Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай, Қази (3-бөлім)

Қарасай-Қази · Мұрат Мөңкеұлы нұсқасы · 4 мин оқу

Сонда бір аяғы ақсақ, бір көзі соқыр Орақтың қатыны сөйлейді:

Кешегі Орақ кеткен соң,
Кемшілік басқа жеткен соң,
Бұлбұлдай соқыр сайраған,
Ауыздығын шайнаған,
Әрі де бері қозғаған.
Қозғағанмен, қоймаған,
Алғаны асыл болған соң,
Шыдамай, соқыр толғаған,
Не қылып соқыр шыдаған,
Ер еді Орақ болмаған!
Тағы да соқыр толғайды,
Әдемілеп қозғайды,
—Айдынды Орақ, айлы Орақ,
Айбалтасы қанды Орақ,
Аштарханда даңды Орақ,
Қаланың аузын қандатқан,
Қақпаның аузын шаңдатқан,
Едің күшті, даңды Орақ!
Аяғым ақсақ, көзім соқыр болса да,
Үстіме қатын алмадың,
Артылдыра қамшы салмадың,
Алшаңдатқан мені Орақ!
Құланды қақтан қайырған,
Хандарды тақтан тайдырған,
Қарсыласып келгенде,
Қақ жүректен салдырған,
Қылышын қызыл қанға малдырған,
Қаланы алған, сен Орақ!
Мен жыламай, қайтейін,
Айналайын Қарасай,
Соны да көрген мен бейбақ!
Қырқадан қырқа қараған,
Қырық шалғысын тараған,
Мың сан қолды талаған,
Бір өзін мыңға балаған,
Қалмақтан аққан қара қан
Көбіктей көріп, жалаған,
Қалмақтың қара, хандарын
Жаяу айдап, сабаған,
Кешегі менің Орағым
Болып өткен ер еді,
Айтулы ердің бірі еді!
Ел шетіне жау келсе,
Атын мініп сайланып,
Алмас қылыш байланып,
«Мен барайын!»—дер еді,
Қарсыласқан дұшпанды
Қабыландай соғып, жер еді!
Маңдайы күндей балқыған,
Көзі судай толқыған,
Иісі зағфырандай аңқыған
Бір патшадай неме еді,
«Өтіп кетті»,—демесең,
Қай батырдан кем еді?!
Орақ еді алғаным,
Алғанымнан қалғаным.
«Атаңа нәлет»!—демедің,
Артылдыра қамшы салмадың,
Аяғым ақсақ, көзім соқыр болса да,
Үстіме қатын алмадың.
Өлеріңді білмедім,
Өлеріңді білгенде,
Сары мойын серке мен болып,
Құрбаныңа шалмадың,
Тілімді, айтсам, алмадың.
«Анасы мұның әйел»,—деп—
Қайырып ақыл салмадың,
Ақылдасып қалмадым,
Сол жерде болды арманым,
Арманда өлдің, алғаным!
Өлеріңді білмедім,
Өлеріңді білгенде,
Мынау Қабан құлақ қара атты
Қатырып мініп, шаппадым,
Ел қыдырып, ізденіп,
Бір бағымды таппадым.
Өлеріңді білмедім,
Өлеріңді білгенде,
Сары мойын серке мен болып,
Өкпеммен неге қақпадым!
Өлеріңді білмедім,
Өлеріңді білгенде,
Алданың берген түнінде
Армансыз құшып жатпадым!

Орақтың жауы бар екен. Орақ жауына бармастан бұрын өліп кеткен екен. Орақты өлтіргендер: «Орақтың жауын жаулап аламыз»,—деп қол жинап, аттаныпты.

Сол күнде Қарасай он жеті жасар екен. Жауға бармай, үйде қалыпты. Жауға бармай, үйде қалғанына ызаланып, Қарасайды қайрап, жауға кеткен Алшы Исмайыл, Тобаяқтарды «бес қатын» деп қорлап, шешесінің айтқаны:

