Қарасай, Қази (8-бөлім)
Қарасай-Қази · Мұрат Мөңкеұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Сақалыңның ағы бар,
Ағалығың тағы бар,
Бір оғыңды тағы да ал.
Бір оғыңды тасқа жанып ал,
Қапыда қалсаң, ит шіркін,
Оғыңды тағы салып ал.
Бір атпады, екі атты,
Табанға қойып, ширатты.
Зырқырап оғы кетеді,
Қарасайға жетеді,
Шақыр да шұқыр етеді,
Қайта шығып кетеді.
Қарасай сынды жас бала:
Ит әуре оғың етеді.
Атаңа нәлет, ит қалмақ,
Қатты бір тартсаң, не етеді?!
Ата алмасам, маған серт!
Атқанымда ұсынып,
Өте алмасаң, саған серт!
Шым жібектен ескен кірісі,
Үзіліп кетсең, саған серт!
Кебеже қарын, кең құрсақ,
Қой мойынды, қоян жақ,
Ұмтыла басқан Көкбұйра ат,
Шіренгенде, шыдамай,
Жығылып кетсең, саған серт!
Тигізбесем, маған серт»!
Атайын деп Қарасай,
Көтеріп оғын алғанда,
Сонда Қази сөйлейді:
—Айналайын, Қареке,
Не қылғаның, ағеке?!
«Қал»!—десең де, қалмадым,
Бағана-ақ тіліңді алмадым,
Артыңда тұрып, бармадым,
Жау қызық екен, аңдадым.
Менен батыр сен емес,
Сенен де кем мен емес.
Тоқтатпайды сұм жүрек,
Артыңда жүрер ер емес.
Артыңнан келген Қазиға
Кезегіңді бермеген—
Сенің де мұның жол емес.
Қарасай сонда сөйлейді:
—Айналайын, Қазижан,
Жас түлеген көрінесің
Менің-дағы көзіме-ай.
Өлмесең, сен де жетерсің
Осындай жаудың кезіне-ай.
Осы жауды шабайын,
Берсейші менің өзіме-ай!
Сонда Қази сөйлейді:
—Айналайын, Қареке,
Не қылғаның, ағеке?!
«Қал»!—десең де, қалмадым,
Бағана-ақ тіліңді алмадым.
Өгей аға сен бе едің,
Інің де өгей мен бе едім?
Мен сенің бүйтеріңді білмедім!
Бүйтеріңді білгенде,
Үйде жатып, неге өлмедім?!
Алдымды барлап, ұрысып,
Қызығымды көрмедің.
Айналайын, Қареке,
Не қылғаның, ағеке?!
Бір тілеген тілегін
Ініңнің де бермедің.
—Жемісін таудың терейін,
Ат құйрығын өрейін.
Олай болса, қарағым,
Кезегімді берейін.
Айналайын, ат,—деді,
Айнымай тұрып,—тарт,—деді.
Қази сонда қозғалды,
Қозы жауырын қолға алды,
Атайын деп оңдалды.
Сыбанады білегін,
Тоқтатады жүрегін,
Суырып келіп алады
Атасының бір оғын.
«Алаша аттың басы,—деп,
Қалмақ ердің қасы,—деп,
Қақ жүректің тұсы,—деп,
Өлер жерің—осы», деп,
Толықсып тұрған қалмақты
Толғап Қази ұрады.
Екі атпады, бір атты,
Табанға салып, ширатты,
Бөріхандай ханыңды
Алты құлаш ала аттан
Он бес жасар Қази құлатты.
Осылай сөйлесіп тұрған уақытта қалмақтың көп қолы келіп қалған екен. Бөріханның жығылғанын көрген соң, көп қалмақ бұларға жабыла қоя берді.