Қобыланды батыр туралы (19-бөлім)
Қобыланды · Е.Ешімов нұсқасы · 2 мин оқу
Қоблекең сонда сөйледі:
—Жау жарастық батырға,
Сізге салмақ қатын ба.
Кәзір бейқам жатырмын,
Жылқыда мінген атым да.
Жау дегенде басым сай,
Ойласайын ақылға.
Жарай ма екен жаңа тай
Міндеттелген қатынға.
Тайымның түрін көрейін,
Жорық менің мерейім,
Асықпа, батыр, сабыр ет,
Бір хабарын өзім берейін.
Қоблекең осыменен қайтты елге,
Қараман мекендеген қалды жерде.
Қауышып қыз Құртқаға басталған сыр,
Тайбурыл тісін жарған нағыз кезде.
—Ауыздың дәмін алар бал,
Таулы жерде қайын бар.
Бас үйретіп мінуге,
Келді ме тайың, сұлу жар.
—Зорлық қылсаң мінесің,
Айуанат түгіл менде жоқ
Берілген сізге ықтияр.
Өз ойымша қарасам,
Қатпаған тайдың белі бар.
Құдай артық жаратқан,
Ерге кімнің сөзі бар.
Бір басың мыңға тұрасың,
Осы айтқаным расым.
Толтырып мінсең келісіп,
Миханат көрдім сен үшін,
Бұл айуанат емес, лашын.
Зорлығыңменен мертіксе,
Басыма бейнет қыласың.
Аңдаттым енді өзің біл,
Сөйлеген сөздің бәрі шын,
Құдай қосқан қосағым,
Қымбатты жолбарысым!
Егестім мен де ар үшін,
Бір ауыз айтқан өкпемнен,
Өте жаздап намысың.
Ендігісін өзің біл,
Болдыңыз жолдас бізге пір,
Қосыңызды жеккесін,
Ақ некеңнен өткесін,
Кем жүру керек біздің тіл.
—Жау іздеген Қараман,
Қалың қият табанды,
Алып жүр деп мазамды.
Көріпсің деп ем қызметім,
Байқауға сенің шамаңды.
Болса тайың жарарлық,
Қолға алсам деп ем адалды.
Қызуың кетпей тұрғанда,
Дос білсе деп ем бағаңды.
Торсыққа құйып қанымды,
Аямай көріп ауырды,
Асырсам деп ем жүзеге,
Сүйтіп, сүйген адамды.
Жалғыз едім мен бұрын,
Осы айтқан шын сырым.
Үшеу болдым мен кәзір,
Сеніменен бурыл.
Үздіксіз бағып мінгізіп,
Қызметің үшін қызмет қыл.
Бұл сапардан қалса тай,
Қараман отын жаққандай.
Тайым келсе ыңғайға,
Асылған жаным Құдайға,
Қалдырғым келмейді мақтанбай.
Қарағасын дәл өзің,
Несі кеміс бапталмай?!
Осыны айтып Қоблекең,
Аяқтайды өз сөзін.
Әлі күнге хабар жоқ,
Қараман жатыр көңлі тоқ.
Байқады Құртқа ыңғайын,
Мінбей кетер батыр жоқ.
—Опасыз дүние ормандай,
Кеңдікпен біткен жол қандай.
Қараспан деген еліңе,
Басым тұйғын сияқты,
Сыймырың зорлап қонғандай.
Сүйегі толық, қаны кем
Бурылдың қырық үш күн.
Осы уәдем берген шын,
Жиырма бес күн айналсаң,
Елемес еді деп ойлаймын,
Қарасам түзу күндіз-түн.
—Жем ауырлық қыла ма,
Ақ үйрек ұшқан сұңқарға.
Қару ауыр бола ма,
Қалыптан шыққан сұлтанға.
Күн елеуге бола ма,
Күмістей шыны тұлпарға.
Әлде қиғың келмеген
Қымбатты жарға сылтау ма?
Өзімнен басқа пана жоқ,
Аз ғана қыпшақ ұлтанда.
Жарайтұғын қара жоқ,
Ашылғанда қымтауға.
Айтсам ақыл қонбайды,
Қараман деген мылқауға.
Қатынға билік қылма деп,
Мені мыжып ұстауда,
Баққаннан соң қыз Құртқа,
Сәтімен туған бурылға
Күн кедергі қылар ма.
Күрсінгендегі көңілім,
Бурылға мінбей тынар ма!
Қызыл ала қан қылып,
Сені сүйген тәтті түн,
Бір шығып едім құмарға.
—Әрбір шырын бал сөзің,
Енді өзің біл, жан қозым.
Мінемін десең ат дайын,
Шарықтап шыққан жан досым.