Қобыланды (2-бөлім)
Қобыланды · Көшелек нұсқасы · 2 мин оқу
Он екі жасқа келгенше,
Сол баланы жақсылап
Қыдырбай қартың бағады,
Баланың көңілін табады.
Он екі жасқа келгенсін,
Қыдырбайдай қартыңа
Қобыланды батыр келеді,
Келе сөйлей береді:
—Қыдырбайдай атамыз,
Қолыңнан берші батаңыз.
Он екі жасқа келгенше,
Босқа қарап жатамыз.
Тоқпақ жалды торы айғыр
Сол айғырды беріңіз,
Бізді өзіңдей көріңіз.
Сол торы айғырға мінейін,
Дүбір де дүбір желейін.
Толып жатқан малыңды
Менде бір көріп келейін.
Өзіңнің жастан қолданған
Қаруыңды бер,—деді,
Беліме орай шалайын.
Мен сол көп малыма барайын,
Дұшман бар ма, дос бар ма,
Бізге ойлаған қас бар ма,
Соны байқап келейін.
Қыдырбай сонда сөйледі:
—Садағың алтын, көк берен,
Шарайнасы бес қабат.
Салып қойған сауыт бар,
Соны үстіңе ки,—деді.
Арша ағаштан жондырып,
Көзін терең ойдырған
Белгілі оғым бар еді,
Беліңе орап іл,—деді.
Тоқпақ жалды торы айғыр
Мінемін десең, мін,—деді.
Дұшманыңды-досыңды
Аралап барып көр,—деді.
Жылқы менен қойыңды
Аралап барып көр,—деді,
Қобыландыдай ер,—деді.
Қасыңа сенің берейін
Көрсетіп бәрін жүруге
Сайрауықтай құлыңды.
Түгендеп бәрін келерсің
Жылқыда тай мен құлынды.
Тәуір көрдім, шырағым,
Атқа мінген ырымды.
Қобыландыдай балаға
Атасы бата береді.
Қобыландыдай жас батыр
Тоқпақ жалды торы айғыр
Оған батыр мінеді.
Манағы айтқан сауытын
Оны үстіне киеді.
Әкесінен сұраған қаруын
Беліне орап іледі.
Сайрауықты ертіп қасына,
Түгендеуге көп малын
Қобыланды батыр келеді.
Қыдырбай қарттың жылқысы
Саны байтақ көп еді.
Қамысты деген бір көлде
Су ішіп жылқы жатқанда,
Оған таман келеді.
Жылқыларын түгендеп,
Қасындағы Сайрауық
Қобыландыға береді.
Түгендеп тұрған мезгілде,
Будақтаған бір шаңды
Қобыланды сонда көреді.
—Сайрауықтай ағамыз,
Мен мына жақтан шаң көрдім,
Шаңды көріп таң болдым.
Берменірек кел,—деді.
Менің көрген сол шаңым,
Білгеніңді айтып бер,—деді.
—Қобыландыдай жас бала,
Бұрын маған ермедің.
Не деп айтып берейін,
Жоқ еді оны көргенім.
Қобыланды сонда ойлады,
Ой түбіне тоймады.
Астындағы айғырды
Қамшыменен айдады.
Айдаса аты желеді,
Үйіне салып келеді.
—Айналайын, жан ата,
Батаңды маған бер,—деді.
Мен мына жақтан шаң көрдім,
Көргенсін шаңды таң көрдім.
Шаңға барып келейін,
Дұшпан болса аңдыған,
Себебін өзім білейін.
Қыдырбай сонда сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Толып жатқан малым бар,
Аңдып жүрген залым бар,
Ғаріп болып кетерсің,
Киік пенен құланның
Шаңына барып нетерсің?
Отырсаң да үйіңде,
Мұратыңа жетерсің.
Атаң менен анаңды
Қайғыда қылып кетерсің.
Сонда бала сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Ата, бекер қайғырма,
Ақылыңнан айрылма.
Менің үшін жылама,
Жылай беру бола ма?
Қайранда тұрған жалғыз тал
Уақытсыз сына ма?
Далада жүрсем білемін,
Отырсам үйде күлемін.
Үйде-түзде болсам да,
Уақытым біткенде,
Қалайда болса өлемін.
Осыған көзің жетті ме,
Отырсам үйде өлмесім?
Бұған көзің жетті ме,
Соған барсам келмесім?
Не көрмес дейсің әуелден
Құдайдың өзі жаратқан
Басы жұмыр пендесі.
Қыдырбай сонда сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Қолыңды жай, шырағым,
Тамағыңнан бір сүйсем,
Тарқар сонсын құмарым.