Қобыланды батыр туралы (22-бөлім)
Қобыланды · Е.Ешімов нұсқасы · 3 мин оқу
Жөнелді батыр тағы да,
Ермеді қият шаңына,
Тобылғы сапты қамшыны
Толғап тартты Қобыланды ер,
Тайбурылдың соңына.
Былаңдаған бурылдың
Қатты батты жанына.
Жанына батпай не қылсын,
Сауысқан қарға тойында,
Санынан аққан қанына.
Төменгі ерні жыбырлап,
Жоғарғы ерні сыбырлап,
Сонда бурыл сөйледі:
—Өкпеңнен тарат, батыр, шер,
Айыбың жеке, Қобыланды ер.
Осы аттанған сапарың,
Ұшатын құсқа қырық күн жер.
Ерде жеке сен едің,
Малда жеке мен едім.
Қас батыр жанымды ауыртпас,
Теңеген басқа деп едім.
Қолыңнан алар адам жоқ,
Өлтірсең де көнемін.
Жалғыздық кегін менен ал,
Жамбасыма қамшы сал.
Ат қылды Тәңірі, не амал бар,
Ат қылып Тәңірім жаратты,
Сен секілді ылайға.
—Адам болсын мал болсын,
Жалғыздық деген оңай ма?
Намаздыгер өткенде,
Намазшамға жеткенде,
Қазан ағаш бағасын
Қазанның сырлы қаласын,
Көрсетпесем көзіңе,
Жан серігің Бурылды,
Құрбандық айтып жаныңа,
Сол жерде шал Құдайға.
Осылай батыр шу деді,
Былтылдап Бурыл гуледі.
Аманбай тіккен ақтеке,
Аса қарғып жөнелді.
Сеңгірбайдың сегіз тау
Серпініменен бөледі.
Жекендінің жеке көл,
Желісіменен жөнеді
Баялышты құмайттан,
Бүлдіргілі шыңайттан,
Қалғабайлы ылдидан,
Қасқалдақты бұлдидан,
Найзасы аумай қолынан,
Жұлдыз аумай оңынан.
Нұрымбет өткен күн төбе,
Бауыры шұбар күн төбе,
Сол мезгілде Тайбурыл
Төрт аяғын тең басты,
Масаты шалбар балағы,
Жел соққандай жалтылдап,
Таңсықбай өткен талайдан.
Оттайын десе оты ащы,
Ішейін десе суы ащы.
Ит қырылған манайдан,
Аяғын топтап басады.
Ол төбенің тозаңын
Бұл төбеге қосады.
Көтеріліп ұшқанша,
Көк құтан жекті басады,
Өлген құстар көп қалды,
Көтеріле алмай жек қалды.
Ақ сары бас қу лашын,
Өлген құсты жеп қалды.
Сол мезгілде бурыл ат,
Біреуінен біреуін
Сынық сүйем кем басты.
Қошамбай өткен қос көлден
Құлпырып өтіп жөнелді.
Жекендінің желбір көл,
Желе басып жөнелді
Сақыбай өткен санайдан,
Төрт тұяқтан шыққан от
Шақпақ тастай жалтылдап,
Отауланған ақ көбік
Омырауда бұрқылдап.
Қанымбайдың Қаратау
Қарғып асып жөнелді.
Жаңбырдай тері төгіліп,
Қабыртқасы сөгіліп,
Аш күзендей бүгіліп,
Көрінді қазан нақпа-нақ.
Қазанда айла мол екен,
Тоғыз қабат қазанның
Сырты құрған тор екен.
Алты қабат қазулы
Айналасы ор екен.
Таңдап-таңдап батырлар,
Зорға өтетін жол екен.
Сақалы алтын, мұрты жез,
Қазанда асқан зор екен.
Орға келіп Қоблекең
Бурыл атқа сөз айтты:
—Уа, жан серігім бурыл ат,
Дұшпанға мені қылма мат.
Нәшіңіз мал болғанмен,
Анаң Құртқа асыл зат.
Егесіп шықтым бөрікпен,
Құдайға Құртқам аманат.
Тауымды Қазан жемесін,
Жылқышы Қамбар демесін.
Ор енді де, тор биік,
Бұған қалай көнесің?
—Жұмсасам, бұлың жетеді,
Бұхардың бояу бөзінен.
Қазанның жері тап осы,
Көрсеттім, батыр, көзіңе.
Өліп кетсем ырзамын,
Мені баққан Құртқаның
Қалқамжан деген сөзіне.
Тізгінді түй де желкеме,
Берік бол батыр өзіңе.
Қайта сөзге келмеді,
Көтеріліп бурыл бұлт етті.
Қанша батыр болса да,
Қобыланды ерден сұр кетті.
Төрт аяғы баурында,
Ортасына томп етті.
Тайбурылдың салмағы,
Қобыланның бітіп арманы,
Ойыла жаздап қара жер,
Ортаймаса, да солқ етті.
Кедей ғасте болды деп,
Дыбысқа кеулім толды деп,
Мен тұрғанда қалада,
Кім жаннан безген сорлы деп,
Қабақтан қары бораған.
Тоқ болсын деп қолыма,
Топтап бархыт ораған.
Құдайдан дұшпан сұраған,
Жау көрмесе жылаған.
Құла қасқа ат мінген,
Ат құйрығын шарт түйген.
Алдына дабыл өңгерген,
Басына қалқан төңкерген.
Молдалар айтар бес азан,
Суда болар сар сазан,
Алдынан шықты ер Қазан.
—Ау, тоғайсың, тоғайсың,
Неғылып жүрген ноғайсың?
Неғылсам да оңайсың,
Атыңның жалы жатыңқы,
Алыс жерден келгендей,
Қабағың неге қатыңқы?
Түн ұйқыңды төрт бөлгендей,
Бет реңің келмей тұр,
Түн шабуылын көргендей.
Дидарыңа көз салсам,
От болып қаулап жанасың.
Жер иесіз дедің бе,
Тау иесіз дедің бе?
Батыр болсаң сен,—дейді,
Қанішер Қазан мен,—дейді.
Сүйегі тәуір мал екен,
Астыңдағы Бурылды,
Қан тигізбей бер, дейді.