Қобыланды батыр туралы (17-бөлім)
Қобыланды · Е.Ешімов нұсқасы · 3 мин оқу
Жол қоршаған көп кәпір,
Екеуі бет алады,
Екі жерден жарады.
Кәуір қалың төтелеп,
Екеуі жортып барады.
Оңды-солды ақ сүңгі
Ұмтылғанын ұрады.
Көзге түскен кәпірді
Жер тезектей қырады.
Кедергі болмай бұларға,
Шәріден аман шығады.
Найза салмай қолынан,
Құртқаның салды соңынан.
Көз тартқанның нұры екен,
Қыз Құртқаны сүюге
Шын құмар ердің бірі екен.
Қыз құлаған еңкеуде,
Қызыл ер де тұр екен.
Қырық құлаш Қызыл ер,
Қолы, жолы ұзын ер
Қобыландыға сөйледі:
—Қалмағандай соңымнан
Қан тартып жүрген ермісің.
Ақылың мол да, антың жоқ,
Сорлы ноғай сенбісің.
Маған күнің жетпейді,
Басыңның қамын ет,—дейді.
Қоблекең жауап береді:
—Тетігім қымбат есерім,
Кім білсін тағдыр шешерін.
Дарақ үлкен, бал бұлақ,
Біледі қайдан кесерін.
Айтуға бәрі тілге оңай,
Қолыңа келген бір ноғай.
Менмендердің сағасын,
Бере қою бізге оңай.
Мылжыңдаспа бері кел,
Кезегіңді ала бер.
Жесір қуған жеделмін,
Ноғай менен қалмаққа,
Ауыры бар ма өнердің?!
Қорамсаққа қол салды,
Қызыл ер де долданды.
Қозы жауырын оқ алды,
Сұр жебе деген оқ салды.
Тобылғы меңді торымен,
Қоблекең қарсы дәл барды.
Қазықтау шағын қасына,
Қазынатай ердің қаңтарды.
Қақ жүректің басы деп,
Өлер жері осы деп,
Тар қолқаның тұсы деп,
Қызыл ер келіп бір тартты.
Тоғыз қабат тор жебе,
Алтауынан өтеді,
Оғы қайтып кетеді.
«Енді кезек менде деп,
Ер болсаң өкім денде» деп,
Қобыланды батыр бір тартты.
Кірістен оғы өтеді,
Кідірмей шығып кетеді.
Қарсы келген қабақты,
Қағып кетіп барады.
Оқ тоқтаған жерінде,
Қызыл ер аттан құлады.
Ердің басы керек деп,
Қылышпенен салады.
Қызға керек батырдың,
Қараман басын алады.
Қақпаның аузын қандатты,
Көп қалмақты зарлатты.
Бидайықтай ер Орақ
Әр жерде әркім даулатты.
Келінбет қызы Кенішті,
Қараманға байлапты.
Бір Құртқаның кесірі
Жерді қанмен майлатты.
Отыз бір күн соғысып,
Қоблекең алды байрақты.
Шақыртып алып сый берді,
Қанды Орақтай аруақты.
Кетпейін деп бос тастап,
Еңсеп тіккен шаңырақты.
Ойнын қылып отыз күн,
Тойын қылып қырық күн.
Анасынан бата алды,
Қинайын деп асылды.
Тоқсан нарға арттырды,
Тоғанақтаған шатырды.
Көшіп тартқан Қараман,
Шаған тауға асылды.
Ордалық отыз ерімен,
Жас аралдай бөрімен,
Қазтай, Қамбар серімен,
Шығарып Орақ салады.
Қош айтысып қолдасып,
Жөндеріне тарады.
Қараспан жолы қайсы деп,
Жолбарыс елге қарады.
Кек алған соң қалмақтан,
Қобыланды менен Қараман
Іздеді ата-ананы.
Төгілген жерге шеңгелдеп,
Серпісе уыс толады.
Он алты күн бір жүріп,
Бейсенбі күні бесінде,
Қараман топтан озады.
Күзгі шөп көнер қырауға,
Тұлпар шыдар ұлауға,
Енді он төрт күн қалып тұр,
Қараспан тауға құлауға.
Қараман озды елінен,
Қуантып шүйінші сұрауға.
Тыңдаңдар мәжіліске салып құлақ,
Қараман қауышты елге шүйінші сұрап.
Іздесе, мезгіл бар ма табылғандай,
Жүрегі аз қыпшақтың жарылғандай.
«Иә, Құдай, қайырымен бере көр!» деп,
Үй тігіп, тойлық малын жатыр қамдай.
Бұл жерде досан да көп, жекжат та көп,
Қоблекең қараспанға асты егін,
Көрсетіп Құртқа қайтты жүрген жерін.
Көп жылқы көп алалы аралатты,
Құртқаға сонда Қобылан жауап айтты:
—Кәуірден пенде болдың мұсылманға,
Кетпеді оғым жаудан ұсынғанда.
Ажырың сенің берген естен кетпес,
Тығылдың Қызыл ерге қысылғанда.
Басыма құдай берген менің бағым,
Болғасын атың әйел аңдамадың.
Мінекей, көзіңді сал аның сыршы,
Деуші еді мынау менің жылқыларым.
Қолыма түстің торға күнәңді ақта,
Кеңнен ал тынысыңды, тәртіп сақта,
Осындай ат туғандай бие бар ма?
Қыз Құртқа бір күрсініп демін алды,
Алаңдап көп жылқыға көзін салды.
Астыңдағы атыңның анасы деп,
Қол.... айтып көрсетті боз байталды.
Осыдан бір қымбатты ат туады деп,
Осыны өзім бақсам қолдан емдеп,
Ат қылып тақымыңа берсем жөндеп,
Атқарар бір ғасырды ат болады,
Үш қилы үш мерзіммен бақ қонады.
Ерітіп екі ұл перзент баулығанша,
Алдағыны алда білед шақ болады.
Осымен қауышады елге толық,
Жабырлап қабыл алды у-шу болып.
Келін келді кемпір-шал қалы басты,
Келіншекке кемерден шашу шашты.