Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды (1-бөлім)

Қобыланды · Көшелек нұсқасы · 4 мин оқу

Кешегі өткен заманда,
Он екі баулы ноғайда
Қыдырбай деген бай болған,
Ақшахан деген хан болған.
Байлығы асқан жан екен,
Малы жерге сыймаған.
Дұшманның тілін тыймаған,
Сол секілді жан екен.
Қыдырбайдың алғаны
Меңдісұлу жар екен.
Сексенге жасы келгенше,
Ұл менен қызға зар екен.
«Осыған қайғы салсам деп,
Осының малын алсам» деп,
Ақшахан деген ханының
Еліндегі билердің
Ойлаған ойы бар екен.
Бір күні билер ойлады,
Ұлы жиын-той қылып,
Ат шаптырды қалаға,
Ұзын жатқан салаға.
Онда бұйрық қылғаны:
«Ұлсыздарға орын жоқ,
Қызсыздарға қызық жоқ».
Жұрттың бәрі жиылды,
Осылай етіп бұйырды.
Ондай айтқан сөздерін
Қыдырбай тіпті алмады,
Сөзіне құлақ салмады.
Сексен нарға саба артып,
Қасында—Меңді алғаны,
Тойға кетіп барады.
«Осыған қайғы салам» деп,
Қылып жатқан тойы еді,
Ойлаған ойы сол еді.
Мұнараның басында
Отыр еді Ақшахан,
Келе жатқан Қыдырбай
Ақшахан сонда көреді.
Көрді дағы ақырды,
Тақылдақ дейтін елінде
Бір уәзірі бар еді,
Сол уәзірін шақырды.
Келе жатыр Қыдырбай,
Соған қайғы салам деп,
Істеген бұл бір той еді.
—Төбеңнен тіллә құяйын,
Сол Қыдырбайға бар,—деді,
Соған қайғы сал,—деді.
Тақылдақ сонда кетеді,
Қыдырбайға барады.
Тақылдақ бара сөйледі:
—Хан бұйырды, амал жоқ,
Бармайтұғын заман жоқ.
Осы тойды істеген
Ақшахан деген иесі бар.
Қыдырбай тақсыр, қайтыңыз,
Баласы жоқ кісінің
Осы тойда несі бар?
Ұлсыздарға орын жоқ,
Қызсыздарға қызық жоқ.
Барғанменен бұл тойға,
Қыдырбай, саған қайғы көп.
Сонда Қыдырбай сөйлейді,
Сөйлегенде не деді:
—Аспандағы Сары мекен,
Жалғыз адам зар ма екен?
Осынша қайғы салғандай,
Менде өшті-кегі бар ма екен?
Мен бұл тойға барайын,
Қалаларын қан қылып,
Қақпаларын сындырып,
Көңілдерін тындырып,
Тойын қызық қылайын.
Осынша қорлық берген соң,
Бармай неғып шыдайын?!
Осылай етіп ақырды,
Қабағынан қар жауып.
Сабадағы қымызды
Алмаспенен кеседі.
Қыдырбайдай қартыңа
Сонша қайғы түседі.
Сонда Меңді сөйледі:
—Қыдырбайдай байымыз,
Жасы жеткен қарымыз,
Осының тілін алыңыз.
Көп жинаған малыңды
Садақа қылып шашалық,
Бұл жерде тұрмай, қашалық.
Дүние деген дөңгелек,
Жинағанмен құр малдан
Баласыз жерде не керек?!
Бермес пе екен тілегім?
Қашаннан да, Қыдырбай,
Асыл еді сүйегің.
Кел, Қыдырбай, қайталық,
Садақаны Құдайға
Мал сойып тұрып аталық.
Осыдан үйге барғансын,
Қолыма таяқ алармын.
Естігенсін қайғыны,
Далаға кетіп қалармын.
Шыныменен тілермін.
Тілегімді бермесе,
Көзімнің жасын көрмесе,
Қаңғып жүріп өлермін.
Сонда тұрып Қыдырбай
Меңдінің тілін алады.
Далада тұрған Қыдырбай
Үйіне қайтып барады.
Бірталай малды сояды,
Ұл менен қыздың жоғынан.
Ғаріп бенен ғасірді,
Соқыр, міскін, нашарды
Толып жатқан жияды,
Жиылған бәрі тояды.
Бір баланың жоғынан
Он күнге дейін той қылып,
Бірталай малды сояды.
Он күннен соң жиылған
Жұрттың бәрі кетеді.
Меңдісұлу аяңдап,
Қыдырбайға жетеді:
—Қыдырбайдай еріміз,
Бізге ұлықсат беріңіз,
Қыдырбай сонда сөйледі:
—Меңдідей сұлу әйелім,
Көп еді сенің ақылың,
Ұлықсат берсін кәріңіз.

