Қарасай, Қази (4-бөлім)
Қарасай-Қази · Мұрат Мөңкеұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Айналайын, Қарасай,
Енді мені сойсайшы,
Қара етіме тойсайшы.
Әкең—Орақ жазғанға
Жалғыз ат та көп пе еді?!
Айналайын, Қарасай,
Бұ сөзіме қансайшы,
Тілімді менің алсайшы,
Енді мені сойсайшы,
Басыма жалау байла да,
Орақпен бастас қойсайшы!
Қарасай Қабан құлақ қара атты сояды, әкесіне дуа береді, сонан соң жауға мінуге ат іздейді. Сол заманда қартайып, от басындағы құмалақты көсеумен қуалап отырған Ноғайлының Көкше деген батыры бар екен. Қарасай Көкшеден Көкбұйра атты саудалайды. Көкше: «Атымды бір қызға беремін»,— дейді. «Жаудан әкеліп төрт қыз берейін»,—дейді Қарасай. «Жаудан түскен қыздың керегі жоқ. Алсаң, Орақтан қалған қарындасың—Қибатты беріп, ал»,—дейді Көкше. Атты ала алмай, қайтып келіп, Қарасай шешесімен ақылдасады. Сонда шешесі айтады:
«Атқа барып мін,—деді,
Олай-бұлай жел,—деді,
Ат жүрісін көр,—деді,
Ат көңліңе жараса,
«Жалғыз қызым—Қибатты
Жалғыз атқа берем»,—деп,
Айналайын Қарасай,
Налыма оған сен, деді.
Айналайын, Қарасай,
Асылың нұрдан жараған
Аруақты ердің баласы-ай,
Жараған атты алмасаң,
Жауға таман бармасаң,
Сыртымыздағы дұшпанның
Бізге де кепті табасы-ай.
Қибат түгіл, мені сат,
Ат көңліңе жараса-ай!»
Олай-бұлай шабады,
Ат жүрісін қарады.
Ат жүрісін көрген соң,
Ат көңліне жарады.
Жараған соң көңліне,
Қарындасы—Қибатты
Беремін,—деп алады.
Үстіне тоқым салған соң,
Арқасы кетті жазылып,
Жоны кетті қазылып,
Басын тартса, ырғиды,
Мініп алса, қарғиды.
«Мінер атым—осы,—деп,—
Тәңірінің берген досы»,—деп,
Көкбұйра атқа ер салды,
Ермен бірге жем салды,
Арқандап қойса, Көкбұйра ат
Бұзантаудың басында
Өз өзіне зең салды.
Енді Қарасай жауға кетпекші болады. Аттанарда Қарасайға қарындасы—Қибат келеді.
Ер-тоқымын салған соң,
Ат үстіне мінген соң,
Шын кетерін білген соң,
Талағы түскір қыз Қибат
Сонда тұрып толғайды.
Толғағанда, не дейді:
—Айналайын, Қареке,
Не қылғаның, ағеке?!
Өгей аға сен бе едің,
Қарындасың өгей мен бе едім?
Мен сенің бүйтеріңді білмедім!
Бүйтеріңді білгенде,
Кешегі кеткен әкеммен
Бастасып неге өлмедім?!
Кешегі әкем кеткен соң,
Кемшілік басқа жеткен соң,
Жалғыз тайға саттың ба?!
Атым әйел демесең,
Мен екеуіңнен кем бе едім?
Әкелі қыз азар ма,
Күлтелі көйлек тозар ма?
Мен кешегі әкем барында
«Белім сұлу болсын»,—деп,
Бешбетпенен қынағам,
«Шашым майда болсын»,—деп
Сары маймен сылағам.
Ойбай, әке, тұрсайшы,
Қибатың мұнда жылаған!
Ішімде шемен көп жатыр,
Әкем салған жол жатыр.
Ойбай, әке, тұрсайшы,
Екі бөрің жеп жатыр!
Мініп алдым қараға,
Қарамен шаптым далаға.
Ойбай, әке, тұрсайшы,
Екі бөрің талады!
Жетім құлын емеген,
Қулық бие тебеген.
Оймауыттан ел көшсе,
Қос ордасы сол күнде
Алпыс нармен жөнелген.
Кешегі әкем өлерде,
Аманат жанын берерде,
Ұмыттың ба, ағеке,
Сонда саған не деген?!
Қарындасы бұлай деген соң, Қарасай аттан түседі де, атты тастай беріп, жауға қарай жаяу жүре береді. Сонда Қибат шыдай алмай, Қарасайдың артынан келіп, атты беріп, сөйлейді: