Қарасай, Қази (7-бөлім)
Қарасай-Қази · Мұрат Мөңкеұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Ағасы «Қайт!» деп қанша өтінсе де, Қази қайтпайды. Осылай сөйлеп келе жатқанда, бұлардың алдынан алты құлаш ала атпен қалмақтың қарауыл қараған Бөріхан деген әрі батыр, әрі ханы шығады. Бөріхан сөйлейді:
—Қарауыл келіп қарасам,
Қара айдарым тарасам,
Қарайып келіп күн батты,
Сарғайып келіп таң атты,
Қызара келіп күн шықты.
Күн астына қарасам,
Будуақ-будақ шаң шықты.
Шаң астына қарасам,
Жасыл ала ту шықты,
Ат кейпіне қарасам,
Түсі қашып, түн қатқан.
Ер кейпіне қарасам,
Асық ойнап, доп атқан.
Ертеңменен шешесі
Ұйқыдан әзер оятқан,
«Дана» десем, баласың.
Екі бірдей жас бала
Не бұйымға жарарсың,
Қайда кетіп барасың?!
Кеудем—темір, бөксем—тас,
Мені не қып аласың?!
Қайт-сана, батыр, қайт-сана!
Атақсыз өліп қаларсың,
Аты—жөніңді айт-сана.
«Қайт»! десем де, қайтпайды,
Атының басын тартпайды.
Кеудем—темір, бөксем—тас,
Атсаң, оғың өтпейді,
Маған әлің жетпейді.
Қарасай сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Атаңа нәлет, айдын хан,
Мен сендей, жапанда тұрып, даурықпан.
Алда Тағала демесе,
Біздерді Алда жебесе,
Сыртыңнан тіліп аларға
Тұрмын бір киімге баулық, хан.
Қара өгіздей даусың зор,
Кеудең—темір, бөксең—тас,
Тас болса да, маған бор.
Қызығымды бүгін көр,
Көрген жерден кері шалып,
Түртті ме сені, бәлем, сор?!
Әй, кәуір-ай, әй,кәуір,
Сөзімді тыңда, сен кәуір,
Мен хас асылдан боламын,
Күркіресем, күндей борадым,
Күлсем, жаймашуақ болармын.
Мен бурылша аттан мықтымын,
Бұғалық салсаң, үзермін.
Мен буыршыннан мықтымын,
Мұзға салсаң, мұңайман.
Мен толарсақтан қисықпын,
Тезге салсаң, түзелмен.
Мен—ашылмас қара тұманмын,
Көлденең жатқан қара шұбар жыланмын.
Атым—Қара туыппын,
Сабындап жусаң, ағарман.
Мен—қонаға шыққан бұлтпын,
Келе бір жаумай, ашылман.
Мың болмақ түгіл, сан бол,
Бір соғыспай, басылман.
Асылымды сұрасаң,
Мен қан жұқпайтын
Қара алмастан асылмын.
Мен беліме садақ асынған,
Біріндеп жауды қашырған,
Қарсыласқан дұшпанға
Найзағайдай жасылмын.
Кеудеден кетер жан үшін,
Жерге тамар қан үшін,
Атамның атын жасырман.
Мен, мен-дүрмін, мен-дүрмін,
Мен де өзіңдей кен—дүрмін,
Мен өзіңнен де ер-дүрмін,
Атыссаң да, жеңдірмен.
Хан Мұсадан жүлде алған,
Ағасы—би Мамайдан үлгі алған,
Түрікпеннен, барып, мал тапқан,
Қапелімде сөз тапқан,
Аждаһаның тынысын
Қолын салып барлаған,
Тұлпар мініп, ту алған,
Туын қанға суарған,
Туғаннан туға таласқан,
Дулығалы басты көп кескен,
Мен—айдынды ер Орақтың ұлымын,
Жаратқан бір Тәңрінің құлымын.
Мен тура қарап тұрармын,
Бір оғыңды салып ал,
Етімнің болат жасығын,
Сынап та, қалмақ, танып ал.
Асу да, асу бел еді,
Аса бір соққан жел еді.
«Жасы үлкен ағам, деп,
Ақ сақалды бабам», деп,
Әлгі келген қалмаққа
Қарасай кезек береді.
Атаңа нәлет ит қалмақ
Қорамсаққа қол салды,
Бір салғанда, мол салды.
Суырып оғын алады,
«Көкбұйра аттың басы,—деп,
Алтынды ердің қасы,—деп,
Қақ жүректің тұсы,—деп,
Өлер жерің—осы», деп,
Кірісінен өткізіп,
Масағына жеткізіп,
Толықсып тұрған Қарасайды
Толғап бір қалмақ ұрады.
Зырқырап оғы кетеді,
Қарасайға жетеді,
Шақыр да шұқыр етеді,
Қайта шығып кетеді.
Қарасай сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Атаңа нәлет, Бөріхан,
Атыссаң, келші бері, хан
Атар да жерің білмедің,
Көкбұйра аттың басына ат,
Қақ жүректің тұсына ат!