Қобыланды батыр туралы (27-бөлім)
Қобыланды · Е.Ешімов нұсқасы · 2 мин оқу
Сол мезгілде таң атып, күн көтеріліп қалған екен. Менің мынау құдығым еді, басында науам бар еді, Шапқыншы алып кеткен дейсің бе? Мен соған барып қайтайын деді. Құдықтың басында көп қауға тұрғанын Қобыландының көзі көрді. Науаның шетіне Құртқа Қобыландыға былай деп жазып кеткен екен:
«Бурылың танып келгенде, ерім, осы құдықтың басында бір суғарыңыз. Бізді алған Алшағыр деген қалмақ депті, үш жерге қурай шанышқанмын, сол жерлерге көз салыңыз» депті. Біреуіне ақ, екеуіне көк, үшеуіне сары жіп байлап қурай шанышқан екен. Ақ жіпті қурайдың түбінде аттың жемі бар екен, сары жіпті қурай түбінде бурылдың екі тартпасы, терлігі бар екен. Көк қурайдың түбінде сапталмаған найзасымен сары жез қамшысы бар екен.
Қайтып келіп, осыларды Қарлыға қызға баяндады. Көбікті батырмен алысқанда Бурылдың тартпасы үзілген еді. Бір жаман бөстек көзіне түсті. Мұны аударса әкесінің балғасы, төсі, атауызы бар екен, бауырым жалғыз қызбен екеуміздің халіміз жайдақ атқа мініп барамыз. Сізге қауыштырып алса, ахха арман ие..деген орамалды қолына алып, Қобыландының Қарлығаға қарап толғаған бір-екі ауыз өлеңі мынау:
—Артық-артық дегенім,
Міне, сұлу басқадан.
Өзіне күн туғанда,
Байды ойлар ма басқа адам.
Бұдан әйел өтер ме,
Жау алғанда саспаған.
Кәйтіп кінә тағасыз,
Көзің көрді арман жоқ,
Алты белгі тастаған,—деді.
Сонымен ат суарып жорыққа шығады. Таң алдындағы Құртқаның көрген түсі:
—Ақ сүт берген әжеке,
Жанды менің шырағым,
Тасты менің бұлағым.
Қазығынан айнымай,
Келді теңбіл шұбарым.
Жұртқа келіп қолға алды,
Сұлтаным түгел құралым.
Құдығынан су ішті,
Құладін бурыл шырағым.
Желкеге шашын шарт түйген,
Көкшіл тарлан ат мінген.
Орта бойлы денелі,
Қара торы ақ маңдай,
Қасында бір қыз келеді.
Сау болса ертең сәскеде,
Жолбарысым көреді.
Анасының жоруы мынадай:
—Палуан қыз жөндеп ісіңді,
Бибі батпа түсіңді.
Жорысын балам Аллаһ бір,
Қондырса маған арман жоқ,
Қолыма тұйғын құсымды.
Келесі ертең таңменен
Шәріде кімнің барын білу үшін,
Қыз Құртқаның айласы,
Хан алдына бас иіп:
—Ау, Алшағыр, Алшағыр,
Тұтқындамыз біз қазір.
Жорға жүрген басым бар,
Он алтыда жасым бар,
Кіріптар болған басым бар,
Шапағат етсе іс жасап
Хан иесі асылдар.
Сенбесеңіз қарауыл
Беріңіз менің қасыма.
Таза ауа жұтып қайтайын,
Белдердің шығып басына.
Өмірімді қор қылмай,
Мен бауырды біртуа ал.
Көп кешікпей біреуміз,
Мен қаріпке сене сал.
Осыған хан сенеді,
Бір күң менен бір құлды
Қарауылға береді.
Елден ұзап шыққан соң,
Құл менен күң Құртқаның
Мәміле айтқан жері еді.
—Кім болады маған жар,
Кеуілімде арман бар.
Басым дара мен сорлы,
Сен екеуміз болдық пар.
Біреуіңнен біреуің
Жолға шықтың ақыңды ал.
Теңіне әркім тым тәтті,
Майсаға құл мен күң жатты.
Сұлу туған қыз Құртқа
Жабында менен жүгірді.
Иісін білген бурыл ат
Бір иісінен шыңғырды.
Даусын танып бурылды,
Омырауын айырып,
Құртқа да қарсы жүгірді.
Ана болған Құртқаның
Екі емшегін иіскеп,
Сонда Құртқа толғайды:
—Көріндің бе, жалғызым,
Алла оңдасын жолыңды.
Ханға тығар жау қалың,
Сілтей көр, батыр, қолыңды.
Ғайып ерен қолдасын,
Құдай ашсын жолыңды.