Қобыланды батыр туралы (21-бөлім)
Қобыланды · Е.Ешімов нұсқасы · 3 мин оқу
Қобыланнан қабылдау:
—Егімді асқан аруақты
Иесіне тапсырдым.
Ұйытқылаған шаңырақты
Егесіне тапсырдым.
Кемпірім мен шалымды
Жаратқан Аққа тапсырдым.
Олай-бұлай іс болса,
Құдай қосқан жарымды
Кезеңген елге тапсырдым.
Сендер төртеу, мен жалғыз,
Мен сықылды қубасты
Сендер кімге тапсырдың?!
Қарындасы Қарлығаштың толғауы:
—Адасса, жолға салып жүр,
Сүрінсе, қолдан алып жүр.
Жеті ғазиз кәміл пір,
Көкемді сізге тапсырдым.
Әлемнің көркі күн мен ай,
Күштінің епкі бір Құдай,
Көкемді сізге тапсырдым.
Жылқышы ата Қамбар пір,
Шешілмей қалмас терең сыр,
Қауыс қысас қырық шілтен,
Көкемді сізге тапсырдым.
Қобыланды:
—Кіндік қан тамған жерімді,
Иеленген елге тапсырдым.
Қарындасым қандасым,
Қарындасым, Қарлығаш,
Есті ерге тапсырдым.
Тоғай толған малымды
Шаттанған жауға тапсырдым.
Желі толған жылқымды
Жасанған жауға тапсырдым.
Тоғай толған түйемді
Жаман шөп пенен шағылда
Сары суға тапсырдым.
Шопан ата қойымды
Азу тісі балтадай
Жас бөріге тапсырдым.
Ата-ана құл ағаш
Әсем Құртқа қиғаш қас,
Қарлығаш атты бауырлас,
Аққа аманат біздің бас.
Тауда болар тарғыл тас,
Тарықса, шығар көзден жас.
Тар қолтықтан оқ тисе,
Көзден ағар қанды жас.
Қарауыңда бар болса,
Қол береді екен қарындас.
Анық ажал кез келсе,
Қайда қалмайд жалғыз бас.
Қараспан тауды жайлаған,
Қарақыпшақ туған ел,
Қош аман бол, бауырлас!
Сонан соң Қобылан жөнелді,
Батырлық деген қиын серт,
Жалғыздық деген ауыр дерт.
Туған жерден бет алды,
Зырғанаған бурылдың
Түтіні бура, тұяғы өрт.
Қос құлақты қадағаш,
Бауры тартып жараған.
Қоңған сайын киелі,
Жерге түссе екі аяқ,
Бауры жерге тиеді.
Ер Сайын қонған жылғадан
Бурыл өтті зырлаған.
Қалың қият көп нөкер,
Уәделескен құр бекер,
Жағалай қайың, қарағай,
Сайынның ұлы Қараман
Кеткен екен қарамай.
Ойланып тұрып: «Бұл қалай,
Абырой бер, Құдай-ай.
Сейісі қатын, атым тай,
Қалғаным ба ұнамай.
Кетсе де серпіп көрейін,
Жалғыздыққа көнейін.
Мал да болсаң сабыр ет,
Арам терді төгейін.
Қылығы қымбат қызметкер,
Еңбегін жардың жемейін.
Көп еңбекпен алып ем,
Қатын да болса сенейін.
Жұмақта қорлар сымбатты,
Үйдегі Құртқа жұбайым,
Жұбайым олқы болды деп,
Жемеймін ешбір уайым.
Анаң тұлпар, тай бекі,
Атаңның тегін сынайын.
Жан серігім жалғыз ат,
Төрт аяғың сом болад.
Үкілі құйрық, майда жал,
Жары күміс, жары алтын,
Жан серігім бурыл ат,
Қалқам бүгін бұлайын.
Қыдыра жалды қыл құйрық,
Сенен озбас деп едім.
Аяғы екеу, бір басты,
Жылқышы Қамбар піріңе,
Сенің тәнің аманат.
Бір жаратқан Құдайға,
Менің жаным аманат.
Жалғыздықтың жаманы-ай,
Қарамай кеткін жамағат.
Бұл дұшпанға қылма мат,
Шырағым Бурыл, шу»,—деді.
Бурыл балқып гуледі,
Үстіндегі Қоблекең
Не болғанын білмеді.
Әбіресіндай есілді,
Төрт аяғын көсілді.
Бүгежектеп келе атқан,
Байлаулы малдай шешілді.
Көлденең жатқан көк тасқа,
Қыранға біткен қамыстай.
Күн төбеден ауғасын,
Ширатылып серіпті,
Илеуі жеткен қайыстай.
Жақын қылды алысты,
Ауыздықпенен алысты.
Тарта-тарта батырдың
Алақаны қанады.
Шыңылауы жеткен қас тұлпар,
Берсін кімге намысты.
Ай мүйізді қошқардың
Бөрі тартты қоңынан.
Ерікті туған Қобыланның
Жұлдызы туды оңынан.
Қара Боқан жауырыншы
Ердің жетті соңынан.
—Үлкен едің ар ма,—деп,
Алдыңда кісі бар ма?—деп.
Сонда Боқан сөйлейді:
—Қашан шықтың ауылдан,
Қобыланды батыр ер,—дейді.
Он жеті күн көшкелі
Қалың қият ел,—дейді.
Бір бел жүрсең, көрінер
Қос дәулет деген ел,—дейді.
Тайбурыл атты құтыртып,
Бұған да жетті сыпыртып.
—Үлкен аға, ар ма деп,
Алдыңда кісі бар ма?—деп.
—Қылшаң жүнді қарапай,
Айыбың жалғыз қарағай.
Осынау белдің астында
Аққозы ағаң барады-ай.
—Шырағым бурыл, шу,—дейді,
Тозаңы шаңды ілмеді.
Бұған да келді сыпыртып,
—Үлкен аға, ар ма,—деп,
Алдыңда кісі бар ма?—деп.
—Қылшаң жүнді қарасың,
Жылқыдай құмай аласың.
Атадан жалғыз дарасың,
Жетерсің деп ойлаймын,
Өз кеуліме шамасын.
Сайынның ұлы Қараман,
Көрмегелі жиырма күн,
Толды бүгін қарасын.
Жылда бөрі дылдасың,
Қажет болса құрдасың,
Іздесең тауып аласың.
«Айт, жануар» дегенде,
Қабырғасы сөгілді,
Көп шабысқа арнаған,
Құдіреті екен сол күнді.
Қараманның соңынан
Жөнегенде Бурылдың
Жаңбырдай тері төгілді.
Тайбурыл мен Қобыланның,
Дүбіріне қарасаң,
Қырық мың қандай көрінді.
Бурылменен сыпыртып:
—Ассаламағалейкүм,
Жолың ұлық батыр-ай,
Мақтаған атың осы ма,
Тағы да бар ма, апырай?!
Жаяменен жал қандай,
Алуа, шекер бал қандай.
Қатын баққан бурылмен
Жарысуға әл қандай?!
Бәрекелді, досым-ай,
Мақтаған атың осы ма ай?!
Жазығы, әттең, ұрғашы,
Қатынның аты осылай!
Он екі күнде жетерсің
Жауға тіккен қосыма-ай.