Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (5-бөлім)

Қобыланды · Ә. Диваев нұсқасы · 3 мин оқу

Құртқа мұны айтып болғаннан кейін Қобыланды батырға қарап:—Мен сізге бір сөз айтайын, егер сол айтқаным тура келсе, айтқаным болады. Келмесе, айтқаным болмайды,—деп, мына сөзді айтты:

—Кешегі кеткен көп қосын Сыңсыма деген байдың Сергелдең деген тауында жатқанда сен барарсың. Сен бармастан бұрын Қараман құрдасың Қазанға он сегіз жансыз жіберген болар. Кеткен жансыздың айтып келер сөзі мынау болар: «Қазанның Сырлы қаласының олжасы мол екен, атысар адамы жоқ екен. Қазанның өзі жатқан Қара қаланың бір жағы аққан су екен, бір жағы жеті қабат ор екен, қайрат қылып алса, онда да олжа мол екен, Қазан одан қырық күншілік жол екен»,—дер. Егер сол айтқандарым болса, менің әдепкі айтқанымның бәрі де келер, біз арып-талып, кемшілік көргенде келерсің.

Жана да айтатыным: «Қараман құрдасыңыз он сегіз адамы келгеннен кейін батасын оқып, малтасын жеп, ат құйрығын сүзіп кімде-кім озып, барып қала бұзып олжа салса, сол адам қосынға басшы болсын деп, жар қылар, бірақ сіз олармен бірге шаппаңыз, ол күні жатыңыз, келесі күні жатыңыз, оның келесі күні түсте шабыңыз, сонда да олардан бұрын барарсыз. Ол қосында Тайбурылдан озатұғын ат жоқ. Қараман құрдасыңның бір қара жалсыз құла аты бар екен, атбазы жоқ екен. Қара қарын екен, әрі-бері шапқан соң, көзіне тері тығылып шаба алмас, енді хош-сау болыңыз, біз кемшілікті көп көргенде келерсіз,—деп қала берді.

Баласын жауға аттандырып салып, анасы Аналықтың жылап айтқаны:

Бейшара болған Аналық
Баласына жете алмай,
Үйіне қайтып кете алмай,
Жапанда тұрып зарлады:
—Он сегіз мың ғаламның
Падишасы, Хақ Жаппар,
Есіттің бе сөзімді,
Жылатпа менің көзімді.
Он үш жасар Қобыланды
Ерінбей сүйер кезің-ді.
Мұхамбет атты, әй, тақсыр,
Жалғызымның артынан
Тар жерде ал өзімді.
Омар, Оспан екі жар,
Қауас, Қияс екі жар,
Сіздерден басқа кімім бар?
Бас-басыңа бір жандық,
Дем бермесең, біз қалдық.
Асқардан асып бұл кетті,
Белден асып ел кетті.
Келінжан баққан Бурыл ат.
Денеңе мылтық тигізбес
Дәуіт соққан жалаңқат.
Қынаптары сары алтын,
Ұстаған жері сап алтын,
Балдағы алтын шар болат.
Шырағымның шыбын жан
Жасаған, саған аманат!
Қалғып кетсе қағып жүр,
Адасып кетсе, бағып жүр,
Көл иесі Қамбар-ай,
Жол иесі Қамбар-ай!
Қамбар өзің қолдасаң,
Қолдамайтын кім бар-ай!
Қазанға қайдан қол жиды
Қараман деген заңғар-ай!
Мұхамбет атты, әй, тақсыр,
Өз қолыңа тапсырдым
Атадан тақ шырақты!
Қала қалмас Тайбурыл
Қатар шапқан жарыстан.
Жау іздеді жалғызым
Жақын емес, алыстан.
Қыс болғанда жылқы ықпас
Ойға біткен қамыстан.
Осы кеткен қозымды
Өз қолыңа тапсырдым,
Шер Ғали атты арыстан!
Осы кеткен жалғызым
Есен барып, сау келсе,
Егіз туған көк бөрі
О да сенің жолыңа!
Егіз туған көк бұқа
О да сенің жолыңа!
Егіз туған көк айғыр
Бұл да сенің жолыңа!
Өлгенде көрген жалғыз ұл
Тумады ма сорыма?!
Осы кеткен қозымды,
Алланың досты Мұхамбет,
Тек тапсырдым қолыңа!
Аязды күні айналған,
Бұлтты күні бұрылған,
Айқара бесік таянған,
Дыбысы шықса оянған,
Алтыннан бесік игізіп,
Ақ торғынға бөлеген,
Өлгенде көрген көбеген,
Жұрт тілегін тілеген.
Қабырғам жездей қайысқан,
Көтергенде бесікті
Он бармағым майысқан,
Тас емшегім иіткен,
Тар құрсағым кеңіткен,
Балапан қаздай еріткен,
Алсам қолым талдырған,
Сүйсем мейірім қандырған,
Денемнен шыққан балдырған.
Шаһизинда хазірет,
Жарылқаушы Құдірет,
Үмбетім деп еске алсаң,
Алланың досты Мұхамбет,
Жалғызыма жәрдем ет!
Қараман кетті жиып қол,
(Сөйлейді сөзді оңды-сол)
Осылайша зарланып,
Құдайға [қатты] зар қылып,
Жылаумен қалды кемпір сор.
Қобыланды мінген Тайбурыл
Елбең-елбең жортады
Атандай төсі салынып.
—Әйт, жануар, шу,—деді.
Бірде шауып желеді,
Кешегі кеткен қосынға
Тұлпар туған Бурылмен
[Тоқтамай шауып келеді.]
Құртқаның айтқан жерінде
Жатыр екен көп қосын.
Артық туған Қобыланды
Гулетіп келді бесінде.

Тағы оқыңыз