Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр туралы (14-бөлім)

Қобыланды · Е.Ешімов нұсқасы · 3 мин оқу

Анасының түсті жоруы:

—Шығарма дұшпаның көп мың сан, балам,
Ақиқат менен адал тусаң, балам.
Ертеде көп миханат көріп едім,
Мен сорлы жаугершілікке еніп едім.
Сорлы әкең бір мезгілде жауда кетіп,
Айрылмай қосымнан еріп едім.
Тоқтарбай жаумен келген қара қыпшақ,
Сол елдің дәмін татып көріп едім.
Қараспан жау мекені қалың елде,
Перзентті сендей анық көріп едім.
Қанды бет бидай өңді толық едім,
Әркімді құмарттырған сорлы едім.
Тоқтардың сүйген жаны Аналықпен
Жүктімде жөргек құда болып едім.
Атыңды Құртқа деген Тоқтар қойған,
Қалмайтын күйеуім бар өлмей ойдан.
Тоқтардың жалғызы еді еткен жарық,
Жолдасың, құдай қосса, батыр Қобылан.
Тап соған миясар тұр осы түсің,
Келтірсін игілікті ақтың ісін.
Қобыланға сені қоссам, арманым жоқ,
Берілген асыл уәде Құдай үшін.
Ер жетіп есін біліп сені іздесе,
Алсын-ақ аманатын соның үшін.
Қобыланға, құдай беріп, сені қоссам,
Сол күні орындалар сүт пен күшім.
Ал балам, бұл жүргенге әуре болма,
Жасыңнан қайыр болса қарғылы ісің.
Ауыз үйде отыр еді әйелі шоры,
Әркімнің отын жаққан қордың қоры.
Түп-түгел есіткесін жеткізеді,
Қалдырмай Қызыл ерге ғана соны.

Қызыл ер ашуланды қаһарланып,
Шақыртты жан-жағына хабар салып.
«Қап, бәлем, білгенімді қылайын» деп,
Құртқаға ой ойлайды қатуланып.

Салдырып бір баспалдақ биік қылып,
Үстіне отырғызды қызды алдырып.
Жан-жаққа қара, қызыл жалау байлап,
Халыққа хабар салды ол да айғайлап:
—Сексен сегіз сырыққа
Бес тиын алтын байлаймын,
Кім атса, Құртқа соған жар.
Үш жүз тұлпар сайлансын,
Кімнің аты озат көрінсе,
Қыз Құртқа соған жар.
Алпыс палуан тақ тұрсын,
Кім жықса, Құртқа соған жар.
Жүз найзаны даяр қой,
Кім ілсе, Құртқа соған жар.
Елге түгел шашылған,
Есітілсін шын хабар.

Осымен шәріде той бола тұрсын,
Қос тұлпар, қос жолбарыс хабар қылсын.
Қараман Қоблекеңе хабар айтты:
—Айтайын, Қобыланды ер, мен бір ақыл,
Күшің тең меніменен өкпек батыр.
Батырға бір оқ деген байға бір жұт,
Мақал бар бірталайдан келе жатыр.
Тіл алсаң, сен сырттаған, мен көрейін,
Әртүрлі табылады менен тәсіл.
Аңғыртпен кірбің кетсең ғапыл топқа,
Орынсыз күйер жаның жанған отқа.
Арманда бой жазалмай жазым болсаң,
Жар қайда жарқыратып көрер топта.

Соны айтып залым қият келе жатыр,
Сабырмен сыртта қалды Қобылан батыр.
Бөксесі темір кеуде тас,
Қан іздеген Қазанбас
Шәріні қорғап тұр екен:
—Кейін тұр, жұмысың не,—деді—сенің,
Қан ішу талабым бар тіпті менің.
Екі айтам енді атыңның басын тарт,
Іліксең үшіншіге өлтіремін.

—Өзге ұлттан біздің кәпір ер болады,
Уәдесі мұсылманның кем болады.
Өз қанатын өз басы қия берсе,
Сұңқардың не шаруасы жөн болады.
Өлтірме, тілімді алсаң, мені, бегім,
Бөтенің емес едім мен де сенің.
Базарға кіремін де кәзір шығам,
Базарлап кетіп еді келіншегім.

Қазанбас қарық болып қоя берді,
Қараман тамашаның бәрін көрді.
Дәметкен жалғыз қыздан ер көп екен,
Жүйрік ат білектілер келген екен.
Сабырлы Мадуанның бел баласы,
Бәйбіше естек ноғай елден екен.
Алысса, ата қуса, несі бар деп,
Ер Орақ Ноғайлыдан келген екен.
Қызды да, сүйсең, бердім, ақжаппарым,
Көрсетті-ау ойда жоқты кәпір залым.
Кәпірге өлгенімше бағынбаймын,
Тартасың неге құрғыр оң қабағым.
Жеріген айдаһарға асыл ана,
Қауысша, арманым жоқ, Қобылан жаным.

Тағы оқыңыз