—Атқышым, мергенім,
Шиленгерім, зергерім,
Ілмей қалар ма екен күнінде
Ұядағы көргенін?
Отырған билер, сардарым,
Алтын тақта хандарым!
Атаңа тартып тумадың,
Беліңе садақ бумадың,
Не болды саған, балаларым?
Тумағыр, балам, тумадың,
Беліңе садақ бумадың,
Бес қатын кетіп, сен қалдың,
Атаңның жолын қумадың!
Жауыңды жауға алдырдың,
Дауыңды дауға алдырдың,
Жүзіңе қара салдырдың.
Әкеңнің жауын жаулаған
Бес қатынға алдырдың.
Кешегі әкең барында
Мынау Қабан құлақ қара атты
Мінуші еді салдыртып,
Жүруші еді жардырып,
Бетіме неге қарайсың,
Жүзіңе қара шалдырып,
Әкеңнің жауын жаулаған
Бес қатынға алдыртып?!
Айналайын Қарасай,
Мен саған жерік болғанда,
Аюдың етін жегіздің,
Жолбарыстың сүтін ішкіздің.
Екпініңнің қаттысы-ай,
Белден қарға аунаттың,
Онда да қоңыр күздей болмады,
Онда да мейірім қанбады.
Сөйтіп туған сен едің,
Сенің анаң мен едім.
Мен саған жерік болғанда,
Сегіз жылан жеп едім,
Сөйтіп туған сен едің,
Кешегі әкең Орақ өлгенде,
«Орнын басар ма екен» деп едім!
Балаларын қайрайды
Қарасайдың анасы-ай.
Қайырып жауап айтады
Анасына баласы-ай:
—Алшы, Исмайыл, Тобаяқ
Атам Орақ барында
Жүруші еді таласа-ай,
Бес қатын жауға жете алмас,
Жетсе де, қайрат ете алмас,
Тербетпе өлген әкем сүйегін.
Қайрай берсең, шешеке-ау,
Оған да бармай, тек жатпас,
Жауға бармай, тек жатпан.
Жауға бармай, тек жатсам,
Қарасай атым құрысын!
Ер Орақтың ұлы едім,
Осы еді менің туысым.
Қарасай жап-жас баладай,
Бала да болса, данадай,
Қолына құрық алады-ай,
Жылқыға жүгіріп барады-ай.
«Атамның антты досы»,—деп
Қабан құлақ қара аттың
Мойнына құрық салады-ай.
Сонда Қара ат ат сөйлейді,
Сөйлегенде, не дейді:
—Айналайын Қарасай,
Асылың нұрдан жараған,
Ер Орақтың баласы-ай,
Мені мінбе, Қарасай.
Неге десең, Қарасай,
Жау ішінде қаласың,
Мені мінсең, Қарасай.
Кешегі Орақ кеткен соң,
Аузым сүтке тиген жоқ,
Арқам үйге кірген жоқ,
Жалшылар мінді жайдақтап,
Қойшылар мінді ойнақтап,
Мойнымда жалым жоқ,
Бұра тартар әлім жоқ.
Өзіңдей ерлер мінген жоқ,
Қадірімді ешкім білген жоқ.
Мен кешегі Орақ барында
Құлында емдім, тайда емдім,
Құнанымда арда емдім.
Дөненімде үйретті,
Мойныма арқан сүйретті.
Бес жасыма келгенде,
«Белін түзеп алсын»,— деп,
Онда да Орақ мінген жоқ.
Алты жасқа келгенде,
«Азу тісін жарсын»,—деп,
Онда да Орақ мінген жоқ.
Жеті жасқа келгенде,
«Аршынын түзеп алсын,—деп,
Мүшесін сыртқа салсын»,—деп,
Онда да Орақ мінген жоқ.
Сегіз жасқа келгенде,
«Серке санды болсын,—деп,—
Олқы жері толсын»,—деп,
Онда да Орақ мінген жоқ.
Тоғыз жасқа келгенде,
Сонда мені үйретті,
Мойныма жібектен арқан сүйретті,
Бауырымнан жаратты,
Маңдайымды жауға қаратты.
Тұяқтан ұшқан тозаңды
Жауған қардай боратты.
Желпілдетіп ту алды,
«Ат болды»,—деп, қуанды,
Не сұрайсың, Қарасай?!
Күндердің күні болғанда,
Көлдей тасқан көкірек
Қайғыменен суалды!
Кешегі әкең—Орақ мінгенде,
Алдымнан қара кетпеді,
Артымнан кара жетпеді.
Әкең—Орақ өлерде,
Аманат жанын берерде:
«Қожа, молда жинатып,
Дуа берме»,—деп пе еді?

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз