Қобыланды батыр туралы (12-бөлім)
Қобыланды · Е.Ешімов нұсқасы · 3 мин оқу
Жұмысым кәзір менің осы боп тұр,
Өмірді жазған шығар ақ шағалаң.
От жағып мал бағуға айналмаймын,
Осыған батаңды бер, қайран бабам.
—Ау, бала, ерте емес пе, аңда басың,
Ерер аз қапталыңа бауырласың.
Қазақта сендей бала топқа енген жоқ,
Тым, жаным, шикі емес пе еркін басың?
—Әй, баба, сыбаға жоқ жасқа өлшеген,
Құлпырса, қуанбай ма әрбір берен.
Өлшеуші уақыт жоқ жасқа деген,
Шикілік шірелікті ойлар болсам,
Мен сізге ұлан болып неге өнем.
Қалпалсыз қанішердің жиенімін,
Жауынгер нағашымыз түрікпеннен.
Әуелі бір жаратқан Аққа сенем,
Сайладым қару-жарақ сүйген денем.
Сонан соң Құдай бір де, Құраным шын,
Жігермен сүйегімде күшке сенем.
Атым сай нағашымнан алып келген,
Қала ма аруақты ерден өнген зердем.
Еліме құдайы қыл, батаңды бер,
Даңқты таулағыңнан тараса шер.
Иә өлсін, иә егескен жауды жеңсін,
Тағдырдың талантты ісін маңдайдан көр.
Тоқтарбай іркілмей-ақ көңіл қиды,
Атаулы ат жіберіп елді жиды.
Қамқа тон, қалы кілем нарды байлап,
Тіктірді бас бәйгіге жүз басты үйді.
Үш тоғыз басы мылтық ілінді кит,
Арналған ұлықтарға қойды сыйды.
Кім қожа, кімдер төре, кімдер дегдар,
Қалдырмай жасы үлкенді түгел жиды.
Ат шабар асыл күрес,
Желпінген жеңіл мүше түгел үлес.
Тоқтарбай ұл туған соң тойға құмар,
Сайынның өкпесінде ызасы бар.
Ел ептеп осы екеуін күрестірмек,
Ойлаған толы көптің ымласы бар.
Той табақ толы көпке сыйлық етті,
Ал енді ат шабысқа құрмет етті.
Жүйрікті маңдай түзеп айдағансын,
Көрікті тұрған көпке күрес жетті.
Ағайын аракідік қоңсы, көрші,
Қайсыңда жол-жоба бар нұсқап көрші.
Ошақтың ордалыққа ортағым бар,
Кәнекей бәйгі реттен нұсқау берші.
Тоқтарбай:
—Екеуміз ел егесін көрдік тегіс,
Аңдасаң, аспан жалпақ, жер де тегіс.
Балаңды палуанға әкел халық көрсін,
Аянбай екеуі де қатарға енсін.
Айласы қайратымен душар келсе,
Арналған көп бәйгісін ала берсін.
Екеуі шықты топқа қылып талап,
Жабырлап тұрады көп түгел қарап.
Алысты нар бурадай буырқанып,
Бұрынғы ойнап жүрген ойын екен,
Екеуі сілкілесті айдан анық.
Кез болды өкім-өкім сермеу алыс,
Аянбай сілкілесті қос жолбарыс,
Ұлы бесін болғанша ұлғайды алыс.
Бірін-бірі ала алмай арпалысып,
Өкім-өкім өктейді дем алысып.
Жығыса алмай танады қымбатты ер,
Бөліп алды бәйгіні жиналған ер.
Ойнаған жоқ батырлар анық-шыны,
Шын екенін көп халық білді мұны.
Осымен той тарасты қылды бата,
Ендігі жау іздемек қалған сапа.
—Ұланым, қолыңды жай, берем бата,
Көп бейнет қасіретті көрген атаң.
Мал мен жан туған жерден безген атаң,
Жарығым сүйтіп көрген сенсің балам.
Нұр жаусын қадамыңа қымбат қадам,
Не етсең атаңа деп, алдыңа деп,
Бұрынғы айтқан екен өткен бабам.
Дұшпан көп қара түнек аңдып жүрген,
Сабыр тұт санаңды ойла, сақтан балам.
Ал тапсырдым жалғызымды
Жеті кәміл піріме.
Сүрінген жерде сүйесін,
Адасқан жерде түзесін.
Желесін балам жебесін,
Қисайған жерде демесін.
Адасса, жолға сала көр,
Сүрінсе, сүйеп ала көр.
Қабырғаң бар қатпаған,
Талабың осы аттаған.
Маған берер өмірің,
Егескен жауды таптаған.
Тірлігің менен қолыңнан,
Жұлдызың туса оңыңнан,
Тағдырым жетсе, аттанам.
Қойды егіз көк қошқар
Сенің құрбан жолыңа.
Сиырда егіз көп бұқа,
Бұ да құрбан жолыңа.
Жылқыда егіз көк айғыр,
Қанатында Қамбар пір,
Бұ да құрбан жолыңа.
Әрендеп жанған жарығым,
Үйде қалған ата-анаң,
Бұ да сенің құрбаның.
Тауда болар тарғыл тас,
Тарықса, шығар көзден жас.
Тар қолтықтан тисе оқ,
Ерге керек ұялас.
Ұйтқысы жоқ бір қубас,
Халық сүйсе, құр қалмас,
Жаңғыздың жасы табылмас.
Аттанған ерге дұшпан көп,
Аяғыңды аңдап бас.
Тапсырдым ақтың қолына,
Жолдасыңды тауып жорт,
Жат елге шыққан жолыңа.
Көрінгенді дос көріп,
Ілікпе дұшпан торына.
Шаш тағы Түкті қолдасын,
Өзімнің бұлтым оңдасын,
Алла акбар жолбарысым.
(Бұл Тоқтарбайдың батасы еді)