Қазақ жұмбақтары шешуімен
Қазақ халқының жұмбақтары шешуімен: табиғат, жан-жануар, үй бұйымдары, адам туралы. Әр жұмбақтың жеке беті бар — алдымен өзіңіз ойланып, сосын шешуін ашыңыз. Барлығы: 2 264. 10-бет, барлығы 23 бет.
- Үсті тақтай, / Асты тақтай, / Ортасында әбзел тақтай.
- Ти, ти десем, тимейді, / Тиме десем, тиеді.
- Аймерген Аймергеннен озбайды екен, / Әңгіме түр-түрімен қозғайды екен. / Алтын күрек болғанда күміс қорған, / Қанша күреп тұрса да, тозбайды екен.
- Үлкен ой, / Үлкен ойдың ішінде / Кіші ой, / Кіші ойдың ішінде, / Балуан би.
- Үлкен үй, / Үлкен үйдің ішінде / Кішкене үй. / Кішкене үйдің ішінде / Досқана би.
- Туғаннан біргемін / Бірақ санын білмеймін.
- Асқар тауда қара орман.
- Томпағымның басында тоқсан қыз бар.
- Жас кезінде қара орман, / Жыл өткен сайын ағарған.
- Басында Қаратаудың қап-қара шөп, / Атаймыз тау демесек әлде не деп. / Ағарып ақырында кете ме екен, / Ол таудың әлде шөбі тұрғанда көп.
- Білмеймін ерке ме екен, есер ме екен, / Қалпынан артық бойлап өсер ме екен. / Өсірме деп біреуге бұйырмасам, / Таудағы тоғайымды кесер ме екен.
- Бір тауға әрі қайың, / Әрі тал өседі.
- Майтөбеде ол сусыз, / Өскен қамыс буынсыз.
- Кішкене ғана тегене, / Сырты толған балауса.
- Беткейге қар жауды, / Кетпеске айналды.
- Қараша тауым қарлы болды, / Бір жауса, кетпейтұғын зәрлі болды.
- Қар жауды тау басына кетпейтұғын, / Аяқ жерге қақ тұрар кеппейтұғын. / Отыз шаһар қаласы ойран болды, / Ел бар ма ебін тауып септейтұғын.
- Қар жауар пәкене таудан кетпейтұғын, / Басында бұлағы бар кеппейтұғын. / Тас қорған тәңірім соққан бұзылмайтын, / Болар ма оны адам ептейтұғын.
- Қар жауды Қаратаудың басына кетпейтұғын, / Етекте екі бұлақ кеппейтұғын, / Бір тауда бір диірмен босқа қалды, / Бар ма екен сол диірменді ептейтұғын.
- Қар жауды таза жерге кетпейтұғын, / Түбінен қайнар шықты кеппейтұғын. / Алтыннан соққан қала бұзылыпты, / Бар ма жан оны соғып ептейтұғын.
- Қары бар Қаратаудың кетпейтұғын, / Ішінде бір бұлақ бар кеппейтұғын, / Бұзылып алтын кісен босқа қалса, / Ұста жоқ ол кісенді септейтұғын.
- Қара айғырым шабады қамшыламай, / Қара жерге аяғын шаншып алмай. / Бір төбенің басына шығып алып, / Мың қойды қасқыр жепті қан шығармай.
- Шығыпты тау басына бір топ раң, / Төбенің бірі – қара, бірі – қылаң, / Қылышын қынасынан жылмаңдатып, / Раңның бірін қырмай, бәрін қырам.
- Мың қойым суға кетті, / Байжан ақсақал қуа кетті.
- Мың қойымды бір шыбықпен айдадым.
- Бір төбеге қойыпты шынар жайып, / Қолына қылыш алды бір ғажайып. / Екі жақта шынардың қалқаны бар, / Кетпесін қалқанына қылыш тайып.
- Алпыс қанат ақ орда, / Алпыс атанға сыймайды. / Алпыс атаным қысқа дейін десем, / Таңертең ұшқан құс / Кешке әрең қонады.
- Қос бұлақ бір қарауыл салғаны бар, / Мойнында үш жүз алпыс арқаны бар. / Ақ тоғай, қара тоғай қалың ағаш, / Тоғайдың әр мезгіл де тарқары бар.
- Қарамасаң жайлауға, / Қабан келер шайнауға.
- Бір тауда мекен еткен отыз бөрі, / Ол кісі отызының қызметкері, / Жанында екі адам қарауына / Жүрмейді бірі ілгері, бірі кейін. / Тағы да екі адамнан тыңшысы бар, / Есітіп келіп тұрған әңгімені, / Бірінің ортасында бағлан қозы, / Секіріп ойнап тұрған әрі-бері / Істейді біреуді екеу, қиынды оңай, / Қозыдан пәрменменен шыққан желі, / Сол тауда мекен еткен бөрілердің / Бойы бар ұстап көрсең екі-ақ елі. / Жалмаймын жер жаһанды десе-дағы, / Көрсетпейді, қымтап тұрса екі тері.
- Бір таудың басында бар бір топ тоғай, / Ойлаған ақыл-ойға жұмбақ оңай. / Сол таудың етегінде бір сарай бар, / Жүк әкеп түсіреді он бай ноғай.
- Бір таудың адам жүрмес қиясы бар, / Екі самұрық, қос қыран ұясы бар. / Бітіпті етегіне құрма ағашы, / Басында бұлбұл құстың ұясы бар.
- Үрпек-үрпек тау, / Үрпек таудың астында екі жарық жұлдыз, / Оның астында екі тышқақ тоқты, / Оның астында жатқан тағы бір құндыз.
- Қалың қамыс, қалың қамыс, / Астында қия қамыс. / Пысылдауық, пысылдауық, / Астында сақылдауық.
- Бір топ қамыс, / Бір топ қамыс астында қиған қамыс, / Қиған қамыс астында жылтырауық, / Жылтырауық астында пышылдауық, / Пышылдауық астында тебендеуік, / Тебендеуік астында қатар-қатар тас, / Ортасында жылмаңдауық.
- Асқар бел, / Асқар белдің аржағында ақ өткел, / Ақ өткелдің аржағында кішкене тау, / Кішкене таудың аржағында қиған қамыс, / Қиған қамыстың аржағында мидай дала, / Мидай даланың аржағында қара қопа, / Қара қопаның ішінде қара шошқа, / Қара шошқаны алады жалғыз тоспа.
- Күмбір-күмбір қарағым, / Қартайғанша жарадың.
- Екі кісі ерегісіп келеді.
- Ғаудыр-ғаудыр шанашым, / Қартайғанша көрмедім.
- Құла бетте қисық астау.
- Тауда жарбайып тұр.
- Жар басында жарты кепе.
- Жар басында жарты сыпыра.
- Қарағай басына қатық ұйыттым.
- Қиын-қиын қиялар, / Қияға жұмыртқа ұялар.
- Бар екен бір жыланның отыз іні, / Түп-түзу бұл жыланның жоқ дүр міні. / Ғажайып бір мінезі тағы да бар, / Шықпайды бір інінен күндіз-түні.
- Екі достың бірі ыңғайлы, / Біреуінен ебі жоқ. / Екеуін де бірдей көрем, / Маған артық-кемі жоқ.
- Қимылда қос шебер, / Талай-талай іс бітер.
- Бес балалы екі досым, / Біреуінің ебі жоқ, / Екеуін де бірдей көрем, / Маған артық-кемі жоқ.
- Кезек-кезек сермейтін, / Жүргенде қанатым ол. / Түрлі еңбекке икемдейтін, / Ауырсынбай баратын сол.
- Шашбау, / Шашбаудікі бес бау.
- Бірі үлкен, бірі кіші, / Туысқан бірге бес кісі.
- Адам боп жаратылған бес арыстан, / Бойлары бесеуінің бір қарыстан. / Құдайдың құдіретіне таңғажайып / Бесеуінің арасына тас жабысқан.
- Бес сауысқан, / Бес сауысқан басына тас жабысқан.
- Бес жанды бір жансызға мінгескен, / Айналып ақ тақырдан із кескен.
- Бір күнде туған туыс бес, / Бойлары неге тең емес.
- Бес ат, / Бесеуі де қасқа ат.
- Бес көсеуім басы ақ күміс.
- Бес адам бір есекке мінгесіп жүр, / Мінгессе де, талай жермен тілдесіп жүр.
- Бар екен бәйтеректе екі аша, / Болмайды бар шақасы оннан аса. / Біреуі біреуінен икемдірек, / Құдайдың құдіретіне қыл тамаша.
- Бір тауды мекен еткен отыз бөрі, / Он кісі отызының жұмыскері. / Сол таудың ортасында бағлан қозы, / Масайрап секіреді әрі-бері.
- Бір тауды мекен еткен он бөрі, / Бес-бестен қызметкері.
- Ағайынды он, / Кигені екі тон.
- Бісміллә онға берді, / Он отызға берді, / Отыз Митанға берді, / Митан Шитанға берді, / Шитан ары қарай итере салды.
- Оным отызға берді, / Отыз үлпекке берді, / Үлпек шөлпекке берді, / Шөлпек жұтып қойды.
