Қарасай, Қази (6-бөлім)
Қарасай-Қази · Мұрат Мөңкеұлы нұсқасы · 3 мин оқу
«Ау, ағалар, ағалар!
Мен сөйлейін, сөз тыңда,
Зейінің қойып тез тыңда.
Пұттаған үнем болмайды,
Пұтқа қазан толмайды,
Қаһары қайтса, хан оңбайды.
Қияқты күміс найзаны
Сілтеп жауға салалы,
Қаптап жауға баралы,
Алаштап ұран салалы,
Не қылар дейсің жау шіркін?!
Баса шауып алалы,
Қайтпаңыз, көп, қайтпаңыз,
Қалмаққа анау баралы,
Қайтпаңыз!»—деп көп қолға,
Қарасай тағы толғайды.
«Ау, ағалар, ағалар!
Мен сөйлейін, сөз тыңда,
Зейінің қойып, тез тыңда.
Астымдағы Көкбұйра ат
Қара асым менің болсын деп,
Қибатқа алып, мінгенмін.
Үстімдегі ақ сауыт
Кебінім менің болсын деп,
Үстіме алып кигенмін.
Солқылдаған ақ найза
Басыма сайғақ болсын деп,
Оң қарыма ілгенмін.
Мен атамнан туған күн,
Алшайып атқа мінген соң,
Ер тілегін әрқайда
Бір Жасаған оңдайды,
Қожа Бәуеден қолдайды,
Қайтпаңыз, көп, қайтпаңыз,—
Деп Қарасай толғайды.—
Өлерімді білгенмін.
Не қылғаным, қайтқаным,
Жанды құрбанға айтқанмын!
Қайтпаңыз көп, қайтпаңыз,
Атыңның басын тартпаңыз.
Төсегіме төрт кісі,
Жастығыма бес кісі,
Қылышыма қырық кісі,
Найзамның ұшы—жүз кісі,
Мылтығыма мың кісі,
Садағыма сан кісі.
Қарабатыр, Тілеке,
Алшы, Исмайыл, Тобаяқ—
Бесеуіңіз—бес қатын,
Бесеу ара бір кісі,
Енді қалған не кісі?
Қайтпаңыз, көп, қайтпаңыз»,—
Деп Қарасай толғайды,
Әрі де, бері де қозғайды.
«Қайтпаңыз»!—деп айтса да,
Оған әскер болмайды.
Аттанып келген көп әскер
Алды-артыңа қарамайды,
Қарасайдың сөзін тыңдамайды.
Алшы, Исмайыл, Тобаяқ, Қарабатыр, Тілеке көп қолмен қайтып кетеді. Қолдың ішінде Естерек ұлы ер Тарғын бар екен, қолдан бөлініп, Тарғын Қарасайдың қасында қалады. Сонда Қарасай Тарғынға сөйлейді:
—Әй, Тарғын-ау, әй,Тарғын,
Сөзімді тыңда, сен Тарғын!
Қырқадан қырқа көрінген
Қарағай ма екен, тал ма екен?!
Қарағай басын қырқа ұшқан
Қаршыға ма екен, қаз ба екен?!
Үйде туып, түзде өлген
Жігітте арман бар ма екен?!
Қалмақтың қолын көрдің бе,
Көп пе екен бізден, аз ба екен?
Сонда Тарғын сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Қалмақтың қолын мен көрдім,
Екі мың да жүз кісі.
Бір жағыма қарасам,
Тағы да сондай бір кісі.
Қалмақтың қолы көп екен,
Көп те болса, шөп екен.
Әруақты ердің баласы,
Айнымай шапсаң, сендердің
Алуыңа дөп екен.
Айналайын, Қарасай,
Сенің қосшың мен болсам,
Қалмақты шауып аласың,
Табаныңа саласың.
Атыңды атқа сатамын,
«Қарасай»!—деп атыңды атаған
Кешегі кеткен Орақтың
Тап өзінен кем болсаң.
Асу да асу бел еді,
Аса бір соққан жел еді.
Қарасай сынды жас бала
Жауға жалғыз келеді
Соңынан Тарғын ереді.
Әрі-бері жүрген соң,
Артынан шықты бір қара,
Қарасай мұны көреді,
Көріп, көңлін бөледі.
Қарсы алдына қараса,
Үйіндегі қалған інісі,
Он бес жасар Қази сол еді.
Ағасын қуған артынан
Қази сынды жас бала
Жазыла алмай келеді.
Омырауын таныған,
Ақ қолтық ат шабылған,
Шабысы желдей еседі,
Тұлпардың о да иесі еді.
Ағасына келіп жетеді,
Келіп сәлем етеді.
«Арманым жоқ, өлсем»!—деп,
Ағасымен тізгіндесіп кетеді.
Қарасай сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Айналайын, Қазижан,
Оймауыттан ел көшер,
Азаматы тең көшер,
Неге келдің, сен Қази?!
Жап-жас бала сен түгіл,
Алдалап әзер келем мен, Қази.
Қайт-сана, Қази, қайт-сана,
Атыңның басын тарт-сана!
Әулиеге ат айтып,
Құрбандыққа мені айт-сана.
Сонда Қази сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Айналайын, Қареке,
Не қылғаның, ағеке?!
«Қайт»!—десең де, қайтпаймын,
Атымның басын тартпаймын.
Тәуекелсіз іс болмас,
Қорқуды жолдас етпеймін.
Қарадан боз да өтер ме,
Қайрылмай дәурен кетер ме?!
Осыдан елге мен барып,
Тоғыз қатын алсам да,
Тоқсан бала сүйсем де,
Ұяласым, жалғызым,
Екеуміздің бірігіп
Бір күн жүруімізге жетер ме?!
Қарасай сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Айналайын, Қазижан,
Аспандағы жұлдызым,
Маңдайдағы құндызым,
Артыңда енді кім қалды,
Айналайын, жалғызым?!
Жалғызым, сенен айрылсам,
Қуқыл тартар ақ жүзім.
Қайт-сана, Қази, қайт-сана!
Атыңның басын тарт-сана!
Құшақтатшы етіңнен,
Бір сүйдірші бетіңнен,
Әліде көріп өлемін,
Әліде көрмей өлемін,
Тәңрінің ісі тәуекел,
Мен тәуекелмен келемін!