Қарасай, Қази (2-бөлім)
Қарасай-Қази · Мұрат Мөңкеұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Орақ өледі. Ақ жауып, арулап көмеді. Артынан бір бөлек күн өткен соң баяғы өлтірген Алшы, Исмайыл, Тобаяқ, Қарабатыр, Тілеке келіп, жылап-сықтап отырып бата оқиды. Сонда Орақтың сексен беске келген Қараүлек деген шешесінің Орақты жоқтап айтқаны:
—Айдынды Орақ, айлы Орақ,
Айбалтасы қанды Орақ,
Аштарханда даңды Орақ,
Арғымақ атың азды, Орақ,
Байтақ жұртың тозды, Орақ,
Келер де болсаң, жылдам кел,
Сексенге келген қарт анаң
Жылай да жылай, жазды, Орақ!
Қарауыл қарап болар ма
Қара өлең жеген атпенен!
Қарусыз жүріп болар ма
Қалудай атасы басқа жатпенен!
Қоңқалаған көп жаман
Орағымды өлтірдің
Долай да долай матпенен!
Қоғалы көлді жағалап
Қалмақпенен қон енді,
Алшайып атқа мінген соң,
Орағымдай бол енді!
Хан Мұсадан жүлде алған,
Ағасы—би Мамайдан үлгі алған,
Аждаһаның тынысын,
Қолын салып, барлаған,
Сөйткен менің Орағым,
Аюдай арқыраған Орағым,
Күндей күркіреген шырағым,
Кетіпті алыс сапарға!
Қоңқалған көп жаман
Ере алмайтұғын қатарға!
Орағым менің бар болса,
Атан тіркеп, нар қылып,
Аруанаға жүк артып,
Ел жаңғыртып жатар ма?!
Орағымды өлтірген
Алшы, Исмайыл, Тобаяқ
Есімнен менің кетер ме?!
Лашын, сұңқар—екі құс,
Екеуі бір ұяның құсы екен.
Құладын құстың құлы екен,
Күндердің күні болғанда,
Құладынның көрдің бе
Аспаннан қу төңкеріп ілгенін!
Аңдаймысың, жігіттер,
Ноғайлының мынау үстімен
Ауыр әскер ертіп жүргенін.
Үстімнен жүрген дұшпанның
Езуін тартып күлгенін.
Қаршыға менен қарлығаш—
Екеуі бір ұяның құсы екен.
Күндердің күні болғанда
Көрдің бе екі басқа қонғанын?!
Қарауыл басы—қолбасым,
Жортуыл басы—жолбарысым,
Ежелден сырлас, мұңдасым,
Жау дегенде, тынбасым!
Орағымды өлтірген
Қалу мен Сары оңбасын!
Егізде екі болмасын!
Ертеменен тұра алмай,
Белімді бекем буа алмай,
Көзімнің жасын тыя алмай,
Отырғанда мен сөйтіп,
Бата оқи да келдің бе
Шыныңмен де, балам, ұялмай!?
Бата оқи келген Алшы, Исмайыл, Тобаяқ сөйлейді:
—Әй, қарт ана, қарт ана,
Атамыз—Мұса бидің ұлы едік,
Жаратқан бір Тәңірінің құлы едік,
Жантаза деген ханымның
Біріміз жүрегінің қасы едік,
Біріміз жүрегінің басы едік,
Біз Еділ үшін егестік,
Біз Жайық үшін жандастық,
Біз Қиғаш үшін қырылдық,
Біз Тептер үшін тебістік,
Біз таразы сайлап, оқ аттық,
Аюдай арқыраған Орақты,
Күндей күркіреген шырақты,
Семсер қылыш, балдақты,
Түзу мылтық, құндақты,
Қарағай найза сымбатты,
Күшіген жүнді көп оқты,
Қайрылмас алтын садақты,
Жараған бура қабақты,
Алғыр бүркіт тамақты,
Қарсы арыстан сымбатты,
Арыстан туған Орақтың
Біріміз еш қадірін білмедік,
Ақырда күндей де күндей, жоғалттық.
Сонда шешесін жұбатып, Орақтың Қарасай деген баласы сөйлейді:
—Жылама, шеше, жылама,
Жыламай, көңіл тына ма?!
Мен—балдағы алтын ақ берен
Алып, белге ілермін.
Атамнан қалған берендер,
Бек сауытын киермін.
Мен Қабан құлақ қара атты
Қатырып тұрып мінермін.
Мен көрмеген Алаш жоқ,
Бәріне де тиермін.
Мен болаттай сарт-сұрт сынармын,
Дариядай аққан тұнармын,
Қалу менен Сарының
Басын кесіп алармын,
Ақ құрбандай шалармын,
Тап өзімдей қылармын.
Қалу менен Сарының
Басын кесіп алмасам,
Ақ құрбандай шалмасам,
Тап өзімдей қылмасам,
Қарасай атым құрысын!
Ер Орақтың ұлы едім,
Осы еді менің туысым.