Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай, Қази (5-бөлім)

Қарасай-Қази · Мұрат Мөңкеұлы нұсқасы · 2 мин оқу

—Айналайын, Қареке,
Не қылғаның, ағеке!
Өгей аға сен бе едің,
Қарындасың өгей мен бе едім?!
Сен томсарып кетпе, күліп кет,
Қалаған атың мініп кет.
Мен қыз да болсам, ұлдаймын,
Қадірімді біліп кет.
Айналайын, Қареке!
Мен бір бата берейін,
Қолыңды жай, ағеке!
Әуелі Құдай оңдасын,
Табаның тастан таймасын,
Маңдайың жаудан аумасын!!!
Күндердің күні болғанда,
Жалғыз тайға сатқаның
Тек байлаулы басым болмасын!
Қарадан боздар өтер ме,
Қайрылмай дәурен кетер ме!
Күндердің күні болғанда,
Абысын-ажын бар болып,
«Жалғыз тайға келдің!» деп,
Бетіме салық етер ме!
Бетіме салық еткен күн,
Айтып, бір сөзім өтер ме,
Есімнен менің кетер ме?!

Шешелерімен, туғандарымен амандасып, Көкбұйра атқа мініп, Қарасай кеткен қолды қуып, жауға қарай жөнеледі. Жолшыбай Қарасай Көкбұйра атқа бір сөз дейді:

—Айналайын, Көкбұйра ат,
Сен де шықтың бұл жерге,
Мен де шықтым бұл жерге.
Елден шыққан екеуіміз
Аман-есен Құдайым,
Қосқай еді үйірге.
Айналайын, қызыл ат,
Жал—құйрығың ұзын ат,
Қибатқа алып, мінген соң,
Кісінікі емес, біздің ат.
Айналайын, Көкбұйра ат,
Шамаң келсе, жылдамдат!
Көкбұйра ат сонда сөйлейді,
Сөйлегенде, бүй дейді:
—Айналайын, Қарасай,
Мінген атың мен болсам,
Менің ием сен болсаң,
Мені Қибатқа алып не етесің,
Бір тұлпардан кем болсам?!
Бірінші күдер асады,
Аспанға тозаң шашады.
Екінші күдер асқанда,
Бұйраның бауыры сөгілді.
Үшінші күдер асқанда,
Қолтық еті бөлінді.
Төртінші күдер асқанда,
Аш қабыландай бүгілді.
Бесінші күдер асқанда,
Көрген адам түңілді.
Алтыншы күдер асқанда,
Теңгеліктің терең суының
Ортасына кез келді.
Екпініне шыдамай,
Су арнадан қашады,
Қарасай жаман сасады.
Жетінші күдер асқанда,
Көзі кетті қызарып,
Тілі кетті қызарып,
Аш қарсақтай бұлтарып,
Ор қояндай жалтарып,
Қырық күн бұрын кеткен әскердің
Соңынан қуып жетеді.
Алшы, Исмайыл, Тобаяқ,
Қарабатыр, Тілеке—
Бұларға сәлем етеді.
«Алшы Исмайыл, Тобаяқ,
Қарабатыр, Тілеке,
Қарамай кеттің сен, бәлем,
Артыңнан келдім мен—бала!
Оймауыттың ойында,
Қызылкөлдің бойында
Атам Орақ барында
Атысып қалған тасы бар,
Бәстесіп қалған бәсі бар,
Сол тасқа барып,
Атысалық, кел, бәлем!»
Алшы, Исмайыл Тобаяқ,
Қарабатыр, Тілеке
Қарасайға ереді,
Құрсап жатқан көп қолды
Ертіп тасқа келеді.
Қарабатыр, Тілеке,
Алшы, Исмайыл, Тобаяқ
Тасты барып, атады,
Шақыр-шұқыр етеді,
Оғы қайта шығып кетеді.
Қарасай барып атқанда,
Қаһарланып тартқанда,
Үй орнындай қара тас
Қақ жарылып кетеді.
Алшы, Исмайыл, Тобаяқ,
Қарабатыр, Тілеке
Баланың көріп қайратын,
Өзінен өзі қорынды,
Қайратынан жерінді.
Қарап тұрса, аттанған
Қалмақтың қолы көрінді.
Қалмақтың қолын көрген соң,
Көп екенін білген соң,
Қайтуға беті берілді.

Жаудан қорқып, Алшы, Исмайыл, Тобаяқ, Қарабатыр, Тілеке еліне қайтпақшы болады. Өздерінің қайтқанымен тұрмай, Қарасайға да: «Қайт»,—дейді.

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз