Қобыланды батыр туралы (16-бөлім)
Қобыланды · Е.Ешімов нұсқасы · 2 мин оқу
Өкім-өкім шаршады,
Ер Тоқтардың баласы.
Ақырған даусы шыққанда,
Жаңғырды шаһардың қаласы.
Дәл қырық төрт жасында,
Отыз бес бөрі қасында.
Мұсылманның даусына,
Шыдай алмай ентелеп,
Мұсаның ұлы ер Орақ
Жетті келіп қасына.
Кеншімбайдан қорғауға,
Жолбарыстай қабақпен,
Алты құлаш ала атпен,
Сомдап құйған сауытпен,
Жеткен екен сұр Құлтай—
Ер Мансұрдың баласы.
Қыран көзін талдырмай,
Қобыланға сүңгі салдырмай,
Жанындағы жарағы,
Қараман найза салады.
Оң жағынан мегзеді,
Аударып алып Матқаны,
Қақ жүректен көздеді.
Қараманның найзасы,
Сұр Құлтайға ендеді.
Сөйлеуге тілі келмеді,
«Илалаһа мәлүк» деп,
Сұр Құлтай аттан көлбеді.
Кеншімбайды аударып,
Тастады аттан Қобыланды.
Шапыр-шұпыр, шарт та шұрт,
Шәрінің іші қорғанда,
Тізесін басып қос батыр,
Бетіне жауды қаратпай,
Қатар қағып қанатын,
Оңнан орап қобыланды,
Қараман батыр жол салды.
Ақырғанда арыстан,
Айдын көзі тұтылды.
Күңіренгенде күрсініп,
Күннің көзі тұтылды.
Екеуі тізе қосқасын
Қызылбасты жыпырды.
Торалбай менен қызыл көк,
Терлегесін құтырды.
Қобыланды менен Қараман,
Бейнесі дию сықылды.
Өкім-өкім өктеді,
Кәуірді шөптей сыпырды.
Қырық батырды құраған,
Құдайдан дұшпан сұраған,
Қызыл ер қашты қаладан.
Ағанасты шанышты,
Қабақта жетіп Қараман.
Ту ұстаған ер Орақ,
Жіберді отыз аламан.
Қараны көзі көргесін,
Бұлт айналып басына,
Шыққан он үш жасына.
Қобыланды білек сыбанды,
Тоқтарбайлаған ұранға,
Мұсылман халқы қуанды.
Жеделдес тартқан зереңнен,
Оң-солды білмей жөнелген.
Қашқан қалмақты асырды,
Шақпақты деген кезеңнен.
Қобыланды менен Қараман,
Қайта шапты қалаға.
Тоғанас, Тортай, Махмұд,
Араласты жәна да.
Тоғанасты шанышты,
Қобыланды келіп шамаға.
Тортай менен Қараман,
Айқасып қалды жәна да.
Манғол деген ұлы ұран,
Кірісті Орақ дана да.
Ерсіл-барсыл көк дөне,
Тау жаңғырып әлдене.
Сарт-сұрт еткен көк сүңгір,
Кәуірден басқаны ілмейді.
Қияқты найза, қиғаш оқ,
Көзге ілгенді түйрейді.
Туырлығын тоқым қып,
Шытырасын отын қып,
Қос батыр шаңдақта ойнайды.
Көрейік деп қайратын,
Ызаланды, долданды.
Қызыл ердің тегі еді,
Көбікті батыр келеді.
Өзі Алшынның баласы,
Бұл қалмақтың данасы.
Қанды Орақ пенен кез келді,
Көбікті елдің ағасы.
Бал тамызған қанаттан,
Ашуланса қаратқан.
Таймады Орақ жауынгер,
Халық мақтаған қалмақтан.
Екеуі найза салысты,
Ер қапталдан қақырап,
Жайдақ атта қалысты.
Қақырғанда қан кетіп,
Көбіктіні Орақ аударды.
Дәл жиырма бір жасында,
Ақ моншақ ат астында,
Қанды Ораққа желкеден
Келе найза салады.
Көбіктінің баласы,
Бершінбай жастың талабы.
Ағасына тигізбей,
Тәсілі көп Қараман
Найзаны топтап қағады.
Қараман менен Бершінбай,
Салысып сүңгі қалады.
Бөріктей-ақ көтеріп,
Қараманды аттан алады.
Елден шыққан жолдасы
Әм жылдасы, құрдасы.
Шыдай алмай жолбарысы,
Сарт еткізді серіпті.
Қоблекең салған көк найза,
Бершінбайға ендеді.
Қараманды босатып,
Меңгеруге әлі келмеді.
Қайтадан атқа мінгесін,
Кеңіді ердің демдері.
Қалмақтан амал ашылды,
Айласын ептеп асырды.
Нысана қолға тисін деп,
Қаласа көңіл сүйсін деп,
Сұлу Құртқаны асырды.
Құртқаның біліп кеткенін,
Қараман сонда сөйледі:
—Ау, Қобыланды ер, бағланым,
Не істейміз қалмақ шаңдағын?!
Қызыл ерге қыз кетті,
Қинайтын ер ғой тарланың.