Қобыланды батыр туралы (28-бөлім)
Қобыланды · Е.Ешімов нұсқасы · 3 мин оқу
Бұдан кейін хан еліндегі хабарларды Құртқа түгел айтуға құл мен күңді ертіп қайтадан келді.
Тоқтарбай деп күңіренісіп ұран салды,
Ыңырсыған ұраны жерді жарды.
Қырық-елу мың бар ғой көп шамасы,
Хан елінде бар ғой деп хабар салды.
Қабыртқасы сөгілген,
Жаңбырдай тері төгілген.
Бурыл менен көк тарлан
Шәріге келіп енеді,
Қобыландыдан бұрын тиеді
Қарлыға қыздың найзасы.
Жау ішінде мықты деп
Тоғанастың айласы,
Қарсыласып қалысты.
Қобыланды мен Тоғанас
Іркілмей найза салысты.
Төңкеріп өтті Қобыланды ер,
Қарсысына шыдатпай.
Алты құлаш ақ атпен
Айқасып қалды Ағанас.
Жаудан қорқар батыр ма,
Сескену ерге мақұл ма?!
Кезегіңе кел,—деді,—
Еркек болсаң батырға.
Ел қорғаған тәуірсің,
Жолың ұлық кәуірсің,
Кезегіңді өзің ал.
Қорамсаққа қол салды,
Қозы жаурын оқ алды.
Бадана көз қос ауыз,
Қарсы ілгегін ағытып,
Қобыланды ер тұрады.
Қалмақы ердің қасы деп,
Қақ жүректің басы деп,
Аямай кәуір ұрады.
Төртеуінен өткенде,
Шақұр-шұқыр етеді,
Оғы қайтып кетеді.
Берік бол кәуір енді деп,
Маған да кезек келді деп,
Сарамсаққа қол салды,
Сұр жебе деген оқ алды.
Садақтың оғы қосылды,
Қоблекең біледі тосуды.
Көк санағы гүрс етті,
Қол ортаға алады,
Кездесті істің ыңғасы,
Айыбы әттең ұрғашы.
Дәл жиырма бес жасында,
Ақмоншақ ат астында,
Көбікті ердің баласы,
Қарлыға қыздың ағасы,
Бершімбай қарсы келеді.
—Бері кел деп бауырым,
Басымнан ұшты дәуірім,
Қарлыға толғай береді.
Ат шыдамайд жауырға,
Ер шыдамайд бауырға.
Қарындасын көрген соң,
Балдырғандай майысты.
Қобыландыға жағам деп,
Кәйтсем кеулін табам деп,
Алдына келген ағасын
Желкесінен шанышты.
Қашқанмен пенде құтылмайды,
Ажалдан келген өлімнен.
Алам деп хабар ұрындым,
Әттең, тәңір, елімнен.
Ең болмаса өлмедім,
Өзімдей еркек теңімнен.
О, дариға, жалған деп,
Бершімбай да жан кешті,
Шашын түйіп долданып,
Жау найзасын қолға алып,
Олжаға алған ала атпен
Құртқа да кірді долданып.
Сол мезгілде Қоблекең
Көз ұшында барады.
Оң жағынан Қарлыға
Сол жағынан қыз Құртқа,
Жауды шөппен қағады.
Алшағыр менен Қоблекең
Найзаласып қалады.
Қанға еркін құмарды,
Екеуі білек сыбанды.
Ақырғанда қан татып,
Түкіргенде жын салып,
Бір-бірінің сыртынан
Найзаны сүйем шығарды.
Астындағы аттары
Тізелерін бүгісті.
Ерлері қалды қырқырап,
Атта жайдақ тұрысы.
Ұлы бесін болғанда
Алшағырды аударып,
Қобыланды екең шықты жалақтап,
Жайдақ атпенен салақтап.
Қыз Құртқа менен Қарлыға
Істеп жатыр білгенін,
Найзаменен шабақтап.
Тұмсығы қанға тиген соң
Қобыланды бөрі есірді.
Қыз да болса Қарлыға
Негізі еркек секілді.
Айқай сүрен салады,
Ай бетінен шығады.
Алдынан қашса, кетпейді,
Артынан қуса, жетпейді.
Өз қосағын көргесін
Сұлу туған Құртқаға
Көк найзаменен көктейді.
Көзге ілінген қараны
Өртеңдей қиғаш салады.
Бурыл тұлпар шапқанда
Тартылды жердің талабы.
Игісінменен Қобыланды ер
Садаққа келіп қалады.
Жауыз деген ер еді,
Игісіндей батырға
Қобыланды ер тағы да кезек береді.
Екеуі найза салысты,
Найзаласып қалысты.
Егісін де ер екен,
Ұстап жүрген халықты.
Қоблекең де сүйетін
Қай уақыттан анықты.
Қолындағы найзасы
Ұңғысынан омырлып,
Батырлар демін алыпты.
Тілекті берсе Құдай деп,
Біздің тілек былай деп,
Көбікті қызы Қарлыға
Оң өкпеден шанышты.
Бір кедергі ер еді,
Дүниеден бұл да жөнелді.
Ісі жөнге келгесін,
Ерікке Қобылан қоймайды.
Найзағайдың отындай
Бурыл балқып ойнайды.
Үрерге итін қоймайды,
Сығарға битін қоймайды.
Туырлығын тоқым қып,
Қарсы келген шидені
Қарақыпшақ Қобыланды ер
Бұл шаһардан шауысты.
Олжаға олжа қосылды,
Дұшпанның отын өшірді.
Қарақыпшақ Қобыланды
Он жеті күн ұрысып,
Қобыланды ер қайта көшірді.
Байтақ жатқан белдерді,
Тұтқында жүрген пендеңді,
Қараспан тауға ел келді.
Алшағырдың қызы екен,
Кәнікейменен алдайды,
Қараман деген шидеңді.
Жолдасына ергесін,
Қайратын көзі көргесін.
Әйел де болса налыды
Сұлу Құртқа теңдесін.
Қарлығаны алғанын
Тоқалдыққа жөн көрді.