қараман келіп сөйледі,
Сөйлегенде не дейді:
—Артық туған Қобыланды,
Балтам тастан өтпейді,
Жамандар сөзді кектейді.
Жүрмеймісің, батырым,
Қызылбастың кентіне,
Сізсіз күшім жетпейді.
Қобыланды сонда сөйлейді:
—Атан ба екен, нар ма екен,
Жая ма екен, жал ма екен,
Шекер ме екен, бал ма екен,
Ер бұзбаған шәһарді
Қатын бұзған бар ма екен?!
Мал саттым базар бөзіне,
Салсаң жылқы тоқтайды
Арқаның бөрі көзіне.
Аспаймын құлақ сөзіңе,
Жолама менің өзіме.
Қатын деп айтқан сөзіңді
Сен бір айтсаң, екі айттым.
Келмеді ме кезіңе,
Көрінбе менің көзіме!
Неше батыр болсаң да,
Үйде қалған Құртқаның
Сатса алмаймын өзіне.
Өзі түгіл, алмаймын
Сағынғанда бір ауыз
«Қалқамжан» деген сөзіне.
Қараман бұл сөзді есіткеннен кейін шыдап тұра алмай, ашуланып, өкпелеп жөніне жүре берді. Қобыланды батыр артына біраз қарап тұрды да: «Қанша айтқанменен жылы бірге жолдас, жасы бірге құрдас еді, жаңсақтан айтқан бір ауыз сөзіне бола көңілін қалдырмай-ақ қояйын»,—деп, шақырып алып өкпекінәларын айтысып, екеуі де қосынға келді.
Қобыланды қырғыздың қазған орынан Тайбурылды секіртпекші болып, атына арнап айтқан сөзі
Қобыланды тұрып сөйледі:
—Мал саттым базар бөзіне
Салсаң жылқы тоқтайды
Арқаның бөрі көзіне.
Тұлпарым, саған айтайын,
Құлағың сал сөзіме.
Шекер менен бал қандай,
Жая менен жал қандай?
Атаңыз тұлпар деуші еді,
Қырғыздың қазған орынан
Қарғимысың, хал қандай?
Тайбурыл сонда сөйлейді:
—Артыңда қалды еліңіз,
Болды ма менде кегіңіз.
Анамыз Құртқа деген соң,
Сатылмайды теріміз.
Артық туған шеріміз.
Салған қолқаң сол болса,
Қарғысам қарғып көрейін,
Тәуекел етіп көріңіз.
Қобыланды сынды еріңіз
—Әйт, жануар, шу,—деді,
Бурыл балқып гуледі.
Ортасына шәһардің
Бурыл келіп топ етті,
Жердің шаңы бұрқ етті.
Төрт аяғы тиген жер
Тесіле жаздап солқ етті.
Іркілмей Қобылан жүрген соң,
Қайтпасын батыр білген соң,
Қара қасқа ат мінген,
Ат құйрығын шарт түйген.
Артына сауыт бөктерген,
Алдына дабыл өңгерген,
Алмағанға дем берген,
Азды-көпті тең көрген,
Құдайдан дұшпан сұраған,
Жау көрмесе жылаған.
Қолына жұмсақ болсын деп,
Найза ұстаған жеріне
Топтап барқыт ораған.
Шын қаһары келгенде,
Жаңбырлы қардай бораған.
Суда болар сары сазан,
Молдалар айтар бес азан.
—Жеке ме, бала, жеке,—деп,
Алдына шықты ер Қазан.
Қазан келіп сөйлейді:
—Атыңды сұрасам, кім деймін,
Жөніңді сұрасам, кім деймін?
Анаңды сұрасам кім деймін,
Шешеңді сұрасам кім деймін?
Қалжың сөзге көнбеймін.
Ашуыма көп тисең,
Үстіңдегі ақ сауыт,
Астыңдағы бурыл ат
Қан тигізбей бер деймін.
Атыңның жалы жатыпты,
Алыс жолдан келгендей.
Қабағың сенің қатыпты,
Түн ұйқыңды бөлгендей.
Атыңның жалы жатыпты,
Көп шабуыл көргендей.
Қобыланды сонда сөйлейді:
—Мал саттым алтын-күміске,
Ат беруге қимаймын
Сендей дінсіз, жөнсізге
Ат алудан қашпаймын,
Алғанымша, асықпа.
Келмей жатып, ат сұрап,
Қызылбас неден есірді.
Қырғыздың қызы сұлу деп,
Сүйемін деп келіп ем
Бұл сапарда жесірді.
Шыдамасаң бері кел,
Көрсетейін кесірді.
Атасы жаман, анасыз,
Атамды сұрап не етесіз?
Атаңыз бар-ды жетесіз,
Анаңыз бар-ды некесіз.
Жоқ сөзді айтып не етесіз?!
Көзіңді сал ойныма,
Қылыш тиер мойныңа,
Қан сорғалар қойныңа.
Атаңа нәлет ит қалмақ,
Басылмаған есерсің.
Патшадан киген қаттауың
Қан қылмай-ақ шешерсің.
Қара қасқа тұлпардың
Сауырынан түсерсің.
Мойныңнан аққан қызыл қан
Шамаң келсе ішерсің.
Жауға шабар ер жігіт
Жаманнан ақыл сұрамас.
Бетімнен қаһар шығады
Жаңбырлы қардай аралас.
Мұсылманның баласы
Өзім өлмей, жыламас.
Іздегенім Қызылбас,
Аты-тонын һәр жерде
Беруші еді сендей нас.
Қылышпенен өлтірсем,
Қиқаладың дерсің сен.
Найзаменен өлтірсем,
Миқаладың дерсің сен.
Садақпенен өлтірсем,
Қапыл қалдым дерсің сен.
Мылтықпенен өлтірсем,
Жазым қалдым дерсің сен.
Мінген атың құла ғой,
Сендер көп те, мен жалғыз.
Қолыңа келді бір бала,
Білгеніңді қыла ғой.
Ел жайлауы Арыс-ты,
Батырлар қылды намысты.
Әуелі тәуір сөйлесіп,
Артынан шайтан жабысты.
Шайтан емей немене,
Ырғай сапты сүңгіні
Ырғай-ырғай салысты.
Итерісіп тұрысты,
Найза қанға майысты.
Ат тізесін бүгісті,
Бүге-бүге тұрысты,
Қанжар қалды қайысып,
Семсер қалды майысып.