- Бес ағайын бар еді, / Бәрі бірдей жас еді, / Біреуі бірақ бас еді, / Бәрінен бойы пәс еді.
- Салдым бесақамды, / Аштым дарбаза үйді.
- Он терек отыз буын нұсқасы бар, / Бірі үлкен, бірі кіші қысқасы бар. / Бәріне лайықты атты қойған / Адамның тілі шешен ұстасы бар.
- Басында тас құдықтың серке ойнаған, / Жегенмен дүниеге еш тоймаған. / Бар екен бір кісінің он баласы, / Не үшін екеуіне ат қоймаған.
- Он үйрек, отыз аққу көлде жатқан, / Себеппен қаршыға құс дәмін татқан. / Алыстағы лашын құс ілмей қалмас, / Жақсылар ақылымен білмей қалмас.
- Қолымда он жүзігім, ал шығармай, / Бір бөрі мал жейді екен қан шығармай. / Төрт торы, екі сала жұмбағым бар, / Мұны тапқан мені алсын мал шығармай.
- Екі батыр қазына іздейді, / Екі батыр жол іздейді.
- Болғанда ыран-қыран, / Жабыса кетер сондай қыран, / Бір биікке қатар-қатар жайлайды, / Бірге ұмтылады шықса ұран, / Кейде жым болып түйіледі, / Айтқанына көніп иіледі.
- Жиырма баласы бар, төртеуі ана, / Бірі ұзын, бірі қысқа дара-дара. / Қандайлық істі қоссаң, ерінбейді, / Білімпаз мамандығы болған сара.
- Он айда мен аламын он жаңа айды, / Он жаңа айды алсам да, ол таусылмайды.
- Он кемпір мұз арқалап тұр.
- Бір үлкен тау бар, басы қара, / Жан-жағында төрт сала бар, / Бәрі дара. / Басында даралардың күміс тәж бар, / Жігіттер, зейініңмен ойлап қара.
- Он атты, он жаяу, қырық найзалы, / Қыздың сөзі пайдалы. / Асыққаның аяңдай тұр, / Асықпасаң, бір-біріңе таялмай тұр.
- Бесеуі қашып бара жатыр, / Бұлдырық қуып бара жатыр.
- Бірге жатып бірге тұрар, / Озуға тұра ұмтылар. / Екеуі мәңгі жарысып, / Көрген жоқ әлі қалысып.
- Алпыс аналы қасқыр, / Жетпіс балалы қасқыр, / Ол да көп жүр құр-құрлап.
- Мысыр деген шаһардың ортасында бір қонақ.
- Жалама таста / Жалғыз қурай.
- Денеңде бар, / Ойыңда жоқ.
- Тақырда тайдың ізі.
- Егіз қозы сүйексіз.
- Бір мезгілде сүйексіз туған екі қой.
- Бір дән бар дастарқанда салынбаған, / Дәмінен татпай ешкім қалынбаған. / Бір ағашқа бітіпті екі бұтақ, / Қанша жан ықтаса да, алынбаған.
- Аққуды табаққа салған, / Пышақпен кескен жоқ, / Жемеген адам жоқ.
- Бір жерден кішкене тесік көрдім, / Тесіктен алтын сарай есік көрдім. / Тесіктен бір өгіз дәу шыға келді, / Қайтадан кірем десе, кіре алмады.
- Ереймен жерейменнен озбайды екен, / Асы алтын, қасығы күміс болып, / Өмірі бітіп мүлде тозбайды екен.
- Бір шыққан соң орнына қайтып кірмес, / Қай жақтан келерін де адам білмес. / Азаттығы сонымен дүниенің, / Онсыз тірі ешкім де дәурен сүрмес.
- Еккенім бір танапқа жалғыз бидай, / Аққурай қанасына кетті сыймай. / Біреудің аманатын алсаң дағы, / Тұрасың береріңде көзің қимай.
- Балдан тәтті, / Удан ащы, / Тәрбиесіз, ата-анасыз.
- Балдан тәтті, / Мақтадан жұмсақ. / Базарға апарып сатсаң, / Бір тиындық бағасы да жоқ.
- Базарда сатылмайды, / Таразыда тартылмайды. / Өзі балдан да тәтті, / Өмірге бір шапағатты.
- Суға салсаң – батпайды, / Отқа салсаң – жанбайды, / Жерге көмсең – шірімейді.
- Өлсең де – өлмейді, / Өлмесең де – өлмейді.
- Жаралғанға жабысқан.
- Дүниеде бір нәрсенің жоқ мекені, / Затының емес мәлім кім екені. / Мінсең берік, өзі жүйрік бек қашаған, / Апарар қуса Тәшкен сол пендені.