Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр туралы (13-бөлім)

Қобыланды · Е.Ешімов нұсқасы · 2 мин оқу

Анасы Аналықтың мойнына бұршақ салынған. Анасы келіп толғайды:

—Жалғыз едім сыңар тал,
Хан қызы едім құйған бал.
Арғымақ атқа бітер жал,
Ердің көркі болар мал.
Жалғызым, сөзге құлақ сал,
Өзіңнің қараң болмаса,
Әкең маған не қардар.
Нағашыңа апарып,
Алты жаста еттім көп амал.
Топ жарғанның тұқымы,
Тақымыңда тор тұлпар.
Ғашықтықпен айырды,
Он үшінде сүйген жар.
Тар құрсақты кеңіткен,
Тас емшекті егілткен,
Тал бесікті таянтқан,
Тәтті ұйқыдан оятқан
Жалғызыма не тең бар.
Қайырлы болып сапарың,
Егескен жаудан кегіңді ал.
Қолыңа тиіп қауышып,
Кеулің бітсін сүйген жар.
Жасын жасап әкеңнің,
Шаңырағымда өзің қал.
Немеремді сүйгізіп,
Мен ғаріптің көңлін ал.
Әйелдің пірі Бибібатпа,
Тапсырдым Сәруар өзі оңдар.
(Бұл анасының батасы еді)

Сүмбіден атты жаратқан,
Шекесінен қаратқан.
Заһарын қардай боратқан,
Асынып қару болаттан.
Жау іздеген Қоблекең,
Сәрсенбі күні сәскеде
Қоштасып шықты ауылдан.

Ендігі сөз Қобыланды мен Қараманның жолға шығуынан

Қобыландының Қараманға толғауы:

—Сайынның ұлы сейілім,
Жауға қалай зейілің.
Төсекке ортақ төремсің,
Еркек туған немемсің.
Кете берсем өз басым,
Бір құдай деп жолдасым.
Қызғаныштық қылдың деп,
Күндердің күні болғанда,
Көңліме.... берерсің.
Аз ғана қыпшақ елім бар,
Қараспандай жерім бар.
Мұсылман аттың төбелі,
Кәпір аттың түгіндей,
Жеңермін деген кеуіл бар.
Өмірдің көркі сұлу жар,
Ортақпын десең бірге бар.
Тас түскенде талайдан,
Тез жауап бер миясар.
Қиятың қалың елің көп,
Менде астамдық жерім жоқ.
Жаппар ие қолдаса,
Дұшпанға берер кегім жоқ.
Өзім жалғыз, аң жалғыз,
Құдайдан басқа сенім жоқ.
Жүрмесең жолды қалдырма,
Өз талантым алдымда,
Жауап болса, жүремін.

Жауап Қараманнан:

—Жалғыз еркек сен емес,
Ерлігім сенен кем емес.
Жау дененің құрышы,
Қият та осал ел емес,
Қалуым менің жөн емес.
Өзекті жанға бір өлім,
Ердің көркі төбелес.
Жүремін батыр өзіңмен,
Әуелі пәрмен тегімнен.
Атыңа сай атым бар,
Басыңа сай басым бар,
Қанша әскер миясар.
Маған әскер не керек,
Жеке туған мен үйрек.
Еремін десең өзің шық,
Аққа мойным ұсынған.
Кәпірден аз екенін
Білдірді мына мұсылман.
Атасынан бата алып,
Қапталға ерді Қараман.
Есіктің алды ай татыр,
Талапқа шықты қос батыр.
Қанатын қақпай қос сұңқар,
Жерді жинап қос тұлпар.
Жолға шықты жорыққа,
Келе берсін енді ер,
Қызылбаста қалың ел.
Сөз бастайық мұндағы,
Игіліктің ісінен,
Ендігі кеңес жағдайы
Қыз Құртқаның түсінен.

Қыз Құртқа тәтті ұйқыда көріпті түс,
Түсінде таңғажайып білінген іс.
Ысқырып бір айдаһар кәрін шашып,
Шүйлікті бір ақ иық ұшырасып.
Сол кезде ел ұстаған қызыл ерді,
Қақтырмай қанатымен қалды басып.
Ойбайлап төсегінен қыз оянды,
Анасы «не болды» деп жетіп барды.
—Ау, ана, бір түс көрдім, келді жылан,
Көзімді аштырмады басқан тұман.
Бір бүркіт көктен келіп шүйліккенде,
Кез болды жан қалмайтын зәрлі мұнан.
Кәпірден у-шу болып, жер күңіренген,
Білімді тамашалы үлкен ұран.
Шаңдағын бұрқыратқан түсті маған,
Қызыл ер қанатында шықпай қалған.
Бұл түсті адамға айтып керегі жоқ,
Жорып көр неғыл десең, қымбатты анам.

Тағы оқыңыз