Барамын десең, барыңыз,
Бір Құдайға аманат
Кеудеде шыбын жаныңыз.
Меңдідей сұлуың
Ұлықсатын алады,
Далаға кетіп барады.
Шыға Меңді жүгірді,
Маңдайдан тері шұбырды,
Шыбындай жаны қыдырды.
Жеті күндей жүргенсін,
Сонда бір келді молаға,
Зар болып жүрген ақ Меңді
Бір көретін балаға.
Моласының басында
Сол моланың басына
Меңді келіп жатады.
Шаршап келген ол байғұс
Көп ұйқыға батады.
Ақ шалмасы басында,
Ұйықтап жатқан күнінде,
Асатаяқ қолында,
Өзі Хақтың жолында,
Көкшыбықтай бабасы
Жетіп келіп қасына,
Бабасы сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Мұнша неге зарықтың?
Құдай айдап кез болып,
Біз секілді бабаңа
Бүгін келіп жолықтың.
Қолыңды жай, шырағым,
Саған бір бала берейін,
Көзіңнің жасын көрейін.
Саған берген балама
Шапса қылыш өтпесін,
Атса мылтық өтпесін,
Алладан бұйрық болмаса,
Жалғаншының жүзінде
Адамның әлі жетпесін.
Меңдідейін сұлуға
Бір тұтамдай бір шыбық
Қолына сонда береді.
Меңдідейін сұлудың
Көзінің жасын көреді.
Ұйқыдан тұрып ақ Меңді,
Батасын қылып молаға,
Қайта жүгіріп келеді
Өзінің шаһар қалаға.
Үйге келіп ақ Меңді:
—Қыдырбайдай байымыз,
Мен далаға бармасам,
Кетіп еді жайымыз.
Қыдырбайдай ер,—деді,
Болды, білем, тілегің,
Сүйіншімді бер,—деді.
Сонда Қыдырбай тұрып сөйледі:
—Сүйіншіге берейін
Толып жатқан малымды.
Аямайын, берейін
Кеудедегі шыбын жанымды.
Үстіңе қатын алмайын,
Асылда қамшы салмайын.
Құдай қосқан жұбайым,
Тілекті берген Құдайым,
Тіпті қарсы бармайын.
Бәйбішесі келгенсін,
Тілегін Алла бергенсін,
Ертең халқын жияды.
Ұлы жиын-той қылып,
Садақасын береді.
Тоғыз ай да, тоғыз күн біткен соң,
Тілеп жүрген баласы
Екеу болып дүниеге келеді.
Біреуі—ұл да, біреуі—қыз,
Ертең тұра той қылды.
Алтын қабақ аттырып,
Жүйрік атын шаптырып,
Жеті күндей той қылып.
Таратқансын сол тойын,
Әмір қылды халқына:
—Баламның атын қой,—деді.
Халқы сонда ойланды,
Баланың атын қоя алмай,
Ойласа, ойға тоя алмай,
Халқы тарқап кетеді.
Халқы тарқап кеткен соң,
Ұлын алып Қыдырбай,
Қызын алып ақ Меңді,
Шыққан екен далаға.
Тарыққасын шынымен,
Сонда келіп кез болды
Баяғы тілегін берген бабаға.
Қыдырбай сонда сөйледі:
—Жел жағымда панамсың,
Көкіректегі санамсың,
Тарыққанда кез болған
Тым сүйікті бабамсың.
Сонда бабасы сөйлейді:
—Сенің бабаң мен едім,
Менің балам сен едің.
Баланың атын қоялмай,
Сен тарығып жатқансын,
Балаңның атын қоюға
Сенің үшін келемін.
Қолыңдағы балаңды
Көрсетші маған, көрейін.
Балаңның жүзін көргенсін,
Атын қойып берейін.
(Көрсетті, білем, сол күнде,
Қолындағы баласын.)
Балаңның атын айтайын,
Қобыланды деген ер болсын.
Атқа мініп жүргенде,
Біз секілді бабасы
Тарыққанда кез болсын.
Қызыңды көрсет, көрейін,
Оның да атын қойып берейін.
Сонда қызын жана көреді,
Атын айтып береді.
Қызыңның аты—Қансұлу,
Артық болсын ажары.
Оны көрген адамның
Көргенде түссін назары.
Қатар жүрген құрбыдан
Артық болсын базары.
Баланың атын қойғансын,
Әлгі тұрған бабасы
Ғайып болып кетеді.
Қыдырбайдай қартыңыз
Үйге таман жетеді.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз