Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр туралы (23-бөлім)

Қобыланды · Е.Ешімов нұсқасы · 3 мин оқу

Қобыланды ер сонда сөйлейді:
—Мінген атың құла ғой,
Білгенің болса қыла ғой.
Қолыңа келді бір бала,
Құмарыңнан шыға ғой.
Өзі болған жігіттің,
Жетесін сұрап не етесің?!
Меніменен сөйлессең,
Тез дүниеден өтесің.
Ат беруге келіп пе ем,
Сен секілді жынысқа.
Көрінгенге ат бер деп,
Ойлашы өзің дұрыс па?
Әлің жетсе, аласың,
Айтайын сөздің сарасын,
Жетпесе әлің, қаласың,
Асылы қалмақ тексермес,
Ноғайлының баласын.
Мені бала десең де,
Сыбағаңды аласың.
Басы ойын болса да,
Аяғы шайтан жабысты.
Қоблекең менен ер Қазан,
Екеуі жақын барысты.

Құр жақынменен тұрмады,
Аямай найза салысты.
Қарағай найза ендірді,
Ырғасып батыр қалысты,
Екеуді іздеген
Қашаннан қанға құмар-ды.
Бір-бірінің сыртынан,
Найзаны сүйем шығарды.
Қақырғанда қан кетті,
Түкіргенде жын кетті.
Итерісті, тұрысты,
Ит арқасы құрысты.
Қақырғанда қан татып,
Түкіргенде жын татып,
Ерлерінің артына,
Алма-кезек міністі.
Қазан сынды батырды
Қобыланды ер аттан аударды.
Суырып алды жан шықты,
Егескен ерде арман жоқ,
Аузына тықты балшықты.
Үрерге итін қоймайды,
Сығарға битін қоймайды,
Бурыл балқып ойнайды.
Туырлығын тоқым қып,
Керегесін отын ғып,
Қазанның алды қаласын,
Қараманнан хабар жоқ.
Қоблекең осыменен жатып алды,
Өтірік басқа, шын басқа,
Қарайлады құрдасқа,
Есіл дерті туған жер,
Кейінде қалып туған ел.
Егескен жауды мұқатқан,
Досты күткен Қобыланды ер,
Бір дауыс тиді ердің құлағына.
Айналмас сұм дүниенің тұрағына,
Қобыланның ызың тиді құлағына.
Сағынтып әрең көрген құрдасының
Ұқсайды құлағына құрдасының.
Қоблекең бұл қалай деп ойға қалды,
Құбылтып бурылды ойнақтатып жетіп барды.
Жігітке сасқанда ақыл табылмайды,
Қараман сонда сөйлейді:
—Балташ тастан өтпейді,
Жақсылық естен кетпейді.
Жылы бірге жылдасым,
Заманы бірге құрдасым.
Бізді көрген дұшпан жоқ,
Ерліктен ешкім қысқан жоқ.
Жан кеудеге аманат,
Бас қостық сағи саламат.
Сен дана болдың ақылға,
Ортақ едік қатынға.
Атымда дәрмен жоқ екен,
Бір мархабат ет дейді.
Шылбырды беріп Қоблекең,
Шығарып алды ақ ордан,
—Атаң бір де, анаң бір,
Екеумізде бір-ақ жыл.
Сырлас болып төктік нұр,
Қалмақтың екен данасы,
Қазанның екен қаласы.
Талабыңды ал да, ырза бол,
Қияттың асыл баласы.
Қараман сонда сөйлейді:
—Ау, Қобыланды ер,—дейді,
Менің нем сенен кем?—дейді.
Екі қалам ұстаған,
Еркегін өзің көресің.
Ессіз қалған қаланы,
Сауғаға маған беріпсің.
Мені кім сенен кем дейді,
Екеумізді ел қорғап,
Жорыққа шыққан ер,—дейді.
Жеделсіз жесір қатындай,
Иесіз қалған қалаңды,
Менің де алғым келмейді.
Ерлігімді есіңе ал,
Талапты ерге несі бар.
Көбікті деген батырды,
Маған да тауып бер,—дейді.

Кең пейілді таң айыр,
Бұған дағы болмады.
Кейінгі қол келсін деп,
Ат шалдырып орнады.
Келгесін қият қалың қол,
Батырлар тағы алды жол.
Есіктің алды ат тақыр,
Аймақтан шыққан қос батыр.
Екі мезгіл жер алды,
Шабданда жатқан көп жылқы,
Қара құрттай қайнаған.
Найзағайдың отындай
Тай мен құлын ойнаған.
Көз әйнектей көк ала,
Айдап жөнге салады.
Жау екенін білгесін
Шекесінен қарады.
Омыртқасы отаудай,
Қабыртқасы қалқандай,
Құйрығын сыртқа салады.
Көбікті мінген көк тарлан,
Суырылып шығып барады.
Жалғаса қуған қос батыр
Қарасын көрмей қалады.
Бүгін келген дұшпан жоқ,
Екі батыр қарады.
—Сен де алып едің бір ерді,
Маған бер,—деп—бұл ерді.
Қобыландыдай батырға
Қараман қолқа салады.
Кеуліне мәлел келер деп,
Маңдайынан көрер деп,
Терең сайдың төрінде
Тайбурыл атты қаңтарып,
Қоблекең ұйықтап қалады.
Кешегі кеткен көк тарлан
Сәскеде қалаға шауып барады.
Жау тиді деп малыма,
Ортақпын деп қанына.
Ақ сауыты жарқырап,
Тау суындай сарқырап,
Он екі батпан тас шоқпар
Тақымына салады.
Шабысы күндей күркіреп,
Тарланның тері сіркіреп,
Көбікті айқай салады:
—Жусап жатқан жылқының
Жусауын бұзған кім?—дейді.
Жайылып жатқан жылқының,
Жайылымын бұзған кім?—дейді.
Түлекте жатқан бөріге
Түлен түртіп қандай жан
Ажал айдап жүр?—дейді.

Тағы оқыңыз