Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды (3-бөлім)

Қобыланды · Көшелек нұсқасы · 5 мин оқу

Жаңа талап жас бала,
Саған бата берейін,
Сені өзімдей көрейін.
Жауға барсаң, қарағым,
Жаудың шетін шапқайсың.
Шапқаныңда жағалап,
Ішіне кірме аралап.
Жаныңа тарлық келгенде,
Көкшыбықтай бабаң бар,
Шақырарсың бабалап.
Атасы ұлықсат береді,
Анасы сонда келеді.
Сені тілеп жүргенде,
Қурылып еді заманым,
Тілініп еді табаным,
Кетемісің сен тастап,
Қобыландыдай қарағым?!
Он ай сені көтердім,
Омыртқам менің бүгілді,
Қабырғам қалмай сөгілді.
Сен кетемін дегенсін,
Көзімнің жасы төгілді.
Қайда тастап кетесің,
Ауыр дәулет, малыңды?!
Қайда тастап кетесің,
Кемпір менен шалыңды?!
Садақа саған қылайын
Кеудеде шыбын жанымды.
Шыныңмен кетсең, ала кет,
Мені артыңа сала кет.
Әкетпесең айтайын
Жолыңа айтқан ниязбын,
Алмасыңмен шала кет.
Қобыланды сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Меңді сынды анамыз,
Қор болар деп ойлама,
Қобыландыдай балаңыз.
Ұлықсат бер де, қоя бер,
Қамысты көлдің басында
Көрген шаңға барамыз.
Атасы мен анасы
Ұлықсатын береді.
Қобыланды сондай ер еді,
Жаудан қорқар ол емес.
Бағанағы көрген шаңына
Барайын деп келеді.
Оған келсе жақындап,
Алдыңда тұр бір бала.
Шаң мәнісін сұрады,
Сол баланы тақымдап.
Сонда бала сөйледі:
—Бұл көп қалмақтың елі еді,
Көп қалмақтың елінде
Алшағыр деген хан еді.
Алшағырдың елінде
Бір Көктен деген
Мықты кемпір бар еді.
Сол кемпірдің сол күнде
Құртқа дейтін бір қызы
Әйелде ару жан еді.
Сұлулығын сұрасаң,
Қызыл ерін, ақ маңдай,
Өңбейтұғын мақпалдай,
Оны көрген адамдар
Жиғанын оған сатқандай,
Сұлулығы жарасты.
Сол секілді балаға
Алшағыр менен Ақшахан
Екі елдің ері таласты.
Таласқанын сол Көктен
Үйде отырып көріпті,
Төресін өзі беріпті.
Төрелік берген мезгілде,
Ат шаптырып далаға,
Ноғайлы мен қалмақтың
Өздері салған қалаға.
«Той қылдым,—деп,—сол күнде»,
Шақырған екен көп елді,
Құртқадайын балаға.
«Той қызығын көрем» деп,
Бір бәйтерегі бар екен,
Сол теректі аттырып,
«Жыққан кісіге берем» деп,
Қалмағы менен ноғайдың
Жиналып жатқан елі бар,
Толып жатқан ері бар.
Алшағыр мен Ақшахан
Келіп жатыр осында.
«Кім жықса да теректі,
Сарқыт сұрап алам»,—деп.
Көктен отыр үйінде,
«Лайық емес бұларға
Менің Құртқа балам»,—деп.
Қобыландыдай батырың
Әбден сұрап алады.
Әлігі жатқан хандарға
Қобыланды кетіп барады.
Хандарға бара сөйледі:
—Сәлем бердім, хан,—деді,
Сөзіме құлақ сал,—деді.
Он екі баулы ноғайда
Қыдырбайдың ұғлы едім.
Сендердің қуған олжаңды
Мен де қуып жүр едім.
Туғалы атқа мінбедім,
Мұндай жолға жүрмедім.
Мен де өзіңдей ер едім,
Оғым тисе терекке,
Осы олжаңды бер енді,
«Тырнақалдым» деп едім.
Сонда хандар сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Он екі жасар жүгірмек,
Оғың тисе ала бер,
Олжаң бізге не керек.
Ұлықсатын алады,
Жиылып жатқан кісіге
Қобыланды кетіп барады.
Астына мінген тұлпарға
Қамшыменен басады.
Жиылып тұрған көп адам
Қобыландыны көргенсін,
Арасын бәрі ашады.
Сол уақытта Қобыланды
Бәйтерегін көреді,
Бәріне сәлем береді.
Сәлем беріп болғансын,
Оғына батыр қол салды,
Бір салғанда мол салды.

Алдындағы теректі
Атайын деп оңдалды.
Үзенгіге шіреніп,
Тартып келіп қалады.
Ердің оғы тұрсын ба,
Құлатып кетіп барады.
Атқан оғы сол ердің
Ол теректен өтеді.
Аржағында бір төбені
Төңкеріп тастап кетеді.
Көктен менен ол Құртқа
Отыр екен сол күнде
Мұнараның басында.
Сонда Құртқа сөйледі:
—Айналайын, анамыз,
Кел, мұнарадан түселік.
Лайық екен балаңа,
Мына келген еріңіз.
Көз тиіп кетер осыған,
Жасырып жауып баланы,
Отауға алып баралық.
Көктен менен ол Құртқа
Қобыландыдай батырды
Ортасына алады.
Жібекпен жауып батырды,
Отауға алып барады.
Сол отауда жатады,
Көп қызыққа батады.
Көктен сонсын той қылды,
Ол тойына сойғанын
Ту бие мен қой қылды.
Жылқыда шабдар қалмады,
Үйдегі шалдар қалмады.
«Осы тойға барам деп,
Бір тойыны қылам» деп,
Жиналды қалмақ елдері.
Қобыландыдай балаға
Мінеки, Құдай бергені.
Жеті күндей той қылды,
Тарқатқансын сол тойын,
Құртқадайын сұлудың
Некесін сонсын қидырды.
Сонсын Көктен сөйледі:
—Қобыландыдай жас бала,
Маған көзін сал,—деді.
Қалағаныңды ал,—деді.
Сонда Қобыланды сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Мен бір жалғыз ер,—деді,
Дүние маған не керек,
Батаңды маған бер,—деді.
Батасын Көктен береді—
Қатар-қатар нар берді,
Нарына қосып зер берді.
Жеті құл мен жеті күң
Жана берді қасына.
Қызын алып баратыр
Көктендейін кемпірдің
Өзі мініп басына.
Қыдырбайдай қартыңа
Беру деген осы ма.
Сол екі күн жүргенсін,
Манағы жүрген келіншек
Бір көп жылқыға келеді.
Сонда келіншек жылқыны көріп сөйледі:
—Қобыландыдай ер,—деді,
Бермен таман кел,—деді.
Мына жатқан көп жылқы
Кімдікі болар, білмеймісің, сен,—деді.
Қобыланды сонда сөйледі:
—Қыдырбай атам бай еді,
Жасы жеткен шал еді
Әуелі Құдайдікі,
Екінші, Қыдырбайдың малы еді.
Сонда Құртқа сөйледі:
—Жылқының өзі көп екен,
Жылқының бергі шетінде
Бір құла бие бар екен,
Құлындай алмай тұр екен.
Ішіндегі құлынын
Берер ме екен сол маған
Атекем менен енекем?
—Құртқадайын алғаным,
Әуре болып сұрама,
Ашуланып, шамданар
Қыдырбайдай шалдарың.
Соны айтып болғансын,
Қобыланды шауып жөнелді.
Үйіне шауып барады,
Қыдырбайдай қартына
«Келінің келе жатыр»,—деп,
Барып хабар салады.
Қобыландыдай батырдың
Қансұлудай егізі
«Жеңгең келе жатыр» деген соң,
Кермаралдай керіліп,
Бұралып белі үзіліп,
Ішкен асы шіркіннің
Тамағынан көрініп,
Бір басуға ерініп,
Пар ат жегіп арбаға,
Жеңгесінің алдынан
Қансұлу шықты желігіп.
Жеңгесін келіп көреді,
Қансұлуды көргенсін,
Құртқа сөйлей береді:
—Айналайын, бикешжан,
Неге келдің жүгіріп,
Не берейін суырып?
Бикешжан, енді қайтыңыз,
Әкең менен шешеңе
Барып сәлем айтыңыз.
Көп жылқының шетінде,
Бер жағының бетінде
Бір құла бие жүр екен,
Құлындай алмай тұр екен.
Ішіндегі құлынын
Берер ме екен, айтыңыз,
Атекем менен енекем?
Қансұлу сонсын қайтады,
Құртқаның айтқан сәлемін
Атасына айтады:
—Барып едік жеңгеме,
Сөз айтпады өңгеге.
Бар, қайт,—деді,—қайт,—деді,
Сізге сәлем айт,—деді.
Көп жылқының шетінде,
Құла айғырдың үйірінде
Құла қулық бар екен,
Құлындарға тұр екен,
Құлындай алмай жүр екен.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз